• RUB:
    5.48
  • USD:
    474.09
  • EUR:
    514.01
Басты сайтқа өту
28 Шілде, 2010

Ресурс үнемдеуші технологиялар құрғақшылыққа қарсы тұра алады

795 рет
көрсетілді

Жуықта бірқатар республи­ка­лық және облыстық бұқаралық ақ­парат құралдарының өкілдері “ҚазАгро­Инновация” акционерлік қоғамының еншілес кәсіпорны А.И.Бараев атын­дағы Астық ша­руашылығы ғылыми-өндірістік ор­талығының ғалымдары­мен кездесті. Кездесуге “ҚазАгро­Инновация” АҚ президенті, ауыл ша­руашылығы ғылымдарының докторы Серік Кененбаев, ҰҒА академигі Мехлис Сүлейменов, Астық шаруа­шы­лығы ғылыми-өндірістік орталығының бас директоры Жексен­бай Қасқар­баев бастаған бір топ ғалымдар қатысты. Ақмола облысы Шортанды елді мекенінде орналасқан Астық ша­руа­шылығы ғылыми-өндірістік орталы­ғы­ның тәжірибелік егіс алқабында өткізілген кездесудің мақ­саты фермерлік шаруашылық­тар­дан бастап ірі компанияларға дейінгі барлық шаруашылық су­бъек­тілері деңгейінде дәнді дақыл­дардың өнімділігін арттыру үшін егін шаруашылығы жүйесінің мә­дениетін жоғарылату мәселелеріне және бұл шараның құрғақшылық жағдайда маңызы зор екендігін насихаттау ісіне арналды. Көпшілік алдында “ҚазАгро­Ин­новация” АҚ президенті Серік Кененбаев республикамыздағы ауыл шаруашылығы саласының ғы­лыми ұйымдары өндіріске енгізген ұтымды жобалардың бірі тамшы­ла­тып суару тәсілін насихаттаудың маңызын түсіндірді. Акционерлік қоғам құрылымында әлемдегі дамыған елдер тәжірибесінде тиім­ділігінің жоғары екені дәлелденген озық технологияларды біздің еліміздің жағдайына бейімдеумен айналысатын Технологияларды коммерциялау және трансферттеу орталығы құрылғанын мәлімдей келе, осы орталықтың қазіргі уақыттағы тыныс-тіршілігі жайлы әңгімелеп берді. Басқосуға қатысушы ғалымдар қазіргі қалыптасқан жағдайға және келешекке арналған болжамдарға тоқталып, тыңдаушыларға жан-жақты мағлұматтар берді. Олардың айтуын­ша, биылғы жылдың мау­сым айында ауа райының қалыпты нормадан ауытқып, құрғақшылық енуі, топы­рақтың құрғауы дәнді, майлы және дәнді-бұршақ дақыл­да­рынан өнім алу үшін қолайсыз бола тұрса да, тұрақты өнім алудың тәсілдерін дұрыс қолдана білген диқан келешекке зор сеніммен қа­рауына болады. Мысалы, 1989 жылдан бергі уақытта пар танабы енгізілмеген тәжірибе алқабында жайқалған арпа дақылы жақсы өнім беріп келеді. Сонымен қатар 1979 жыл­дан бастап осы әдіс арқылы өсі­рі­летін бидай да тұрақты өнім беруде. Солтүстік Қа­зақ­стан өңіріндегі егістік аумақтарын­да қазіргі уақыт­тың талабынан туын­даған ресурс үнемдеуші нөлдік және минимал­дық технологияларды өнді­ріс­ке ба­тыл енгізу мол өнімнің негізін қа­лап отыр. Осы технология бойын­ша жи­нап алынған бидайдың май­да­ла­нған сабағы мен түбіртегі ор­га­ни­калық қал­дықтар есебінде то­пырақта қалды­рылады. Осы жағдай топы­рақ­тың микробиологиялық белсенділігін арттырып, егістікті су және жел эрозиясынан берік сақтайды. “ҚазАгроИнновация” акцио­нер­лік қоғамына қарасты ғылыми-зерттеу ұйымдарының мәліметтері бойынша ресурс үнемдеуші техно­логиялар атмосфералық ылғалды тиімді пайдаланып, жанар-жағар­майдың шығынын 25-50 пайызға, еңбек шығынын 30-50 пайызға төмендетуге мүмкіндік береді, егіс­тік шараларды жүргізу уақытын қыс­қартады. Бұған қоса ресурс үнемдеуші технологиялар толық игерілген кезде 1 гектарға жұмсала­тын инвестиция­лық қаржы шы­ғы­ны жай техноло­гияларға қарағанда 25-40 пайызға азаяды. Ең бастысы, топырақ құнарлы­лығы жыртылатын қабаттағы орга­никалық қалдықтардың жи­на­луы мен гумустың минералдану қарқынының төмендеуі есебінен қалпына келеді. Кездесу барысында академик Мехлис Сүлейменов тыңдаушы­лар­ға “Диқан үшін ең маңызды мәселе не?” деген сұрақ қойды. “Әрине, мол өнім алу” деген жауапты есті­генде: “Бұл пікірді мәселеге толық жауап бере алмайтын біржақты пікір деп есептеймін, себебі, біз бүгін өзіміз мол өнім алуды ғана ойлап қоймай, жердің құнар­лы­лы­ғына нұқсан келтірместен оны келешек ұрпақта­рымызға аманат етіп тапсыру жөнінде де толғануға міндеттіміз” деді. Ауа райы шілде айында қолай­сыз болып, яғни жауын-шашын нормада­ғы деңгейден төмен болса да, егін ша­руашылығы мәдениеті айтарлық­тай жоғары болған жағдайда бидай мен асбұршақтан гектарына 10 цен­тнер­ге дейін, ал арпа мен сұлыдан 15 центнерге дейін өнім алуға болады деп болжануда. Қорыта келгенде айтарымыз, мол өнім алу үшін қолайсыз аса қатты құрғақшылық жағдайында егін шаруашылығының мәдениетін қа­лып­тастыру, ресурс үнемдеуші, яғни нөлдік және минималдық техноло­гияларды қолдану тұрақты өнім алуға толық мүмкіндік беретіндігі осы кездесу барысында жиналғандарға жан-жақты түсіндірілді және осы тәсілді ел көлемінде кеңінен тарату қажеттігі айтылды. Сұңғат ӘЛІПБАЙ.