Қазақстандағы сайлауларды байқау жөніндегі Республикалық қоғамдық комиссия облыстық филиалының таныстырылу рәсімінен кейін біз оның төрағасы Сергей Худяковты әңгімеге тартып, алдағы жұмыс жоспарлары жайлы сұраған едік. Ол былай деді:
– Біз сайлау үдерістеріне қоғамдық негізде атсалысатындығымызға қарамастан, үлкен жауапкершілік жүктеліп отырғанын жақсы түсінеміз. Өйткені, еліміздің әрі қарай дамуы, келешек тағдыры айқындалатын тарихи таңдау ешкімді бейжай қалдырмасы анық.
Ал комиссия жұмысына тоқталатын болсақ, оған жан-жақты әзірлікпен келіп отырмыз. Оның құрамына түрлі қоғамдық ұйым мүшелері енген. Шеттерінен тәжірибелі, мұның алдындағы сайлауларға қатысып, кәсіби жағынан әбден ысылған жандар деуге болады. Облыста құрылған сайлау учаскелеріне өкілдерімізді жіберуді ұйғарып отырмыз.
Бүгінде жергілікті сайлау учаскелерінде жұмыс істеуге ынта білдірген 700-ге жуық байқаушы мен ерікті дайындық курстарына жіберіліп, әдістемелік, тағы басқа қажетті құралдармен қамтамасыз етілуде.
Біз сайлауға қатысушы ретінде ғана емес, оған дейін жүргізілетін үдерістер ағымында заң талаптарының сақталуын, олқылықтарға жол бермеу, орын алса, дереу түзету мәселелеріне де араласатын боламыз. Өйткені, демократиялық қоғамда өмір сүргендіктен, барлық рәсімдердің қатаң сақталуы, талапқа сай жүргізілуі басты басымдық ретінде көрінуі тиіс.
Қазірдің өзінде сайлаушылар тарапынан сауалдар қойылуда. Олардың бірде-бір өтініш-тілектерін аяқасты қалдырмау мақсатымен штабта байланыс қызметін жандандырудың барлық мүмкіндіктері қарастырылған.
26 сәуір күні өтетін президенттік сайлау өзгелер сықылды байқаушылар қауымына да келелі міндеттер жүктеп отыр. Сын сағаттан мүдірмей өтуге қабілет-қарымымыз толық жетеді.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.