АСТАНА. 13 наурыз. Кеше «Жазық әлемнің» сэрі, белгілі ағылшын жазушысы Терри Пратчетт ұзаққа созылған науқастан кейін қайтыс болды. Бұл туралы «Газета.Ru» хабарлады.
«Британ жазушысы, Британия империя орденінің офицері, фэнтезиялы Жазық әлемді жасаушы және Кеңістікте А'Туине алып тасбақасымен жүзіп жүруші Терри Пратчетт 67 жасында дүние салды», - делінген хабарламада.
Терри Пратчетт 2007 жылы өзінің Альцгеймер науқасының сирек кездесетін түрімен ауыратынын жария етті. Ауру жаңа басталып келе жатқан кезде ол жазуын жалғастыра берді. Бірақ екі жылдан кейін өзінің өлетін уақытын таңдап алу құқығы үшін қозғалыстың белсенді мүшелерінің біріне айналып, эвтаназия туралы шындап ойлана бастады. Осы кездері жазушы Альцгеймер ауруын зерттеуші Alzheimer's Research UK қорына көп ақша аударды, «Терри Пратчетт: Өлімді таңдай отырып» деген деректі фильмге түсті. Ол 2011 жылы «Би-би-сиден» көрсетілді. Онда жазушы эвтаназияға* неге рұқсат берілуі керек екенін айтады.
Пратчетт аты-жөні күллі әлемге көп жылдар бойы юмористикалық фэнтези жанрындағы шығармаларымен және өзінің өлімі туралы пенделік ой бөлісулері арқылы танылды. Ол өзі жасаған Жазық әлемге қалыптасқан қаламгер белгілі жазушы ретінде келді. Жазушының қаламгерінен туған алғашқы кітап – «Кілем адамдары» 1971 жылы жарыққа шықты. Оның соңынан «Күннің күңгірт беті» (1976) және «Страта» (1981) оқырманға жол тартты. Бірақ бұл романдардың бірде-бірі бетбұрысты туынды бола алмады. Пратчетт бұрынғысынша газетте жұмыс жасай жүріп, бос уақытында прозаға қол ұратын журналистердің бірі болып қала берді.
Жазушы өзінің бағытын «Сиқырдың түсі» деп аталған әңгімелер жинағынан тапты. Онда сауатсыз сиқыршы Ринсвиндтің зұлым істері жайлы сыр шертетін әңгімелерден құралған хикаяттан көрінді. Кітапта «фэнтези» деген жаңа сөз қолданылып, ол дәстүрлі, салмақты жазылатын романдарға пародия түрінде шығарылған осындай туындылардың анықтамасы бола бастады. Бұл жинақ жақсы сатылып кетті. Соңынан «Сиқырдың түсі» шағын телесериал түрінде де көрінді. Ол «Би-би-си» арнасының «Әйел сағаты» деген бағдарламасы кезінде көрсетілді. Осының өзі-ақ Пратчетті жұлдызға айналдырып жіберді.
Іс жүзінде жазушы оқырманның фантастика тақырыбында қалам тербеп жүрген кез келген қаламгерден күтіп жүрген нәрсесін жасады да қойды. Ол өзінің даму және өмір сүру заңдары мен қағидалары бар жаңа қарама-қарсы әлемді ойлап тапты. Мұндай әлемнің болуы әбден мүмкін екеніне де жұртты сендіре білді. Бұған дейін мұндай жанрда жазғандардың арасында тек Джон Рональд Толкиен ғана табысқа жете алған еді. Оқырман жұрт оның осы жанрдағы «Сақиналар әміршісі» («Властелин Колец») деген романын жақсы біледі.
Пратчетт романдары барған сайын жай ғана қызғылықты пародиялардан шынайы шығармаға ұласа берді. Осы жылдары ол кинематограф («Жылжып келе жатқан суреттер») пен 60-70 –жылдардағы рок-музыканың («Шешуші музыка») қалыптасу тарихы туралы сөз қозғады, оның кітаптарында толеранттылық (қала күзетшісі туралы) және әйелдер құқығының теңдігі (Ланкр корольдігіндегі жалмауыз кемпірлер туралы цикл) басты тақырып болып көтерілді. Ол «Опера елесі» («Маскарад») мен Шекспирді («Ханымдар мен мырзалар» және «Түс көргіш апалы-сіңлілілер») Жазық әлем тіліне көшірді. Пратчетт сондай-ақ газет жасау жұмысын қалай бастау керек екенін («Шындық») жені қалалық газеттегі жұмысты қалай жолға қоюға болатынын бүге-шігесіне дейін көрсетті. Кейін келе оның Жазық әлемін бірнеше циклдан тұратын 40 роман құрады.
Ал жазушының толық өмірбаяны оның 70-тен астам кітаптары арқылы көрінеді. Бұлар 37 тілде 85 млн. данамен тарады.
Мұрат Айтқожа.
Дерек, сурет: Газета.Ru.
*Эвтаназия – сауықпас аурумен ауыратын және жан төзгісіз азап шегетін адамдардың өмірлерін тоқтату тәжірибесі.