АСТАНА. 13 наурыз. «Табиғат» экологиялық одағының басшысы Мэлс Елеусізов Орталық сайлау комиссиясына президенттік сайлауға үміткер ретінде қатысатынын айтып, өтініш берді. Бұл туралы «ҚазАқпарат» хабарлады.
Мэлс Елеусізов: «Әрине, құжаттарымды тапсырдым, оның еш қиындығы жоқ қой. Алда лингвисткалық комиссия сынағы, оның қиындау болатындығы түсінікті. Дегенмен, бұған дейін екі мәрте тапсырған болатынмын. Сондықтан одаг өтетіндігіме сенімдімін», – деді. Сонымен қатар ол президенттік сайлауға қатысу арқылы Қазақстанның экологиялық ахуалына күллі әлемнің назарын аудартқысы келетіндігін атап өтті.
Айта кетейік, бүгінде үміткерлердің саны 23 адамға жетті. Оның 21-і сайлауға өзін-өзі ұсынғандар, ал екеуін, атап айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаевты «Нұр Отан» партиясы, ал Тұрғын Сыздықовты Қазақстанның коммунистік халық партиясы ұсынған. Қазіргі уақытта олардың сайлау талаптарына сәйкестігі тексеріліп, кейбірі лингвистикалық комиссияға сынақ тапсыру үстінде. Мәселен, 8 үміткерді тіркеуден бас тартылды. Олардың екеуінің жасы Конституцияға сәйкес сайлауға түсу жасына толмаған. алтауы лингвистикалық комиссия сынағын тапсыра алмады. 4 адам лингвистикалық комиссия сынағын тапсырды. Олардың сайлау талаптарына сәйкестігі тексерілді. Олар қазіргі уақытта сенімді тұлғаларын тіркеп, қол жинау жұмысымен айналысуда.
Жолдыбай Базар.
Дерек, сурет: «ҚазАқпарат».