Кеше Туризм және спорт министрлігіндегі Индустрия және туризм комитетінің өкілдері vіsіtkazakhstan.kz ресми туристік порталының тұсауын кесті.
Бұл сайтта еліміздің туристік имиджін нығайту мен туризм саласы бойынша дайындалған тауарлардың үгіт-насихаты жүзеге асатын болады. Егемен елімізді жаңа туристік бағыттағы ел ретінде танытатын портал барша халықаралық талаптарға сай даярланған. Оны әзірлеу жұмыстары аталмыш саладағы көптеген сарапшылар мен мамандардың және сол сала туралы жазып жүрген журналистердің қатысуымен бір жылдан аса уақытқа созылған. Порталдың басты мақсаты – Қазақ елін әлемге өзінің теңдесі жоқ туристік мүмкіндіктері бар жұрт ретінде таныту.
– Порталда Қазақстанның интерактивті туристік картасы енгізілген. Оның көмегімен ұлан-байтақ еліміздің барлық өңірлеріне виртуалды саяхат жасауға болады. Дәлірек айтсақ, сіз осы карта арқылы аймақтардың қонақтарға арналған орындары мен суреттерін, видеороликтер, мақалалар және жаңалықтар, өңір жөнінде толық ақпараттар мен мәліметтерді біле аласыздар. Портал оны қызықтаушылар үшін тек танымдық және ақпарат беретін құрал ғана емес, ол арқылы мейманханалар мен мейрамханаларға, сондай-ақ көлікке билетке тапсырыс беруге болады. Енді еліміздің қандайда бір аймағына саяхат жасауға ниет білдірген азаматтар үйінен шықпастан ғаламтор арқылы кез келген туристік қызмет түрін таңдап, оған онлайн брондау арқылы тапсырыс бере алады, – дейді жобаның жетекшісі Б.Қанафин.
Жаңа тұсауы кесілген портал vіsіtkazakhstan.kz нарық сұраныстарын толық қанағаттандыру, әлеуетті туристердің ғаламтор желісі арқылы алдын-ала тапсырыс беру қызметінің ерекшеліктерін пайдалануы, кең ауқымды көлемдегі пайдалы ақпаратқа қол жеткізу, хат алмасу мен қызмет көрсету ақысын төлеу және басқа да мақсаттар үшін құрылған.
Жандос МЕДИМАНОВ.