• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
13 Наурыз, 2015

Әкеге хат

7005 рет
көрсетілді

(Сырласу) Көке, сіз білесіз бе, мен қазір өткен күндерге жиі көз жүгіртемін. Балалық шағымның әр бөлігі мен үшін ерекше естелікке толы. Қайта оралмас тәтті сәттерді, сағымға айналған сағынышты кездерді еске алып, оңашада ой құшағына бөленемін. Кейде өз-өзімнен күлімдеп, кейде үнсіздік әлеміне бет бұрып, мұңайып кетем... Тәубе, қазір арамызда асқар тау болып отырған өзіңіз барсыз. Көке, сіз – біздің биік шыңымызсыз. Біз сізге әлі де жас баладай еркелеп, ақыл-кеңес сұраймыз. Көке, мен алаңсыз асыр салып ойнаған балалығымды ғана емес, жаныма жақын жандарым – аяулы атам мен ардақты апамды (әжемді), анам Ләйләні сағынамын. Олар күні кеше біздің ортамызда болды ғой. Кеше ғана атам мен апам өсиетін айтып, басынан ақ жаулығын тастамайтын анам мейіріміне бөлеп жүрді емес пе бізді?! Мына жарық дүние мәңгілік мекен емес екен ғой. Баяны да, байлауы жоқ өмірдің қас-қағым сәтте өте шығатынын білмей қалыппыз. Енді, міне, олар біз көрмеген алыс сапарға аттанып кетті... Біле білсек, бақыт дегеніміз – байлық пен мансап емес. Бақыт деген – шаңырағыңдағы қазыналы қарттар мен былдырлаған тәтті үнді бүлдіршіндердің күлкісі екен. Көке, арамызда ақылшы болып қарайып отырған өзіңізді қаншалықты бақытты ете алдық?! Сіз бөлеген мейірім-шуағының титтей бөлігін біз өзіңізге жасай алдық па? Осы мені ойландырады. Көке, менің сағынышқа толы хатым өткен күннің белгісіне айналары хақ. Біздің әулеттің ұл-қыздары әркез бабалар салған ізді өшірмей, аналар жаққан шырақты сөндірмей, адалдықты ту ететініне сенімім мол. Өйткені біз сіздер берген тәлім-тәрбиені балаларымыз бен немерелерімізге үйретіп келеміз. Ертең олар да ұяда көргенін ұрпағына үйрететіні анық. Тек Жаратқан Ием пәле-жала, қауіп-қатер мен тіл-көзден сақтасын... Шыққан шақта сеңгіріне сексеннің, Өміріңнің өткелдерін өткердің. Мақтан етер, сеніміңді ақтап өтер Ұлағатты ұрпағыңа бек сенгін! Перзент жүгі 8-сыныпта оқып жүргенімде атам қатты ауырып, төсек тартып жатып қалды. Ауруханаға барардың алдында жастай өмірден өткен інісі Әбдіханның баласы Әбдіәлімді алдыртып: «Балам, енді жас емессің. Өмірдегі өз жолыңды дұрыс таңдай біл!» – деп өз әкесінің жинаған зейнетақысын аманаттап тапсырды. Одан соң жанына мені шақырып: «Әкімтай, келешекте кім боласың?», – деп сұрады. Мен күтпеген сауал. Көпке дейін үнсіз қалдым. Себебі, атам бұрын-соңды бұл сауалды маған қоймаған еді. Атам жауабымды күтіп тұрмын дегендей бетіме қарады. «Өзіңіз сияқты ұстаз болып, білімді шәкірттер тәрбиелеймін», – дедім. Осыны айтуым мұң екен, атам балаша мәз болып: «Әй, бәрекелді, өркенің өссін! Ниетің қабыл болсын, балам!», – деп батасын берді. Білмеймін, сол сәтте жүрегім жамандықты сезді ме екен, біртүрлі сыздай ауырды. Атам күлімдеп, арқамнан қаққанымен, менің жанарыма жас толды. Балаң жүрегім атамның қайтадан үйге оралмайтынын сездірсе керек... Көке, атамның қазасы отбасымыздың қабырғасын қайыстырып жіберді. Әсіресе, атамнан қалған жалғыз тұяқ сіздің еңсеңіз түсіп кетті. Алдыңызда арқасүйер ағаңыз, ізіңізден ерер ініңіз болмағандықтан, көке, көпке дейін күйзелісте жүрдіңіз. Екі қарындасыңыз ғана жаныңызға жанашырлық танытты. Олардың өзі тұрмыста болатын. Күлшәт әпке Келес ауданында тұрады. Ал Әлима әпке Алматыда еді. Көкемнің осы бір қайғысы маған да ауыр тиді. Көке, сізді өзімше жұбатқым-ақ келеді, бірақ, қолымнан келер дәнеңе жоқ. «Көке, ендігі сенің тірегің де, тілеушің де мен боламын. Өзімді дәлелдеймін. Атамның арманда кеткен істерін қалайда жалғастырамын», – деп сан мәрте айтқан шығармын. Бірақ оның бәрін ішімнен қайталадым. Атам дүниеден өтетін күннен бір күн бұрын сіз қырық жасқа толдыңыз. Оны ойлауға шамаңыз келмей, көз ілместен ауруханада атамның жанында болғаныңыз есімде. Берік қорғаныңыз, алып бәйтерегіңіз ертесіне құлап, жанына араша бола алмадыңыз... Содан бері әрбір жыл сайын туған күніңізді еске алғанда осы бір қайғылы күн көз алдыңызда көлбеп өтіп жататын шығар... Атамды ақ жуып, арулап жер қойнына тапсырғаннан кейін де үйге көңіл айтып келген кісілердің қатары көп болды. Қайғымызға ортақтасқандар саябырсығаннан соң апам екеуіңіз мені ортаға алып, атамның аманатын бердіңіздер. Бұл атамның ұрпағына қалдырған қалың екі дәптерден және бірнеше қойын кітапшалардан тұратын өнегелі өсиеті еді. «Е, балам, саған артылар жүк ауыр. Неге маған ауыр жүк артып жатыр деп сөкпе. Біле білсең, адам болып өмір сүрудің өзі – қаншама жүкті арқалауға тура келеді. Өмірдің жүгі – қап арқалағаннан ауыр. Тереңіне мән бер. Өмір көрген түстей өтіп кететінін ұмытпа. Осынау жазған дүниемді «Келешекке хат» деп атауымның себе­бін сонда ұғарсың». Атамның осы өсиеттерін әлі күнге дейін тебіреніспен еске аламын... Көке, атамның дүниеден өткеніне де, міне, 40 жылдың жүзі бопты. Мен аманатқа қиянат жасамай, атама берген уәдемнің жолында әлі күнге аянбай еңбек етіп келемін. Көзі тірісінде арман еткен «Ұрпаққа аманат» атты кітабын 90 жылдық мерейтойына орай жарыққа шығардым. Барынша сол парыз бен қарызға адал болдым деп өз арымның алдында еркін айта аламын. Көке, маған өмір бойы жеңгем болып кеткен, ғұмыр сыйлаған анам Ләйләның да қазасы ауыр тиді. Анамды еске алсам, әлі күнге жанарым жасқа толады. Ауылға бір барғанымда көзіне жас алып: «Үлкен бала (атаның баласы болғандықтан, ол мені осылай атайтын), саған ризамын. Қайда жүрсең де, абыройлы бол!», – деп жүрек сөзін айтып еді. Сөйтсем, осы жолы анам менімен қоштасыпты. Соңғы сөзді есту адамға қашанда ауыр тиеді екен... Ал апам (әжем) қатты қиналып, науқастанып, есі біресе кіріп, біресе шығып жатқан кезінде қасында болдым. Апам ана дүниеге аттанарының алдында: «Айналайындарым, өздерің аман болыңдаршы. Бұл жалған келте келеді. Өмірде адасып кетпеңдер», – деген жылылыққа толы сөзін айтты. Көке, білесіз бе, перзент үшін ана разылығын алудан, ата мен әке үмітін ақтаудан артық бақыт жоқ шығар, сірә! Өмір бойы жанымды мазалаған, аманатқа адал болуды көздеген ниетімді алғаш рет ақ қағаздың бетіне ашық жазып отырмын. Бұл мойынға артылған перзенттік жүктің жауапты екенін сездірсе керек. «Ұстаздар әулеті жалғасатын болды...» 10-сыныпты бітіретін жылы біздің мектепке жазушы Жұмабек Еділбаев келіп, оқушылармен кездесу өткізді. Осынау бір әсерлі кездесуден кейін қаламгерді үйге шақырып қонақ еттіңіздер. Сұлу, дөңгелек жүзді жазушы қонағымыз төрге жайғасып, ұзын-сонар әңгіме айтып отырды. Азғантай кідірісте көкем: «Әкім, мына ағаңмен әңгімелесіп, шайын құйып бер. Мен біраздан соң келемін!», – деп, өзіңіз шаруамен шығып кеттіңіз. Жазушы ағаға шай құйып беріп отырмын. Менің бас-аяғыма барлай қараған қонақ: «Болашақта кім болмақ ойың бар?» – деп төтесінен сұрақ қойды. Мұндай тосын сұрақты күтпеген басым, бірден: – Журналист болам, – дедім. Тағы да үнсіздік орнады. Ол менің бас-аяғыма тағы да бір барлап қарады да: – Журналист болам дедің бе? – деп жауабымды қайта қайталады. – Иә. Сол сәтті пайдаланып, аудандық, облыстық, республикалық газет-журналдарға шыққан мақала, ақпарат, хабарларымды жинаған ақ папкімді көрсеттім. Ол кісі мұқият қарап шықты да: – Әкім, шырағым, дарын-қабілетің болса, журналист болу онша қиын емес. Талабы бар адам игеріп кетеді. Сен мені тыңда, қарағым, мен де журналиспін, бірақ оқыған мамандығым – заңгер. Егер мен журналист мамандығын оқығанда заң саласын білмей, мақұрым қалар едім. Соның арқасында заң, милиция, құқық қорғау саласын жақсы білемін және бірнеше кітап жаздым. Сен де солай жаса! Жазу қабілетін саған құдай онсыз да берген екен, оны оқып қайтесің? Одан басқа бір мамандықты таңда және ауылыңнан алыс кетпей Шымкентте оқы! – деді. Жазушы қоштасар сәтте маған құқық қорғау, қылмыс тақырыптарында жазылған кітабын тарту етті. «Онда болашақ қаламгер-журналист Әкімге ізгі тілекпен ағасы» деген қолтаңба бар. Кейін түсіндім. Мектеп бітірген соң журналист болу үшін Алматыға аттанғалы жүргенімді сезген сіз мәртебелі мейман болған ағаны үйге әдейі шақырып, маған жол сілтетіп, өз ойын жазушыға осылай айтқызған екенсіз ғой. Осылай сіздің ниетіңіз бен жазушы ағайдың ақылы түрткі болып, Шымкент қаласындағы педагогикалық институтына келіп, физика мамандығы бойынша оқуға тапсырдым. Сондағы сіздің айтқаныңыз: «Ұстаздар әулеті жалғасатын болды!». «Арыз емес, парыз» Ауылға мұғалім қызметіне келге­німде, бірлігі жарасқан ұжым қуана қарсы алды. Біздің ұжым қай істі де жұмыла атқаратын. Аудандық білім бөлімінің қызметкерлері: «Абай мекте­біне келсек, бәрі тып-тыныш, жұмысы жылжып жүріп жатыр, рахаттанып қайтамыз», – дегенін талай естідік те. Себебі, өзге кейбір білім ұяларындағы берекесіздік, арыз-шағым, дау-дамай барған адамдарды қатты шаршататынын естіп жүрдік. Бұның бәрі расын айтқанда, мектепті басқарып отырған сіздің арқаңыз еді. Қол астыңыздағы ұстаздарға дауыс көтеріп қатты сөйле­геніңізді байқамаппын. Үлкенге де, кішіге де ілтипатты ниетіңізді арнай білдіңіз. Көкіректі де керген емессіз, намысты да қолдан берген емессіз. Бойыңызда тәкаппарлық жоқ болғандықтан, әрі өте қарапайым адам болғандығыңыздан, сізді елдің бәрі құрметтейтін. Жас мамандарға да ұстаз­дықтың нағыз көркем үлгісін көрсете білдіңіз. Содан да болар, осынау тынымсыз жылдар арасында көшбасындағы үлгілі мектепке айналып, білім саласындағы басшылардың алғыс сезіміне бөлендіңіз. Ұжымдағы Ж.Махамбетов, Б.Әбілдаев, Ж.Нұрбаев, А.Ауғанбаев, Ә.Архабаев, Ж.Маханбетов, Т.Базарбаев, О.Есім­ханов, Ж.Есебаев, Ә.Бегманов, У.Ал­­пыс­­баев, Ә.Құрманәлиев, Ә.Шора­беков, Т.Боранбаев, М. Зәйтүнқызы, Г.Сүгірбекова, К.Сманова, Н.Сүлей­менова, С.Әбілдаева және тб. аудан­дық, облыстық, республикалық педагогика­лық оқуда әдістемелері таратылып, есімдері құрметпен аталды. 1974 жылғы түлектер елімізде мал санын арттыру мақсатында бастама көтеріп, мектеп бітірушілер арасында республикада екінші болып «Самал» комсомол-жастар бригадасын құрды. Бұл туралы газеттер мен теледидарда жиі беріліп, еліміздегі танымал ұжымға айналды. Сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бірінші хатшысы Д.Қонаевтың өзі арнайы атбасын бұрып, игілікті іс атқарған мектеп түлектерінің жұмысына оң баға беріп, алғысын жеткізді. Әлі есімде, бірде мынадай оқыс оқиға орын алды. Жоғары оқу орнында оқып жүргенде тәжірибеден өту үшін ауылдағы өз мектебіме келіп, аз уақыт сабақ бергенім бар. Ол кезде ауыл мектебінің жағдайы жұпыны еді. Баяғы ескі сарынмен салынған үйлер ғой. Астық пен мал шаруашылығын дамытқан кеңшар орталығында бірнеше қабатты жаңа үлгідегі мектеп керек екені белгілі. Осыған орай «Мұңайған мектеп» атты фельетон жазып, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетіне жібердім. Менің ойым – үлкен адамдар оқып, ауыл тұрғындарына жаңа мектеп салып бере ме деген үміт. Фельетон жарияланған жоқ, бірақ та газетке жіберген хатты ауданға жіберіпті. Міне, содан шу шықты. Аудандағылар істің байыбына бармай, сізге: «Балаңа арнайы жаздыртқансың» деген жала жауыпты. Ал менің бұл әрекетімнен шынында бейхабар едіңіз. Себебі, жазған дүниелерімді сізге көрсете бермейтінмін. Үнемі басылым бетінде шыққанда ғана көріп, пікір айтып отыратынсыз. Неге екенін қайдам, менің жазғанымды ондағылар арыз деп қабылдады. Сізді аудандық білім бөліміне шұғыл шақырды. Хат иесі мен де қалмай бардым. Тіпті аудандық атқару комитетінде де қаралыпты.Алғаш рет сіздің ашулы жүзіңізді сонда көрдім. Істің ақыры аудандық партия комитетінің бірінші хатшылығына дейін жетті. Сонда ашына сөйлеген сөзіңізді, дәлелмен келтірген уәжіңізді жұрт ұйып тыңдады. Аудан басшысы, атыңнан айналайын Жандарбек Қожабаев шын мәнінде ақылды адам еді. Жағдайды сараптап отырып, қорытынды сөзінде: «Әкімнің жазған дүниесі арыз емес, парыз ғой. Елді шулатқанша, жаңадан мектеп салуды неге қарастырмайсыңдар?», – деп атқару комитетіне нақты тапсырма беріпті. Шешім қабылданғанымен жоспарда жоқ болғандықтан мектеп құрылысының жұмысына кірісу оңайға соққан жоқ...Оны әлі талай жерде дәлелдеуге ту­ра келді. Қаншама мекеменің та­бал­­дырығын тоздырғаныңыз өз алдына бөлек әңгіме. Қашан сол мектеп салынып біткенше самайыңызда талай ақ шаштар пайда болғанына біз куәміз. Сол оқиғадан кейін: «Мұның не, алдын ала ақылдасып алмадың ба?», – деген бірауыз сөзді айтқан да емессіз, маған қарап ашулы кейпіңізді көрсеткен де емессіз. Бірақ көпке дейін сол кезеңде ұйықтай алмай жүргеніңізді менің жүрегім сезді. Өзім де ұяттан жарылардай болып қиналғаным есімде. Оның үстіне құрылысшылардың сан құбылған әрекеттері де аз шаршатқан жоқ. Бейне бір мектептің емес, құрылыс мекемесінің бастығына әрі қарауылына айналғандайсыз.Түн ұйқыңызды төрт бөліп, құрылыс алаңына баратынсыз. Көз қырын салмасаңыз құрылыс материалдары жоғалып кететін. Кейде тиісті қаржы бөлінбей қалатын. Ол Кеңес Одағының ыдырауының алдында тұрған сәт еді. Сонда жұмыстың жүруі үшін аудан, облыс басшыларының алдына жүз рет барған шығарсыз. Азаппен өткен сол үш жыл өмір бақи есіңізден шықпайтын шығар, сірә. Сіздің ұқыптылығыңыздың, жауапкершілігіңіздің және табанды­лығыңыздың арқасында ауылда осылай жаңа мектеп бой көтерді. 1988 жылы салынған 624 орынды үш қабатты мектептің әрбір қабатында, әрбір кабинетінде, әрбір дәлізінде, спорт, акт залдарында сіздің ізіңіз бар. Ондағының әрбір шегесіне дейін сізге қымбат болатыны сондықтан. 1940 жылы атам осы мектепті ауыл тұрғын­дарын асарлатып тұрғызса, 48 жылдан соң Үкімет қаржысы есебінен сіз салдырттыңыз. Жарты ғасырға жуық ұстаздық өміріңіздің отыз жылын осы алтын ұяны басқаруға жұмсадыңыз.Мектеп облыс, республикаға танылып, қаншама игі шаралардың ұйытқысына айналды. Мұның бәрін ел алдындағы парызым деп білдіңіз. «Жақсылық  жоғалмасыншы» Көке, осындайда өзіңіз айтқан өнегелі әңгімелер еске түседі. 1945 жылы Жеңіс туын Берлинде желбіретіп, соғыс аяқталғанда кеудесінде орден-медальдары жарқырап, атам өзі салдыртқан мектепке қайта директор болып оралыпты. Әрі сол кезде оны ауылдағы ұжымшарлардың (колхоздардың) партия ұйымының хатшысы етіп сайлайды. Сіз сонда небәрі 10 жаста екенсіз. Атам ә дегеннен-ақ тозған ауыл мен қамкөңіл жерлестерінің жыртығын жамауға кірісіп, соғыста ер-азаматы опат болған отбасыларға қол ұшын беруді алғашқы міндеті санады. Әсіресе, Мүштек апаның төрт бірдей ұлы майданда опат болып, оралмады. Сол және өзге де соғыстан қаза болғандардың отбасы туралы «Лениншіл жас» газетіне хабарласып, сондағы жас тілші Ахат Жақсыбаев ауылға арнайы келіп, оған бар жағдайды түсіндіріп, «Өлді деуге бола ма, айтыңдаршы...» атты мақала да жаздыртқан еді. Өзі тыным таппай аудан, облысқа ат ізін салып жүріп, ақыры сол отбасыларға дұрыс мөлшерде зейнетақы бөлгізді. Үйлерін жөндеуден өткізіп, тұрақты түрде мектеп оқушыларына отын-суын тасытып бергізіп тұрды. Соғыс кезінде ауыр жұмысқа жегілген ауыл балаларын мектеп партасына тартып, сауатын ашты. «Ұялыжар», «Ықыластемір»», «Қай­нар» колхоздарындағы соғыс салдарынан өз елдерінен күштеп көшірілген кавказдық қарашай ағайындарға көп қамқорлық көрсетті. Жазықсыз жапа шеккендердің жоқтаушысы болып, әділдіктің орнауына күш салды. Ішерге асын әзер тауып отырған қарашайлардың көбінің балалары, тіпті, аяқ киімге жарымай жүр еді. Ағайын ұлттың жалаңаяқ балаларына жаны ашып, ұжымшардан мал терісін алдыртып, аяқ киім тіктіріп берді. Барлығын өзі басқаратын қазақ мектебіне қабылдатып, білім алуларына жағдай жасады. Сол жылдардағы мектеп бітірген түлектердің альбомдағы суреттерін қарасаңыз, қарашайлардың Кипкеев, Қошқаров деген фамилияларын жиі ұшыратасыз. Атам оларды ұжымшар тарапынан азық-түлікпен де қамтамасыз етуді қарастырды. Кейде бір мәселелері шығып, жазықсыз істі болып жатса да алғаш араша түсетін атам еді. Араларындағы Захария Абайханов деген білімді азаматты өз мектебіне алып, орыс тілі пәнінің мұғалімі етті. Өз туған жерлерінен айдалаға ауып келген бейбақтарға осылай қорған болып, ең бастысы – қазақ халқының бауырмал ұлт екенін дәлелдеді. Атама бауыр, әрі жақсы шәкірт бола білген Хусейін Кипкеев деген қарашай азаматы менің де есімде. Ленинградтағы медициналық институтта үздік оқып жүргенде соғыс басталып, Сталиннің жарлығымен бір күнде Қазақстанға көшірілген. Білімді болғандықтан атам оның ауылдағы дәрігерлік бөлімшенің меңгерушісі болуына ықпал етті. Үш-төрт жасымда тамағым ауырған кезде атам мені көздері мейірімге толы Хусейінге апарып көрсететін. Ол барын салып түрлі әдістермен емдеп жазатын. Кейін жағдай орнына келіп, ел тыныштала бастағанда қарашайлар өз елдеріне көшті. Кисловодск қаласындағы шипажайларға ел жақтан қазақтар бара қалса қарашайлар салған жерден атамды сұрап, «Сұлтан ағайдың жағдайы қалай? Ол кісі – біздің ұстазымыз, ең үлкен ағамыз, қамқоршымыз. Сол бір кісі арқылы бүкіл қазақ халқын жақсы көріп кеттік», – деп жасаған жақсылықтарын айтып, сәлем жолдап, кейде сәлемдеме де беріп жібереді екен. Көпке дейін үзіліссіз хаттар жазып тұрды. Атам қайтыс болғанда сонау Кавказдан Хусейін бастаған бір топ қарашайлар арнайы келіп көңіл айтты. Иә, көке, бұл – өзіңіз де өмірлік ұстанымға айналдырған адамдарға жақсылық жасаудың өтеуі болса керек. Осы орайда атамның «Ұрпаққа аманатындағы» мына сөздері еріксіз ойға оралады: «Ең бастысы жүрек жылуың, адамдығың жоғалмасын. Адамдық әрдайым жақсылық жасау, ізгілік, мейірімділік деген ұғыммен қатар тұруы тиіс». Көке, мұның барлығын айтып отыр­ған себебім, сіз атамның осы бір асыл қасиетін бойыңызға сіңіріп, адамдарға көп жақсылық жасадыңыз. Тұрмысы төмен отбасылардың балаларын мектепке тартып, білім алуына мүмкіндік бердіңіз. Тіпті, кейбірінің оқуға шамасы жетпесе де, кешкі мектепке қосып, аттестат алуына, қанаттанып кетуіне жәрдемдестіңіз. Ауылдағы мектеп жанындағы шопандардың балаларына ғана арналған интернатқа жағдайы жоқ жанұялардың ұл-қыздарының да орналасуына себепші болдыңыз. Талайға білімнің шамын жағып, азамат атандырдыңыз. Бала кезімде есімде, үйге қаншама адамдар түрлі өтініштермен ағылып келіп жататын. Солардың бәрінің негізгі өзегі – балаларға қатысты мәселе және сан алуан қиын тағдырлар. Таңғаларлығы, ешқайсысының көңілін қалдырып, ешқашан «жоқ» деп айтқан емессіз. «Болмайды» деген сөзді естімеппін. Қай кезде де бала болашағына нем­құрайды қарамай, алаңдап, дұрыс жолға түсуіне өз қолғабысыңызды жасауға дайын тұратынсыз. Сол бір кезде ешқандай мектепке сыймаған, тәртібі қиын немересін де интернатқа орналастырып, қатарға қосқаныңызға ризашылық білдіріп, жылап тұрып бата берген ақжаулықты ана есімнен кетпейді. Мектеп партасына жетектеп әкеліп отырғызып, тәрбиелеген шәкірттеріңіздің барлығы қазір сізді құрмет тұтады, ұстазымен мақтанады. «Менің мамандық таңдауыма себепкер болған өзіңізсіз», «Менің қате­ліктерімді кешіріп, адам болуыма мүмкіндік жасаған сізсіз» деп алдыңызға алғысымен келетіндер әлі де аз емес. Атамның да, сіздің де осындай адамдық биік қасиеттеріңізді бо­йыма сіңіріп, қиналғанға қол ұшын беріп, бабадан қалған өнегелі әдетті келесі ұрпаққа жеткізу жолында мен де аянбай келемін. Бар тілегім – адамдар арасындағы ізгілік пен мейірім өлмесінші, жақсылық жоғалмасыншы... Атам салған ізгі жол... Көке, жас күнімде мына бір аңызды оқып, көкейіме түйгенім бар еді. Балаларым әркез біліп жүрсін деп айтып отырамын. Сізге арнаған хатқа да жазайын, келер ұрпақтың кәдесіне жарар... Ертеде бір адам әке атаныпты. Ол бар ниетімен баласына дұрыс тәрбие беруді ойлапты. «Ол үшін не істеу керек?» деген сұраққа жауап алу мақсатында бір ғұламаның алдына барыпты. – Баламды қалай тәрбиелесем болады? Қатал болайын ба, жоқ, әлде мәдениетті болғаным дұрыс па? Сонда ғұлама: – Балаңды тәрбиелеу үшін өзің тәрбиелі болуың керек. Балаң сенің: «Өйтпе, бүйтпе», – деген сөзіңе емес, өзіңнің жүріс-тұрысыңа, сөйлеген сөзіңе, атқарған ісіңе қарап өседі, – деген екен. Көке, өз басым аптасына екі рет сізбен сөйлесіп, жағдайыңызды білмесем, ішкен асым бойыма сіңбейді. Мен ғана емес, балаларым да сіздің жағдайыңызды біліп, көңіл-күйіңізді көтеруге тырысады. Өткенде ұлым Мұхтар өзі жұмыс жасап жүрген Вьетнам елінен сізге хабарласып, Құрбан айтта құрбандық шалып, Құран оқытып, осынау қасиетті мерекемен құттықтаған екен. Сіз ерекше қуандыңыз. Байқаймын, көке, осы Мұхтардың бойынан өз әулетіңізге тән бауырмалдық пен қарапайымдылықты көруге құмартатын сияқтысыз. Мұхтар немереңіз екені рас болса, сізге тартпай қоймайды. Алаңдамаңыз! Көке, жүрегімді мазалаған осы хатты жазудағы мақсатым – еңбек жолыңызды айтып мақтану емес, балаңыздың жүрек түкпірінде сіңіп жатқан шынайы сезімді ақ параққа түсіру еді. Кейде тіпті сізді еш дүниеге теңестіре алмай әлек боламын. Өйткені, сіз өзгеше жаратылған, өзгенің қамы үшін өмір кешкен, бойына сабырлық пен адамгершіліктің таусылмас қазынасын сақтаған, алып рухани қамба сияқты елестейсіз. ...Ауылдағы үйдің бақшасынан шығатын жалғыз аяқ соқпақ жол бар. Әр барған сайын сол жол көзіме ыстық көрінеді. Себебі, сол соқпақпен атам екеуіңіз қызметке баратын едіңіздер. Кейін сол сүрлеуде, көке, екеуміз бірге жүретін болдық. Астанада да балаларыммен бірге мемлекеттік қызметте жұмыс жасайтын болғандықтан, ұлым Мұхтар, қыздарым Бақыт, Айжан да жұмысымызға бір жолмен бірге барып-келіп жүрдік. Балаларыммен жұмысқа бірге шыққан сайын ауылдағы үйден бастау алған сол соқпақ есіме түседі. Бұл – ата салған, әке жалғаған, ұрпағына жұғысты болған қасиетті жол, киелі сүрлеу деп білемін. Менің көкем – көркем адам Көке, ұрпақтарыңыз сізден үлгі алса, сіздей болуға тырысса, сіздің адамдық биік қасиеттеріңізді бойына сіңіріп өссе, менің де тілегімнің қабыл болғаны. Мына мен сіздің тұла бойы тұңғыш ұлыңыз, суыңыздың тұнығы, отыңыздың шүйгіні тек сізге ұқсауға тырыстым, сіздей болуға талпындым. Бойымда жылт еткен жақсылықтың ұшқыны болса, ол сізден дарыды. Оның арғы жағында, әрине, атамның абзал сүрлеуі жатыр. «Адам Отанды таңдамайды. Қай жерде тудың сол жер – Отаның. Адам ата-ананы таңдамайды. Кімнен тудың сол сенің ата-анаң», – деген ойлы сөз бар. Құдай маған сіздей әке бергені үшін тағдырыма мың мәрте алғыс айтамын. Ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру – әрбір перзент үшін қасиетті борыш. Атамның көрсеткен өнегесі мен сіздің үлгілі істеріңіз арқылы бойыма сіңірген тағылымды тәрбиені өз балаларым мен немерелеріме жеткізсем, мен – бақыттымын. Сіздер салған сүрлеу жолымызды жаңғыртып, биіктетіп, әрдайым жауапкершілікке бастайтынына көзім жетті. Баласы бәйгеге шапса, ауылда тұрып тақымын қысатын әкеліктің, ата болудың жауапкершілігін бар жүрегіммен сезінетін мен, балаларымды, немерелерімді көркем мінезді етуге бар күшімді салып келем, олар сондай адам болуға міндетті. Өйткені, менің көкем, яғни, сіз – көркем адамсыз! *  *  * «...Әке!» Неге екенін қайдам, осы құдіретті сөзді айтқан кезде жүрегім шымыр ете түседі. Сәлеммен, тұңғышыңыз  Әкім ЫСҚАҚ. 2015 жыл, Астана қаласы.