• RUB:
    5.58
  • USD:
    474.72
  • EUR:
    515.17
Басты сайтқа өту
27 Тамыз, 2010

Жаужүрек батыр-жырау Үмбетей ұлы мекені – Ереймендегі елінің құрметіне бөленді

1137 рет
көрсетілді

ХVІІІ ғасыр қазақ халқы үшін өте бір маңызды шешуші кезең болды. Жан-жағынан анталаған жаумен жағаласып жүріп, бабаларымыз ұлы мекендерін ұрпақтарының мәңгілік иеліктеріне қалдыра білді. Сұрапыл соғыстардан, аяусыз шайқастардан беті қайтпаған ба­тыр-жыраулардың бірі – Үмбетей еді. Ол ХVІІІ ғасырдағы қалмақ, қытай, орыс пен башқұрт,  қырғыз­дың қазақ дала­сына жасаған сой­қан­ды істерін – өлеңмен өріп, со­ғыс шежіресі ре­тін­де ұрпақ жадына жаттатып кеткен кісі. Абылай заманының дүлдүлі балаң жігіт күнінен-ақ садақ тар­тып, азаттық жолындағы арпалыста жанкешті өмір сүрді. Ақындығы мінезіне сай турашыл болғасын, ол мірдің оғындай сөздерімен өзіне, күшіне сенімді талай батыр мен байды аямай аттан түсіріп жүрді. Аруақты Қабанбай батырдың өзі Үмбетейді қатты сыйлағаны сонша, тұңғышы дүниеге келгенде осы кісінің есімін беріпті дейді. Жасы үлкен Ақтамберді мен Бұқар жыраулар да қандыкөйлек інілері Үмбетейге ерекше сыйлы көңілмен қараған екен. Төле би мен Қазыбек бидің де оған көрсеткен қолдаулары аз емес. Себебі, қазақ арасындағы кейбір түйіні күрделі дау-дамайды екі ауыз сөзбен шешетін орақ тілді жас жыраудың мінезі қилы заманда талай ұлы істерге бастау болған көрінеді. Үмбетей өлеңдерінде өктемдік, зілді сөздер, нақты айыптар жиі белең алады. Ол айтысқа түскенде – ашық майданға бес қаруын сай­лап кірген батырлардан кем түс­пей­ді. Оның кесірлі істерге бет бұр­ған кейбір тарихи дара тұлғаларға айтқан ашық сөздері белгілі қоғам қайраткері, қазақтың сара жазушы­ларының бірі Мұхтар Мағауиннің “Алдаспан” жинағына енгенін көпшілік біледі. Мысалы, Қаз да­уысты Қазыбек би өлгеннен кейін оның орнын ұлы Бекболат басқаны тарихтан аян. Абылайға өктемдік көрсеткен арғынның бес Мейра­мы­на жататын қуатты елді көтергені үшін Үмбетей осы Бекболатты, әкесі Қазыбектің сыйлас інісі болса да, жермен-жексен еткенін “Бек­болат биге” деген арнауынан жақсы білеміз. Сондай кикілжіңдердің бірін сыл­тау қылған аға жырау Ақтам­берді мен Қаракерей Қабанбайға арнап айтқан сөздері бұл кісінің шешендігін, өрлігі мен өткірлігін дәлелдеп-ақ тұр. Абылай ханға, Бұ­қар жырау мен Қанжығалы Бөген­бай батырға арнаған өлеңдерінің мазмұны, шежірелік қасиет-сипаты жоғары. Ал, “Жантай батыр” жыр-дастанын Шоқан Уәлиханов өте жо­ғары бағалаған. Шәкәрім Құдай­бердіұлының Үмбетейді “ескі ақын бізден әлі артық” деп мадақтауы бекерден-бекер емес. Үмбетейдің домбыра шертісі қан­дай өзгеше болса, тартқан қо­бы­зының дауысы да сондай ерекше әсерлі болды деседі шежірешіл елі. Аруағы қозған қарт жыраудың қо­бызының үнінен бүкіл қазақ да­ласының басында болған ауырт­палықты сезінгендей, тыңдаушы жандар аяғына дейін шыдап отыра алмаған екен. Түксиген қарт жы­рау­дың қабағы ма, әлде қобыздың үні ме, олар көкіректері қарс айы­рылғандай күй кешіпті. Айта кететін бір жәйт, тарихшы Қазыбек Тауасарұлының “Өзімнен түп-тұқиянға дейін” кітабында да осы жаужүрек Үмбетей жыраудың бірбеткей өр мінезі байыпты түрде біраз таратылып айтылған. Қазақ баласына азаттық әпер­ген сол ардақты батыр-жырау Үм­бетейге өткен аптаның соңында Ерей­ментау қаласында ескерткіш бюст қойылды. Оның авторлары жас сәулетшілер Баян Қайнышева мен Ақертіс Сұлтанов десек, сал­та­натты жиынға Алматыдан, Ас­тана мен Көкшетаудан, Павлодар, Қызылорда мен Шымкенттен көп қонақтар атсалысты. Үмбетей жырау атындағы Ерей­ментау аудандық Мәдениет үйі ал­дындағы ескерткіш шымылдығы түсіріліп, әдеттегі тұсаукесер рәсімі жасалғаннан кейін, зал көрерменге лық толып, ақындар мүшәйрасы жұртты керемет қуанышқа бөледі. Қазылар алқасының төрағасы, фи­лология ғылымдарының докторы Серік Негимовтің хабарлауымен сахнаға замандас ақындар көтері­ліп, жырдан шашу шашты. Қазақ поэзиясы айдынында көрініп жүр­ген дүлдүлдер Алмас Темірбай, Ба­қытжан Тобаяқов, Ұларбек Дәлей­ұлы, Расул Ахат, Сайлау Байбосын, көкшетаулық Ерболат Баятұлы жұрт қошеметіне бөлене білді. Ар­найы келген ақындарға осы ұлы до­дада үлкен сый-сыяпаттар жа­сал­ды. Айтулы шараның ұйымдас­ты­ру­шысы, кезінде Қанжығалы қарт Бөгенбайдың ескерткішін ашқанда үлкен еңбек сіңірген азамат Ерей­ментау ауданының әкімі Нұрлан Ережепов екендігін де айта кетсек дейміз. Жыр додасынан соң жұртшы­лық аламан бәйгенің қызығына батты. Бәсекелі жарыста бірінші орынды Астананың, ал екіншіні – Екібастұздың, үшіншіні – Ерей­мен­таудың сәйгүліктері жеңіп алды. Жанат ТҮГЕЛБАЕВ, Журналистер одағының мүшесі. Астана. ---------------------------------- Суретте: батыр-жырау Үмбетей ескерткіші.