Иман
“Асыл арна” телеарнасы, көтеріңкіреп айтқанда, бұлт торлаған аспанда халқымызға Хақ Тағаланың тура жолын нұсқаушы күннің жылт еткен сәулесі іспетті болып тұр. Қатайған жүректерді жібітіп, тәкаппар көңілдерді сабасына түсірер илләһи насихат – арнаның басты бағыттарының бірі. “Асыл арна” – діні әлсіреп, діңгегі шайқалған халқымыздың ондаған жылдардан бергі арманы десе де болады. Осының бәрі – ең алдымен тәуелсіздігіміздің және Елбасының салиқалы саясатының жемісі. Санасы қызыл империяның атеистік саясатымен уланып, рухы жаншылған еліміз өзінің ата дінімен сағына қауышуда. “Асыл арна” сияқты ислами телеарна бүкіл Орталық Азия елдері мен ТМД аумағында бірінші рет ашылып отыр. Бұл нені білдіреді? Бұл – біздегі ұлтаралық татулық пен дінаралық келісімнің нәтижесі. Шынын айту керек, мұны кешегі зұлмат жылдары қуғын-сүргінге ұшыраған қаншама ұлт өкілдерін шеттетпей, өз панасына алған халқымыздың кең пейіліне берген Алла Тағаланың керемет сыйы деуге болады.
Арнамыз бүгінгі жағдайына бірден жеткен жоқ. Ол ең алдымен 2007 жылы студия болып құрылды. Ал былтыр тамыз айында кабельдік жүйе арқылы эфирге шығып, Алматы қаласы мен Алматы облысына ғана тарала бастадық. Соның арқасында сахараның шөлінде қалған адамның күйіне түскен қоғамымызға иманның кәусарын ұсындық. Ізгілікке сусаған елдің сұранысын арнамыздың бүгінгі таралу ауқымынан-ақ байқауға болады. Аллаға шүкір, бас-аяғы бір жылдың ішінде бізді еліміздің көптеген жерлері көре бастады. Мысалы, қасиетті Рамазан айына орай ұйымдастырылған биылғы тікелей эфиріміздің барысында көрермендер Шымкент, Орал, Ақтау, Атырау, Павлодар, Астана, Семей қалаларынан және басқа да жерлерден қоңырау шалып, арнамызды тамашалап жатқандарын қуана жеткізді.
“Асыл арна” бағдарламалары қазақ және орыс тілдерінде тарайды. Дегенмен негізгі басымдық бізде қазақ тілді бағдарламаларға берілген. Жалпы Ислам дінінің насихаты тек бір тілде ғана жүрмеуі керек. Ислам діні бүкіл адамзатқа түсірілген дін болғандықтан, оның насихатын қазақ тілінде де, орыс тілінде де жүргізе береміз. Өйткені, Қазақстанда көптеген басқа ұлттардың өкілдері бар және орыс тілді бауырларымыз да аз емес (оларға орыс тілінде айтылған уағыз ғана түсінікті болып отыр). Осы соңғы топқа байланысты бір жағдайды айта кеткім келеді. Біздің насихатымыз арқылы, Алланың қалауымен жүрегіне иман қонған, сөйтіп, дінге келген орыс тілді қандастарымыздың ана тілдеріне деген мейірім-ықыластары да оянып жатыр. Олардың арасында қазақ тілінде сөйлеп кетіп жатқандары да көп. Яғни, олар өзінің дінімен де, тілімен де қауышуда. Ал оларға иман қайнары, дін насихаты орыс тілінде жеткізілген болатын.
Бір жылдың ішінде арнамыз арқылы Алланың қалауымен 40-тан астам тележоба эфирге шықты. Бұл – бүкіл ұжымның шығармашылық ізденісінің жемісі. Жалпы дін насихатын, соның ішінде Ислам сияқты ақиқат дінді миллиондардың жүрегіне жеткізу миссиясын мойнымызға алғаннан кейін бізге бір сәтке де дамыл табуға болмайды. Бабаларымыз ұстаған асыл дініміздің ғасырлар бойғы ұлттық болмыс-бітімімізді қалыптастыруға жасаған игі ықпал-әсері де ұшан теңіз. Сондықтан дінімізге оралу арқылы саф алтындай жарқыраған ұлттық ерекшеліктерімізді де табамыз. “Ұлтымыз өзінің болмыс-бітімін жоғалтпаса екен, сан ғасырлардан бері бүкіл тіршілігінің шамшырағына айналған Ислам нұрын өшіріп алмаса екен” деген жанайқайымызды жеткізу, міне, біздің бүгінгі негізгі мақсат осы.
Рамазан айының алғашқы күнінен бастап бір ай бойы кешкі 7-ден 11-ге дейін тікелей эфирге шығып келеміз. Оған дін және қоғам қайраткерлері келіп, елге иман иірімдері туралы жүректен шыққан сөздерін айтып, көрермендердің телефон арқылы қойған сандаған сұрақтарына жауап беруде. Сөзімнің басында айтқандай, көрермендер Алматы мен Алматы облысынан ғана емес, Қазақстанның түкпір-түкпірінен хабарласуда. Ал қасиетті Қадір түнінде кешке басталған тікелей эфиріміз таңға дейін созылды. Телефонда тыным болған жоқ. “Қадір түні Қыдыр ата келе ме?”, “Дастарқан жайып, терезені ашып қойдық, тілегіміздің қабыл болғанын қалай білеміз?”, “Телевизор көруге бола ма?” Міне, осы секілді сұрақтар өте жиі қойылды. Иә, “Ләйлатул-қадр” – мың айдан да қайырлы қасиетті түн. Яғни, бұл “тағдырдың өзгеретін түні” деген мағынаны білдіреді. Тағдыр қалай өзгереді? Бұл – дұға-тілектердің, ғибадат-құлшылықтардың қабыл болатын түні. Бұл түні ешқандай Қыдыр ата да келмейді, есік-терезені ашып қоюдың да қажеті жоқ. Бұлардың бәрі – халықтың ұғымындағы жаңсақ түсініктер. Дастарқаныңызды үйіңізге келетін қонақтарыңыз үшін ғана әзірлеуіңізге болады. Егер иман тақырыбында әсерлі әдемі әңгімелер жүріп жатса, Аллаға деген құлшылық жөніндегі басқа да дүниелер көрсетілсе, теледидар көргеніңіз де жөн. Дұрысы, бұл түні мүмкіндігінше Құран аяттары мен Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) хадистерін көбірек оқып, Алла Тағалаға дұға жасағаныңыз абзал. Жаратқанның өзінің пендесіне неғұрлым жақындайтын түнінде Алладан иман мен екі дүниенің бақытын тілегендердікі – ең бір дұрыс қадам. Жалпы Қадір түні хабарласқан көрермендердің сауалынан байқағанымыз, халқымыздың иманға деген, Алланы тануға деген ықыласы ерекше. Тек оларға қажетті насихатты қажетті жерін тауып, аса бір даналықпен айта біл. Асыл дініміздің баға жетпес құндылықтарын иманға шөлдеген жандардың жүрегіне аса бір сезімталдықпен, майдан қыл суырғандай жеткізгенде ғана мұсылман бауырлармыздың қатары көбейе түсеріне күмән жоқ.
Тікелей эфирді даярлау кезінде түрлі қиындықтар болып жатты. Тақырып белгілеу, қонақтармен келісу, үзілісте баратын бейнематериалдарды жедел әзірлеу – айтуға ғана жеңіл жұмыстар. Сәт сайын туындап жататын техникалық қиындықтар өз алдына. Бірақ бізге күш берген, кез келген қиындықты жедел шешуге мүмкіндік жасаған бір нәрсе бар еді. Ол – біздің Жаратқанға деген күмәнсіз құлшылығымыз және халқымызға Алла Тағаланың хақ жолын насихаттауға берілген мүмкіндік. Асыл дінімізге қызмет ету – біз үшін, арнамыздың шығармашылық ұжымы үшін үлкен бақыт. Бізде бір ғана мұрат бар. Ол – азаттығын алған халқымызды өзінің шынайы ата дінімен қауыштыру. Бір Аллаға иман келтірген халықтың азаттығы да, бақыты да баянды болмақ.
Мұхамеджан ТАЗАБЕКОВ, ақын, “Дарын” мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты, “Асыл арна” телеарнасының бас директоры.