• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
13 Наурыз, 2015

Шығыс Қазақстанда қасқырмен айқасқан азамат қайтыс болды

335 рет
көрсетілді

ӨСКЕМЕН. 13 наурыз. Шығыс Қазақстан облысы Аягөз ауданы Мыңбұлақ ауылында осыдан біраз бұрын қасқырмен айқасып, соның салдарынан ауруханаға түскен азамат – Аманхан Әміров қайтыс болды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Бұған дейін аталған елді мекенге бір топ қасқыр кіріп кеткенін, дала тағыларының ауыл тұрғындарына шабуыл жасағанын («Арланмен алысқан Аманхан», «Егемен Қазақстан», 16 қаңтар, 2015 жыл) жазған болатынбыз. Еске сала кетейік, бейбіт күннің батыры келіншегіне төнген қауіпті дер уақытында байқап, көкжалмен жалаң қолмен арпалысып баққан-ды. Ол әйелі ас үйден әкеліп берген пышақты көк бөрінің кеудесіне бойлата сұғып, келіншегін де, өзін де ажалдан арашалап, ерлік көрсеткен еді. Содан кейін аудандық ауруханада жатқызылған А.Әміровті облыс орталығына емдеуге ауыстырған болатын. Дәрігерлер оны құтырған қасқыр қапқанын, жағдайы ауыр екенін жеткізген. Өкінішке қарай, Өскемендегі №1 қалалық аурухананың жұқпалы аурулар бөлімінде ем қабылдаған Аманхан Әміров төтеннен келген жарақатынан жазыла алмай, 9 наурызда қайтыс болғаны белгілі болып отыр. Аурухана қызметкерлерінің айтуынша, науқас инфекциялық бөлімге түскен сәттен бастап дәрі-дәрмектің күшімен ғана жатқан. Думан Анаш. Дерек: egemen.kz. Сурет: zhasorken.kz.