• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
13 Наурыз, 2015

Елу тоғыз мәслихат депутаты сайланады

388 рет
көрсетілді

«Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасы Конституциялық заңының 101-бабы 4-тармағына сәйкес осы жылғы 29 нау­рызда еліміздің 14 өңіріндегі 59 сайлау округінде мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау өтеді. Сайлауда барлығы 59 депутат – Астана қаласы мәслихатының бір депутаты, облыстық мәслихаттың 8 депутаты, қалалық мәслихаттың 10 депутаты және аудандық мәслихаттың 40 депутаты сайланады. Орталық сайлау комиссиясының хабарлауынша, сайлау науқаны барысында 196 кандидат ұсынылды, олардың 60-ын саяси партиялар ұсынды, 136-сы өзін өзі ұсынғандар. Қазіргі кезде мәслихаттар депутаттығына кандидаттарды тіркеу аяқталды. Барлығы 179 кандидат тіркелді. Олардың ішінде 128 ер адам және 51 әйел бар, 60 кандидат саяси партиялардың мүшелері болып табылады, 72-сі партия қатарында жоқ, тағы 47-сі өздерінің партияға тиесілілігін көрсетпеген. Тіркелген кандидаттардың арасында 9 ұлттың өкілі бар. Олардың орташа жасы – 42 жас, 152 кандидат жоғары білімді, 22 кандидаттың арнайы орта және 5 кандидат орта білімді. Кандидаттардың 55,3 пайызы мемлекеттік мекемелерде, ұйымдар мен кәсіпорындарда, 33,5 пайызы коммерциялық құрылымдарда жұмыс істейді. Ал 6,1 пайызы саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері, 5,1 пайызы басқа кәсіп түрлерімен айналысады. Қазіргі кезде күнтізбелік жоспарға сәйкес сайлау алдындағы үгіт кезеңі басталды, ол 27 наурызда сағат 24.00-де аяқталады. Сайлау болатын күннің алдындағы күні және дауыс беру күні сайлау алдындағы үгітке тыйым салынады. 14 наурыздан бастап учаскелік сайлау комиссияларының үй-жайларында азаматтар сайлаушылар тізімдерімен таныса алады, ондағы өздері туралы мәліметтерді тексеруі мүмкін және қателер жіберілген жағдайда түзетулер енгізуді талап етеді. Сайлау науқаны қажетті қаржылық және материалдық-техникалық ресурс­тармен қамтамасыз етілген және сайлау заңнамасының нормаларына қатаң түрде сәйкес жүргізіледі. Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ, «Егемен Қазақстан».