• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
02 Қыркүйек, 2010

Жаһандық жылыну: дақпырт пен дәйек

3409 рет
көрсетілді

Адамзат баласы мен Табиғат-ананың айқасы жанайқай шегіне жетіп қалған сияқты. “Табиғатты бағындыру” қағидасы ұранға айналған ХХ ғасырдағы адам әрекеті қоршаған ортаның табиғи тепе-теңдігінің іргетасын шайқалтты. Тіршілік атаулы табиғатпен үйлесімді әрекеті арқылы ғана дами алатындығын, өзі де сол Табиғат-ананың бір баласы екенін жиі естен шығаратын адамзат тойымсыз тәбетін табиғатты тұқырту тәсілімен қанағаттандыру жолына түскен еді. Өзін “адамзат рухының құлдырау ке­зеңінде туғаныма өкінемін” деп санаған атақты неміс-француз ойшылы, әйгілі гуманист Альберт Швейцер “Малына қорек үшін шабындықтағы мыңдаған өсімдіктерді отайтын шаруа, еріккеннің ермегі үшін жол жиегінде өсіп тұрған бір тал гүлді жұлуға тиісті емес, себебі бұл жағдайда ол, ешқан­дай қажеттіліктен тумаған, табиғатқа қарсы қылмыс жасайды”, деген екен. Ой-хой деген, қандай гуманизм! Себепсіз бір тал гүл жұлмақ түгілі, тұтас ормандарды отап, те­ңіз­дерді құрғатқан адам­заттың “Асау та­биғаттың бермегенін тартып алайық!” деп даурыға ұрандағанын да білеміз. Әлі де “ат­тан­дап” келеді. Қан­ша жомарт болса да Жер жарықтық тойымсыз­дықтан тұншықты, қанша төзімді болса да Табиғат-ананың тынысы тарылды. Тарылғаны сол емес пе, ХХІ ғасыр бас­тауы табиғи апаттар мен сілкіністерден ес жи­ғызбай барады. Мәңгі жасыл құрылық­тар­ды жаз ортасында қар басып, Гренландия­ның мұз құрсаулырының жыл сайын 250 млрд. тоннасы еріп, бу мен суға айналып жатыр. Кәрі құрылықты топан су басып, Еуразия кеңістігін құрғақшылық жайлап, орыс орманы отқа оранды. Шілде мен тамыз айларында Ресейде 800 мыңнан астам орман өрті тіркелді. Орталық Ресейдің ормандарын түгелге дерлік отқа ораған өрт апатынан мыңдаған үйлер жанып, тұтас елді мекендер күлге айналды. Пәкстанда өршіген су тасқы­ны­нан жүздеген адам опат болып, 20 милли­онға жуық адам баспанасыз қалды. Азық-түлік тапшылығы белең алып, жұқпалы аурулар тарала бастады. Мемлекеттің бұл апаттың өз күшімен бетін қайтаруға шамасы жетпей, әлем қауымдастығынан көмек сұрап отыр. Жақында су тасқынына байланысты осы елге арнайы келген БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун “...талай апаттарды көріп едім, дәл мұндай ауқымдағы табиғи апатты бұрын-соңды көрген емеспін”, деп мәлімдеді. Шұғыл шаралар қабылданбаса, Пәкстандағы су тасқынының зардаптары өңірді эколо­гиялық апат аймағына айналдыру қаупі бар. Мұның бәрі табиғи тепе-теңдіктің бұзылуы, жаһандық жылыну үдерісінің шиеленісуінің залалы екенін енді ғалымдар ғана емес, қарапайым адамдар да түсіне бастады. Иә, жаһандық жылыну аңыздан ақиқатқа айналды. Қазіргі таңда жаһандық жылыну үрдісінің қоршаған ортаға орасан зор қауіп төндіріп келе жатқанына ешқандай күдік қалмады. Жер шары қызып барады. Өткен ғасырда ауаның температурасы бүкіл дүние жүзінде Цельсия бойынша 0,7 градусқа жы­лынған. Соның салдарынан Килиманджаро шыңдарын ғасырлар бойы құрсаған қарлар еріп, теңіз түбіндегі маржанды жартастар ізсіз жоғалуда. Сонымен “жаһандық жылыну қатері” дегеніміз не? Климаттың өзгеру қаупі туралы ең алғаш 1975 жылы сөз қозғалды. 1975 жылы 8 та­мызда “Scіence” атты журналда америкалық климатолог Уоллес Брокер ауа райының күрт өзгере бастағанын алға тартып, алғаш рет “жаһандық жылыну” терминін өмірге әкелді. Ауа райының өзгеру құбылысын екі мың жылға тарта тарихы бар климатология ғы­лы­мы зерттеп келеді. Алайда өткен ғасыр­дың соңына дейін бұл ғылымның ізденістеріне адамзат қауымдастығы тарапынан аса бір қызығушылық таныла қойған жоқ. Тіпті өткен ғасырдың 60-шы жылдарында, ең алғаш, климаттың күрт жылынып бара жат­қан­дығы туралы дабыл қағып, жердің жоғары қабатының қызуы артқанын байқаған белгілі кеңестік климатолог А. Будьконың болжам­дарын басқалар түгілі, кейбір ғалымдардың өзі жүре тыңдады. Міне, енді төрткүл дүние­нің төрт бұрышында да жердің жоғарғы қаба­тының қызуы жоғарылап кеткендігі талас тудырмайтын шындыққа айналды. Ғалымдар арасындағы талас енді жаһандық жылыну шындық па, әлде жалған ба деген тұрғыда емес, бұл проблеманың төркіні ерте ме, кеш пе жылыну үрдісі климаттың күрт төмен­деуіне әкеліп соғатын табиғи құбылыс па, әлде қоршаған ортаға жаһандық ауқымда кесірін тигізген адамзаттың техногендік әрек­ет­терінің салдары ма деген тұрғыда өрбіп жатыр. Жаһандық жылыну дүркін-дүркін қайта­ланып тұратын қалыпты табиғи құбылыс деп дәлелдейтіндер не дейді? Олардың айтуын­ша, соңғы екі мың жыл ішінде Жер шарын мекендейтін тіршілік атаулы үш рет жаһан­дық жылыну кезеңін, үш рет жаһандық суы­ған кезеңді бастан өткерген. Температураның соңғы төмендеу кезеңі ХІХ ғасырдың бірінші жартысында аяқталыпты. ХІХ ғасырдың екінші жартысында ауа райы қалпына келіп, ХХ ғасырда қайтадан жаһандық жылыну кезеңі басталып, сол ғасырдың соңында 0,7-0,8 градусқа жеткен. Сондықтан, дейді та­биғи тәсілді жақтаушылар, бүгінгі жаһандық жылыну кезеңі ұзамай ауа температурасының төмендеу кезеңіне ауысады. Оның Жер ор­битасы параметрлерінің өзгеруіне байланыс­ты Күн қызуының құбылуы сияқты астро­номиялық, Гольфстрим атты мұхиттар ағысы қуатының әлсіреуі сияқты табиғи себептері бар көрінеді. Енді жаһандық жылынуды адам факто­рымен байланыстыратындардың дәлелін сараптап көрейік. Біріншіден, олардың айтуынша, ауа температурасының мұндай жылдамдықпен жылынуы бұрын-соңды болмаған құбылыс көрінеді. Бар болғаны соңғы жүз жылға жетер-жетпес кезеңде ауаның орташа температурасы 0,7-0,8 градусқа ысуы мың жылда да болмаған. Тіпті соңғы 15 жыл ішінде ғана ауа температурасы жылынуының жылдамдығы 0,3-0,4 градусқа артқан. Қалыпты табиғи факторлар мұндай жылдамдықпен атмосфераны жылыта алмаса керек. Бұған сөзсіз адам әрекеті себеп болып отыр. Екіншіден, техногендік дәуірде ауаға бөлінген көмірқышқыл газы мен метанның көлемі шектен тыс асып кеткен. Қазіргі кезде қуат өндіретін стансалардан, өнеркәсіп орындарынан шығатын көмірқышқыл газы атмосфералық қабатқа өтетін газдың 1/3 бөлігін құрайды. Осыған байланысты ға­лым­дар қазіргі жаһан­дық жы­лыну үрдісіне се­беп болып отырған ке­са­паттың 90 пайызы адам қо­­лымен жасалып отыр деген тұжырымға тоқ­та­ған. Бүкіләлемдік климат­тық конференцияда сөй­леген сөзінде БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мун “Арктикадағы жы­лы­ну үрдісі Жер шары­ның басқа өңірлеріне қа­рағанда тым жылдам бе­лең алып барады. Осылай бара беретін болса, 2030 жылға таман ондағы мұз қалқанының мүлде жойылып кету қаупі бар. Арктикадағы бүгінгі болып жатқан өзгерістер климаттың жаһандық жылынуын жылдамдата түспек”, деп атап көрсетті. Сөйтіп, жер бетіндегі мәңгі мұздардың күрт еруі басталды. Бүгінгі таңда біздің планетамызда атмосфера тепе-теңдігін сақтап тұрған екі алып мұздақ бар. Оның бірі Грен­ландияда, бұл мұз қабатының қалыңдығы 2 шақырымнан асады. Екіншісі, Антарктика­ның мұз қабатының қалыңдығы 4 шақырымға жетеді. Сонымен бірге Солтүстік Мұзды мұхиттың көп жылдық мұз қабаттары 4 метр қалыңдыққа дейін қатады. Одан басқа құрлықтардағы биік таулардың мәңгі мұз құрсанған шыңдары бар. Қорыта айтқанда, жер бетінде жаһандық жылыну салдарынан күрт еритін қаупі бар мұздақтар жеткілікті. Міне, ғалымдарды ерекше алаңдатып отыр­ған күрделі қауіп те осы мәңгі мұздақтардың күрт еруіне байланысты болғалы тұр. Гренландия мұздағы Біздің планетамыздағы барлық мұз қа­баттарының 10 пайызы осы Гренландияда шоғырланған. Көлемі жағынан Антаркти­ка­дан кейінгі екінші орынды алатын бұл мұз қал­қанның массасы 2,5 млн. текше шақы­рымға тең. Соңғы жылдары Гренландия мұздағының бұрынғыдан жылдам ери бастағаны байқалуда. Жыл сайын 250 миллиард тоннаға жуық гренландиялық мұз суға айналып, Атлант мұхитына қосылатын көрінеді. Бұл құбылысты анықтауға 2002 жылдан бері мұздаққа тұрақты бақылау жа­сап келе жатқан екі жасанды спутниктердің жинақтаған деректері мүмкіндік берді. Соңғы жылдары гренландиялық мұздақтың жағдайы ерекше назар аударуды қажет етіп отыр. Зерттеулер көрсетіп отырғанындай, ауаның температурасы үш градусқа көтерілетін болса, гренландиялық мұз қалқаны толық еріп, теңіздегі су деңгейін 7 метрге дейін көтереді. Тіпті бұл мұз қалқаны біртіндеп ерігеннің өзінде, теңіз деңгейін бір метрге дейін көтеруге мүмкіндігі бар. Ғалымдардың ең сақтықпен жасаған болжамдары бойынша, болашақта әлемдік мұхит деңгейі 30-50 сантиметрге көтерілетін болса көптеген жағалаулар су астында қалады. Әсіресе, бұл мұхит жағалауларында адамдар көбірек қонстанған Азия құрлығы үшін аса қауіпті болмақ. Бүгінде дүние жүзі бойынша теңіз деңгейінен 88 см. биіктікте 100 миллионнан астам адам өмір сүреді. Жақында Гренландиядан тағы бір үлкен мұз аралының бөлініп шыққаны туралы хабар тарады. Делавер штаты университе­ті­нің ғалымы Андреас Мюнчоудың айту­ынша, 5 тамызда Гренландияның Петерман атты мұздағынан бөлінген бұл мұз аралының көлемі 260 шаршы шақырымға, қалыңдығы 180 метрге тең. Бұл Арктикада 1962 жылдан бері кездескен ең үлкен айсберг көрінеді. Атлант мұхитына бағыт алған мұз аралының суы Делавер немесе Гудзон сияқты өзендердің суын екі жыл бойы алмастыруға немесе АҚШ-ты 4 ай бойы сумен толықтай қамтамасыз етіп тұруға жетеді екен. Арктика Канадалық ғалымдардың деректері бойынша, Арктиканың мұз қабаты соңғы 15 жыл ішінде 40 пайызға тарта қысқарған көрінеді. Ал ресейлік ғалымдар тура осы мер­зім­де мұз қалыңдығы 15-20 пайызға азайды деген деректерді алға тартады. Қалай болған­­да да Арктика мұздақтарының жұқаруы жақсылық емес. Сонымен бірге ғалымдар соңғы кезде Арктика аумағынан айтарлықтай көлемде метан газы бөліне бастағаны туралы қауіп таратты. Соңғы жылдары ресейлік және швед ғалымдары арктикалық Шығыс Сібір платформасынан жыл сайын 8 млн. тоннаға жуық метан газының ауаға таралатындығын анықтады. Ғалымдардың болжамынша, жаһандық жылыну үдерістері мұхиттардың түбінде осыған дейін мүлгіп жатқан мәңгілік тоңдарды жібітіп, оның қабатындағы метан газдарына қозғау салған. Алдағы уақытта адамзат үшін апатқа па­ра-пар тағы бір үлкен қауіптің ұшы Арк­ти­кадан басталатын түрі бар. Соңғы деректер бойынша, дүние жүзіндегі ендігі қалған мұнай-газ қорының төрттен бірі арктикалық акваторияда шоғырланған көрінеді. Мәселен, тек Баренц теңізінің Ресейге қарасты Шток­ман кенішінде 4 триллион текше метр газ конденсатының қоры шоғырланған. Штокман кенішінің қазірге дейінгі анық­талған байлығының өзі 500 миллиард доллар­дан асады. Сөйтіп таяу болашақта Арктика әлемнің алдыңғы қа­тарлы мемлекеттерінің арасындағы энергети­калық тартыс алаңына айналмақ. Полярлық мемлекеттер құрамына кіретін АҚШ, Ресей, Канада, Норвегия жә­не Дания арасында Арктиканың батпан құй­рық энергетикалық байлығын игеру жолын­дағы алғашқы саясат майданы басталып та кетті. Күні ертең Арктика энергетикалық қуат көздері үшін тартыс алаңына айналып, Солтүстік жарты шардың ен байлығы жаппай игеріле бастаса, жаһандық жылыну үдерісінің еселене түсетіні айдан анық. Тіпті бүгінде белгілі болып отырған жаһандық жылыну қаупі ойыншық болып қалмақ. “Таяқтың екі басы бар” демекші, жалпы адам­зат үшін үлкен қасірет әкелетін жаһан­дық жылыну үдерісі Арктиканың энергети­калық мол байлығын игеруге қолайлы жағдай туғызғалы отыр. Бұрын мәңгі мұз басып жатқан Арктиканың көптеген өңірі жаһандық жылынудың салдарынан ашылып, мұхит жодарының қолайлы деңгейге дейін қысқаруына алып келді. Енді жоғарыда аталған мемлекеттер үшін қолайлы мұхит жолдарына талас туғалы отыр. 2010 жылдың 1 маусымынан бастап Канада мемлекеті Арктиканың солтүстік-батыс өткелі арқылы өтетін ірі тоннажды кемелерді қатаң бақы­лауға алатынын мәлімдеді. Бұл өз кезегінде солтүстік-батыс өткелінде аумақтық үлесі бар деп саналатын Дания мемлекеті тарапынан қарсылық туғызды. Өзінің минералды бай­лы­ғының басым бөлігі елдің солтүстік өңі­рінде, яғни Баренцев теңізінен Чукоткаға дейінгі жерлерде орналасқан деп санайтын Ресей үшін де бұл оңай көне қоятын шешім емес. Ресейдің барлық қазба байлығы 30 трил­лион доллар деп бағаланса, (салыстыру үшін АҚШ-та 10 триллион доллар мөлше­рін­де) оның 75-80 пайызы солтүстікте шоғырланған. Арктиканың ен байлығы жолындағы “қыр­ғи қабақ” соғыс басталып та кетті. Қазір­дің өзінде Канада өзінің арктикалық жа­ғалауына он мыңдық әскерін шоғырлан­ды­рып үлгерді. Ресей өзінің Арктикаға “қай­та оралуын” аса жеделдікпен жүргізіп жатыр. Дағ­дарыстан есін жия бастаған АҚШ-та Арк­ти­кадағы “май шелпектен” оңай айырыла қой­майтынын көрсетуде. Солтүстік жарты шардағы мол байлықты жылдамырақ иеленіп қалуға асыққан державалар жаһандық жы­лы­ну қасіретін уақытша ысырып қойды. Сон­дықтан да державалық үстемдік қанд­а­рына сіңген бұл елдердің ғалымдары да адамзатты толғандырған жаһандық жылыну үдерістерінің себебін адам әрекетінен емес, табиғи құбы­лыстардың әсері деп дәлелдеуге тырысуда. Экология баршаға ортақ Ғаламшар климатының күрт өзгеруі тех­ногендік дәуір әрекетінен көмірқышқыл газы мен метанның ауаға шектен тыс көп бөлі­нуінің салдары екендігі қазір айдан анық бо­лып отыр. Сондықтан әлемнің озық ойлы адам­заты бұл қасіреттің алдын алу жолында дабыл қағып, кезек күттірмес шұғыл шара­лар­ды қолға алуды алға тартып отыр. Бұл ма­ңызды мәселеден халықаралық беделді ұй­ым­дар да сырт қалған жоқ. 1992 жыл БҰҰ-ның Рио-де-Жанейродағы басқосуында “Климат­тың өзгеруі жөніндегі конвенция”, 1997 жылы БҰҰ-ның Киотодағы халық­ара­лық самми­тін­де “Атмосфераға таралатын зи­янды газдарды шектеу туралы хаттама” қабыл­данды. Киото хаттамасын бүгінгі күнге дейін әлемнің 181 мемлекеті ресми түрде бекітті. Киото хатта­масы – халықаралық деңгейде экологиялық проблемамен бірлесіп күресу жөніндегі адамзатқа ортақ алғашқы маңызды құжат. Хаттамада жанар-жағармайдан ауаға та­ралатын зиянды газдардың мөлшерін 1990 жыл­ғы деңгейге қайта жеткізіп, 2008-2012 жылдары 5,2 пайызға дейін азайту қарас­тырылған. Ол үшін Еуроодаққа кіретін елдер оның мөлшерін арнайы көрсетілген межеге дейін қысқартып, қалған басқа елдер оның мөлшерін белгіленген бір жылдық межеден асырмауға келіскен болатын. Егер Хаттаманы қабылдаған елдер өз міндеттемелерін нақты орындайтын болса, 2012 жылы ауаға тара­латын газдардың көлемі 1990 жылғы деңгейге қайта жетуі әбден ықтимал. Алайда Хатта­маға келіскен елдердің барлығы бірдей мін­дет­темелерін орын­дау­ға құлшыныс білдіріп отырған жоқ. Мә­се­лен, АҚШ бастапқыда бұл бастаманы қабыл­дауда белсенділік та­ныт­қанымен, кейін­нен Киото хаттамасын бекітуді үнемі кейінге асырып келеді. Атмосфераға таралатын барлық зиянды шығарындының 36,1 пайы­зын алып отырған АҚШ Хаттаманы бекіт­пеуінің басты себебі ретінде ауаны ластауда ал­дыңғы орындарды алатын Қытай мен Үндістанда қалыптасқан жағдайды алға тартады. Климаттың өзгеру үдерістері біздің еліміз­дің экологиялық жағдайына да келеңсіз әсер етіп отырғаны белгілі. Соңғы ғасырда ғалам­шар­дағы ауа температурасының жылынуы 0,7 пайызды көрсетсе, Қазақстан аумағында ауаның орташа температурасы осы мерзімде 1,3 градусқа дейін жылынып кеткені анық­талып отыр. Бұл әлемдік деңгейден екі есе көп. Климаттың бұлай өзгеруінің салдарлары жалпы жұрт үшін көзге ұрып тұрмағанымен, қоршаған ортаның, жер жағдайының ахуа­лына айтарлықтай әсер етті. Ақиқатында жа­һан­дық жылыну құбылысын Арқа қы­сы­ның құбылуынан-ақ көруге болады. Арқаның қаңтарды қақаған аязы мен ақпандағы ақтүтек борандарына ауысып отыратын қалыпты үрдісі соңғы жылдары күрт өзгерді. Желтоқ­сан­да жаңбыр жауып, қаңтарда қар еритін тосын жағдайлар қалыпты құбылысқа айнал­ды. Талай жылдардағы тәжірибеге сүйеніп, ауа райын болжайтын ақсақалдардың сәуегейлігі жайына қалды. Қазір ғалымдар Қазақстандағы жер көле­мінің 60 пайыздан астамы құрғақшылыққа ұрынғаны туралы айтып, дабыл қағуда. Мә­се­лен, тек 2001 жылы ғана еліміздегі ауыл ша­руашылығына арналған 220,7 миллион гек­тар жердің 90,9 гектары шөлге айналып­ты. Жыл сайын жасыл алқаптар мен орман-тоғайлар азайып, мал жайылымдары тары­лып барады. Еліміз аумағында сексеуілді жә­не бұталы өңірлер 4,2 пайыз, ал орман алқабы бар болғаны 1,2 пайыз ғана болып табылады. Онсыз да тапшы ормандарды жыл сайын өрт шалып, қоршаған ортаға орасан зор зиян келтіруде. Ресми деректер бой­ын­ша, биылғы жылдың алғашқы жартыжылды­ғының өзінде 4 мың гектар орман алқабы отқа оранып, 55 мың гектар жайылым жанып кеткен. Қазақстан егемендік алғаннан бергі жылдар ішінде ғаламдық климат өзгерістерінің алдын алуға және оның қоршаған ортаға тигізер залалдарын азайтуға бағытталған халықаралық шараларға белсенді түрде қатысып келеді. Биылғы жылы Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі еліміздің беделінің халық­ара­лық дәрежеде айрықша өскенін көрсетеді. Ха­лықаралық сарапшылар мен беделді сая­сат­керлердің мәлімдеуінше, Қазақстанның төрағалық кезеңі ЕҚЫҰ-ның беделін артты­руға айтарлықтай ықпал ете бастаған кө­рі­неді. Оған соңғы 11 жыл бойғы үзілістен кей­ін Астанада өткізілгелі отырған ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттер Саммиті де дәлел бол­ғандай. ЕҚЫҰ халықаралық сахнадағы белді де беделді ұйымдардың бірегейі екені белгілі. Бұл ұйымның негізінен әлемдік ауқымда айналысатын тұғырлы үш міндеті бар. Бірін­ші – әскери-саяси өлшемдер, екінші – ада­ми өлшемдер, үшінші – экономикалық және экологиялық қауіпсіздікті сақтау өлшемдері. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев ЕҚЫҰ Сам­ми­тін Астанада өткізу туралы тарихи шешімнің қабылдануына байланысты жасаған мәлім­де­месінде “Бізге Еуроатлантикалық және Еура­зиялық кеңістікте барлық үш өлшемде де сақталып отырған және жаңадан туындайтын қатерлерге қатысты бірлескен қадамдарды қалыптастыру міндеті тұр” деп атап көрсетті. Өкінішке орай, ЕҚЫҰ аясында соңғы кезең­дерде алдыңғы екі мәселеге баса назар ауда­рыл­ғанымен, экология мәселесіне жеткілікті дәрежеде көңіл бөлінбей келгендігі де жасырын емес. Қазақстан өзінің төра­ға­лығы басталған уақыттан бері ЕҚЫҰ шеңбе­рін­де экология проблемаларын көтеру мәсе­ле­сін жандандыра бастады. Бұл ретте Қазақ­стан Республикасының Президенті Нұрсұл­тан Назарбаев “Біз экономикалық қызмет­тес­тікті дамытудағы, экологиялық проблема­лар­ды, әсіресе Арал проблемасын шешудегі ЕҚЫҰ-ның рөлін күшейту мақсатын қойдық”, деп атап көрсеткен болатын. Астанада өткелі отырған ЕҚЫҰ Саммиті Қазақстанның ғаламдық қауіпсіздік пен тұрақтылықтың ұйытқысына айналып келе жатқанын жаһандық дәрежеде тағы бір қырынан айқын паш етуде. Осы мәртебелі ұйым Саммитінде адамзатты алаңдатып отырған жаһандық жылыну үдерісін тежеу, аймақтардағы экологиялық апаттардың алдын алу, құрлықтардағы құрғақшылық қасіретіне тосқауыл қою мәселелері жан-жақты талқыланып, келелі шешімдер қабылданбақ. Бұл барлық адамзатты алаңдатып отырған көкейкесті проблемалар екендігі даусыз. Сондықтан әлем таныған реформатор, ғаламдық ой иесі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың сара басшылығымен Қазақстан өзінің жоғары адами үрдістерін басшылыққа ала отырып, қоршаған ортаны қорғау мақсатындағы ізгі бастамаларға ұйытқы болып, тарих таразысындағы өзіне жүктелген өрелі міндетке адалдық танытпақ. Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ.