• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
04 Сәуір, 2015

Бір ауылдан 114 адам аттанып еді

445 рет
көрсетілді

Ақмола облысының Астрахан ауданына қарайтын Өндіріс ауылы – бірыңғай қазақтардан тұратын елді мекен. Оның Мүлкіаман бөлімшесінде 4-5 эстон отбасы тұрды. Отанымызға түскен бүкіл ауыртпалыққа ортақ едік, қуаныштарды да бірге бөлісетінбіз. Немере, шөбере сүйген үлкендер де баршылық. Ел басынан не өтпеді? Үлкендеріміз көп озбырлықтың куәсі болды, бастарынан кешті. Соның бәрін қайыспай көтере білді. Ел тыныш, жұрт шат жұмыста еді. Сепкен тұқым тербеле өсіп, қазақтың дархан даласын жайқала құлпырта түскен шақ-тын. Пішен­шілер шабындыққа шығып, қыс­тық мал азығын әзірлеу үстінде болатын. «Колхозың алда болса, аузың балда болады», демекші, ел байлығы үшін күресіп жатқан жұрттың жанын түршіктіріп со­­ғыс басталып кеткені сол сәт­­те. Неміс фашизмі бастады оны. Бүкіл Еуропаны таптаған гитлершіл қанқұйлы сұрқия жау Отанымызға оғын боратты, бом­басын лақтырды, от тастады. Бүкіл батыс шекарамыз от ішінде қалды, мен ол кезде оннан асқан бала едім. Сонан былай балалық қалды. Ерте есейдік. Өгізбен жер жырттық, тұқым септік, пішен жинастық. Күздей астық алқабында жұмыс істедік. Лобогрейка астық орғышын сонда көрдік. Бастауыш сыныпта оқысақ та, сабақ 1 қазанда басталып жүрді. Себебі, жұмыс күші – адамдар жетіспейтін. Сол кездері бір ғана Өндірістен 114 адам майданға аттанған-ды. 4 жылғы сұрапылда 69 жерлесіміз майдан отының ішінде қалып, мәңгілікке көз жұмды. Майдан даласында өмір мен өлім бетпе-бет келді. Бұл – кейінгі ұрпақ айтып жүрерлік бабалар ерлігінің биік шыңы болды. Жамандық жақсылықты жеңбекке, қаскүнемдік әділеттікті күйретпекке бет бұрған-ды. Солай, талай боздақтар соның кесірінен көз жұмды-ау! Көкем Бұланбай әскерге алынғандағы оқиға көз алдымнан кетпейді. Колхозымыздың «полуторка» автомашинасы болатын. Оншақты адам шақырылған екен. Ел болып қоштасып, шығарып салған-ды. Қанды майданнан орал­ған­дардың көбі жарадар еді. Сол қалыптарына қарамай шабытпен еңбек етті, бізге ақылшы, басшы болды. Соғыста көзге түсіп орден, медальдармен наградталғандар, еңбекте де қайсарлықтарын танытты. Қабдырахман Әділбаев тіпті, Социалистік Еңбек Ері атағын иеленді. Қабдолла Әрсекеев Ленин орденімен мара­­пат­талды. Аяқтарынан айы­рыл­ған Айтқан Сәдуақасұлы, Өмір­жан Жанапияұлы еңбектің алдың­ғы сапында болды. Көзінен айырылған Сембай Шикіөкпенов ылғи да ауыр жұмыстардың басынан көріне білді. Қырық жыл қырғын болса да, Алла сақтап дегендей, Хамза Жанзақұлы әкей Сталинград түбінен Берлинге дейін жаяу, соғыс ортасында, бірде-бір рет жараланбай, елге аман оралды. Шәймерден Мадияров «полуторка» машинасымен Еділден сонау Шпрее өзеніне дейін жеткен, оқ, снаряд тасыған. От ортасында жүріп жараланбаған. Смоленск түбінде көкем Бұланбай оқ боратып тұрған неміс бекінісінің үнін өшіргені үшін «Ерлігі үшін» медалін алыпты. Екі жауынгермен немістің обер-лейтенантын «тіл» етіп әкелгені үшін Әмен Қатиев «Қызыл Жұлдыз» орденімен, ал Аманжол Әбішев бір көп «тіл» ұстағаны үшін II дәрежелі «Отан соғысы» орденімен, Есілбайдың Тәттісі «Отан соғысы» орденімен марапатталыпты. Майданнан оралғандармен түгел­ге дерлік сырласқан, сөйлес­кен жанмын. Соғыс кезінде май­дан­дағы ағайындармен хат жазысып, хабарласып та тұрған едім. Мы­салы, Қазбектің Аманжолы, Құсайынның Омарбегі, өз әкем­мен үшкіл хат арқылы аман­дықтарын біліп тұрдым. Соғыс кезіндегі көп оқиғалар есімде қалыпты. Ауылымызда Алдоңғар есімді молла болды. Баласы Зәйітті әс­кер­­ге жіберерде намазын шығар­­ғанын көрдік. Тіпті, бертінге дейін, көздері жұмылғанша, көп әжейлер бала­ларының елге аман оралуын күтті. Күлім әжей баласы Сағынайын тосты-ау. Ал Сәлима шешей үйелмелі-сүйелмелі Базарбай, Сәлім, Кәкім, Аманжол деген төрт баламен қалған-ды. Ері майданнан оралмады. Қазір сол төртеуі де ата болып, немере сүйді. Біз сол аға-әке ұрпақтың ерлігін мақтан тұтуға міндеттіміз. Яғни, ол – парызымыз. Қазір сонау майданнан оралғандардан тек біреу ғана қалды: ол – Жолдыбайдың Қазезі. Есімдері құрметтеуге тұ­рар­алық сол батырлардың дү­ние танымы, өмір ағысына деген көзқарасы, еңбексүйгіштігі, адамдармен күнделікті өмірдегі жақсы қатынасы кейінгі ұрпаққа, біздер үшін мақтан етерлік, үлгі тұрарлық дәрежеде жарқырап тұратынын ұмытпайық. Иә, ауылымыздан 114 боз­дақ аттанған еді. Соның көбі үйленбеген болатын. Олар «атаның баласы болмай, адамның баласы» екенін дәлелдеді. Сөйткен ерлер есімі ұмытылар ма?! «Қорлық өмірден ерлік өлімнің» артықшылығын үлгі тұтқан аяулыларымыз еді. Майданнан аман оралған Қара­жан Шабанбаев ағай батырлар жырын сазды мақаммен жырлайтын. Жетай Нарбаев ағай «Еңлік-Кебек», «Қалқаман-Мамыр» дас­тандарын төгілдіретін. Халық әндерін нақышына келтіріп орындайтын. Аманжол Қазбекұлы болса, орыс-қазақ әндерін, тіп­ті, немісше де төгілдіретін. Әу­бай Орманов әкей соғыста көрген­дерін экраннан өткізгендей етіп, тізбелеп айтып беретін. Шубай Өтеуұлы тірі тарихшы еді. Ол білмейтін шежіре-әңгіме болмайтын. Соғыс кезінде бізден 4-5 жас ересек Әубайдың Әбілқайыры, Қалидың Әміржаны, Сәлидің Өмірзағы, Мырзаштың Тәуекелі, Әбілданың Исағы, Қали-Сағындық, Нұрмағанбет Қаби сынды азаматтардың еткен еңбек­терін айтсаңшы. Ал аты атал­май қалған, жеңісті күнді жақын­дат­қан ағалар мен апа, қыз-келін­шектер қаншама! Бұл бір ғана ауылды қамтыған естелік. Мұндай елді мекендер қаншама десеңші. Тек, Алла амандық, абырой берсін! Төлеген БАҚТЫБАЕВ, зейнеткер. Ақмола облысы, Астрахан ауданы, Өндіріс ауылы.