өскемендіктердің қала ішінде шаңғы тебуіне мүмкіндік сыйлады
Биыл Өскеменде қала ішінен шықпай-ақ қысқы спорт түрлерімен шұғылдануға жағдай жасалды. Қыс басында қаланы қақ жарып ағып жатқан ақ Ертістің сол жағалауындағы Комсомол аралында 1,5 шақырымдық шаңғы жолы пайдалануға берілді. Аталған алаңда 400 және 800 метрлік шаңғы жолдары жарықтандырылды.
– Бұрын қала сыртындағы шаңғы кешендеріне баратынбыз. Биыл Комсомол аралына келіп жүрміз. Қала ішіндегі шаңғы жолы уақытымызды үнемдеуге мүмкіндік берді. Оның үстіне трассаның орналасқан жері де тамаша. Шаңғымен өзеннің жағасын, орман ішін аралап, тынығып қаласыз, – деді шаңғымен сейілдеп жүрген қала тұрғыны Ирина Кузнецова.
Ал өскемендік Ләззат Компаева немересі Диастың биыл бірінші рет коньки тебе бастағанын жеткізді. Бастапқыда конькиді жалға алып жүрген ол таяуда жаңа коньки сатып алған екен.
– Халық мұз айдынына көп келеді. Тіпті, кей күндері конькидің босауын күтіп қалатынбыз. Әлбетте, қала сыртындағы тау шаңғысы курорттарына баруға қарапайым халықтың жағдайы мен уақыты келе бермейді. Сондықтан, балаларымыздың бос уақытын тиімді өткізуге тамаша жағдай жасаған қала басшылығына ризашылығымызды білдіреміз, – деді ол.
Өткен аптада С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан мемлекеттік университетінің ұйымдастыруымен «Қазақстан-2050: тарихи таңдау» акциясы да осында өтті. Акция барысында қала университеттерінің оқытушылары мен студенттері кезектен тыс Президент сайлауын қолдау мақсатында шаңғы жарысына қатысты.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтардың бұқаралық спорт түрлерімен шұғылдануына қажетті инфрақұрылым құру жөнінде тапсырма жүктеген болатын. «Алтай» стадионына құйылған мұз айдынына күніне 2 мыңға жуық халық келеді. Қала тұрғындарының спортқа құлшынысы күн санап артып келеді, – деді Өскемен қаласының әкімі Темірбек Қасымжанов.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.
Суретті түсірген
Есімхан Орынбаев.