Қазақстандағы жалғыз таулы-егерьлік ротада 50 ат бар
91678 әскери бөлімі арнайы мақсаттағы таулы-егерьлік ротасының әскери қызметшілеріне таулы жерлерде қызмет атқаруға, оқу-жаттығу тапсырмаларын орындауға аттар көмектеседі. Олар әскери техника өте алмайтын шатқалды таулы жерлерден жеке құрамды тасымалдайды.
Таулы-егерьлік ротаның әр әскери қызметшісіне бір аттан бекітілген. Алғашында жануарлармен нұсқаушы жұмыс істейді, одан соң ат даярлығы бойынша жаттығуларға тартылады.
Жақын арада осындай сабақ «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының «Теріс-Ащыбұлақ» полигонында өткізілді. Бұл жерде әр жауынгер өз атымен жеке және топ құрамында шартты қарсыластың шабуылына тойтарыс беру жөнінде маневр жасады.
Арнайы мақсаттағы таулы-егерьлік рота 2000 жылы құрылған және бүгінгі күні Қазақстанның Қарулы Күштерінде осы бағыттағы жалғыз рота болып табылады. Сонымен қатар, 91678 әскери бөлімде теңдеп арту-көліктік ротасы бар. Олар таулы-егерьлік ротаны қамтамасыз етумен, әскери жүктерді жеткізумен айналысады.
«Егемен-ақпарат».