Азиада жаршысы
“Егемен Қазақстанның” VІІ Қысқы Азия ойындарына арналған сәрсенбілік беті
Алауды алып жүру — біздің бастама
Қазір Азия ойындары өтетін қос егіздің сыңарындай екі қаламызда, Астана мен Алматыда үлкен дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Осы байрақты бәсекені ұйымдастыру дирекциясының мамандарының айтуынша, дайындық жұмыстары бітуге жақын қалды. Астана мен Алматыдағы спорт нысандары 95 пайызға жасалып, олардың кейбіреуінде қазірдің өзінде жарыстар өткізуге болады екен. Жақында біз солардың жағдайын және Азиадаға тікелей қатысты басқа да мәселелерді анықтап білу үшін “2011 жылғы VІІ қысқы Азия ойындарын ұйымдастыру жөніндегі комитетінің атқарушы дирекциясы” АҚ вице-президенті Серік ҚҰЛМЫРЗАЕВПЕН кездесіп, әңгімеге тартқан едік. – Алдымен, қазір Азия ойындарына қатысуға неше ел өтініш беріп отыр? Соны айтып берсеңіз. – Әзірше 24 ел Азиадаға қатысуға өтініш беріп отыр. Бізбен қосқанда 25 ел. – Сіздің жұмысыңызға осы елдердің делегациясын қарсы алу, құрылыс нысандарын бақылау, ойындарға тіркелу, хаттама жасау, қатысушыларды ас-сумен, көлікпен қамтамасыз ету және басқа да міндеттер кіреді ғой шамасы... – Иә, алдымен осылардың ішінде спорт нысандары құрылысының қалай жүріп жатқанына келсем, қазір олардың бәрі 95 пайызға аяқталды деуге болады. Соның ішінде Астанадағы жабық стадион пайдалануға берілсе, коньки тебу, велотрек кешендерінің құрылыстары әлі жүріп жатыр. “Қазақстан” спорт сарайы болса күрделі жөндеуден өтуде. Коньки тебу стадионы 75 пайызға дайын. Оның әкімшілік орындары қонақ үйлер мен фитнес-зал аяқталуға жақын. Қазір стадионның ішінде жұмыстар жүруде. Республикалық велотрек – бұл елімізде бұрын-соңды болмаған спорт нысаны. Қазір оның жалпы дайындығы 86 пайызды құрап отыр. Азиаданың ашылу салтанаты өтетін жабық стадион ойындарды қабылдауға дайын тұр. – Алматыдағы кешендердің жағдайы қалай болып жатыр? – “Медеу” қайта жөндеуден өтіп жатқанын білесіздер. Қазір ондағы жұмыстар 95-98 пайызға орындалды. Қазан айында мұз айдыны жасалады, ол үшін арнайы мәшинелер сатып алынады. Төтенше жағдайлар министрлігі допты хоккей үшін арнайы құрылғылар сатып алуға өтініш беріп отыр. Осының өзі “Медеудің” жарысқа сақадай-сай тұрғанын көрсетеді. Балуан Шолақ атындағы Спорт сарайы да 98 пайызға дайын. Қазір нысанды жұмыс комиссиясына тапсыру үшін дайындық жұмыстары жүргізілуде. Оның автотұрағы да болытынын білесіздер. Ол әзірше 62 пайызға жасалды. Шаңғымен тұғырдан секіру халықаралық кешені 93-95 пайызға дайын. Солдат шатқалындағы шаңғы-биатлон стадионы да осыншама пайызға әзір тұр. Келесі нысан “Табаған” спорттық ойын-сауық кешеніне келсек, қазір онда көгалдандыру жұмыстары жүріп жатыр. Барлық жұмыстар 15 қарашаға дейін бітуі тиіс. “Шымбұлақ” тау-шаңғы базасының бірінші кезектегі құрылысы бітті. Екінші кезектегі жұмысы 70 пайызға орындалды. Тау-шаңғы жолдары 2008 жылы халықаралық сертификат алғанын білесіздер. Қазан айында құрылыстың бәрі біткен соң кешенді жалға беру және оған арнайы құрылғылар сатып алу жүргізіледі. – Спорт нысандары осы жылы толығымен аяқталған соң Азия ойындары кезінде қонақтарды орналастыру жайы қалай болады? – Бұл мәселе әу баста-ақ шешілген. Біз Астана мен Алматыға келетін қонақтарды төрт топқа бөліп отырмыз. Ресми тізімдері де жасалды. Алматыда – 17, Астанада 9 қонақ үй болады. Ол жерлерге жарысқа қатысушылар мен меймандар орналасады. Мысалы, Астанада халықаралық және ұлттық дәрежедегі төрешілер 84 нөмірі бар “Тәңір” мен “Империя-G” қонақ үйлерінде орналасса, шетелдік БАҚ өкілдері 199 орынға лайықталған “Думан”, басқа да телехабар таратушылар “Алтын дән” (140), “Данияр” (87), “Гранд парк Есіл” (85) қонақ үйлеріне жайғасады. Алматыда басты баспасөз орталығы орналасады. Ол көп қызметті “Алматы Тауэрс” бизнес кешенінде болады. – Шетел делегацияларын ас-сумен қамтамасыз ету, оларды жарыс кезінде қаланы аралату үшін қандай жоспарларыңыз бар? Мәселен, араб елдерінен келетін қонақтарды адал аспен қамтамасыз ету жөнінде айтып берсеңіз. – Шетелдіктерге сырттан тамақ әкелінбейді. Олар үш мезгіл өздері орналасқан қонақ үйде тамақтанады. Ал адал асқа келер болсақ, бәрі шешіліп отыр. Азиадаға келетін елдер ішінде ислам діні қағидаларын ұстанып, бес рет намазға жығылатын елдер өкілдері бар. Осының бәрін біз ескеріп отырмыз. Қазір барлық қонақ үйлерінде дін жолында жүргендерге ыңғайлы болуы үшін дәрет алып, намаз оқитын, демалатын арнайы бөлмелер қарастырылып отыр. Ал қонақтарға қаланы көрсететін еріктілер болады. Содан кейін “Мәдени Азиада” жобасы жасалған. Осы жоба аясында Астана мен Алматыда қазақ халқының тарихы мен салт-дәстүрлерін көрсететін түрлі іс-шаралар ұйымдастырылады. Қысқасы, шетелдіктерге Қазақ еліне қызыға қарау үшін барлық жағдай жасайтын боламыз. – Көлікпен қамтамасыз ету жағы қалай болады? – Ойындар өтіп жатқан Астана мен Алматы арасында тұрақты түрде ұшақтар ұшады. Темір жолды да қажет кезінде пайдалануды ойластырып отырмыз. Бірақ біздің ойымызша оның қызметі көп керек бола қоймас. Өйткені, әуе қатынасы өз міндетін лайықты атқарып шығуы тиіс. Ал қаладағы көлік мәселесіне келсек, адамдарды лауазымына қарай төрт топқа бөліп отырмыз. Т1-Т4 деп. Ойындар кезінде 590 автокөлік пайдаланылады. Олардың басым бөлігін жекеменшік компаниялардан жалға алатын боламыз. Бұлардың бәрі ойындарға қатысушылардың ұшақтан түскен кезінен бастап, үйлеріне қайтқан кезіне дейін қызмет етеді. – Таксилердің де қызметін пайдаланасыздар ғой. Қазір жүргізушілерді ағылшын тіліне үйрету қалай жүріп жатыр? – Бұл мәселе де шешілген. Такси жүргізушілері арнайы курстардан өтуде. Мен өзім білетін бір адам бар. Ол Алматының әуе-жайының маңында такси жүргізушісі болып істейді. Ағылшын тілінде судай. Осындай тіл білетін адамдар көп болса екен дейміз. – Азиада кезінде медициналық жағынан қамтамасыз ету, спортшыларды допинг бақылаудан өткізу маңызды мәселелердің бірі ғой. Осы жөнінде кеңірек айтып берсеңіз. – Біздің еліміз үшін бір маңызды оқиғаны айтайын. Жақында Қазақстанда допингке қарсы лаборатория ашылды. Мұндай зертхана бұрын-соңды бізде болған емес. Енді Ресей қалаларынан, Татарстан мен Орталық Азия елдерінің спортшылары Қытайға немесе Мәскеуге бармай бірден біздің елімізге келіп допинг тестерден өте алады. Жуырда дүниежүзілік допингке қарсы қауымдастық оның сертификатын берді. Қазір допингке қарсы халықаралық талаптарға сай келетін медициналық құрал-жабдықтар әкелінуде. Олармен барлық ауруханалар мен емханалар қамтамасыз етіледі. – Азиадада қауіпсіздікті сақтау мәселесі қалай шешіліп жатыр? – Бұл ерте бастан ойластырылған. Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Лаңкестікке қарсы орталығы Азия ойындары кезінде қауіпсіздікті және қоғамдық тәртіпті сақтау мақсатында құқық қорғау органдары мен тиісті мекемелердің жетекшілерінен құралған республикалық жедел штаб құрды. Оның қызметін қамтамасыз ету мақсатында білікті мамандардан құралған ведомствоаралық сарапшылар тобы құрылды. – Сізден өткен жолы Азия ойындарының алауы Олимпиада сияқты жарыс өтетін жерге әкелу жөнінде ұсыныс жасап, ол Кувейт шейхы тарапынан қолдауға ие болғанын естіп едік. Осы оқиға қалай болды? – Ол былай болған еді. Біз Кувейтке барғанымызда шейхтың қарамағындағы кісілерге: “Мынадай бастамамыз бар. Біз биылғы Азия ойындарының алауын жарыс өтетін жерге әкелуді ойластырып отырмыз. Осы ұсынысқа қолдау болса”, деп айтқан едік. Шынында да Азия ойындары Олимпиададан жарысқа қатысушылар жағынан аз өтетін дода болғанымен, одан бір елі кем емес қой. Олимпия ойындарының алауын жарыс өтетін елге табыс ету дәстүрі қалыптасқан. Біз де неге солай жасамаймыз деп шейхқа ұсыныс айттық. Сонда Кувейттің шейхы осыны өзінің жанындағы адамдардан естіп, бізді түнгі сағат 23.00-де қабылдап, ұсынысымызға қолдау білдіретінін айтты. Сөйтіп, алау тұңғыш рет Қазақстанның бастамасымен Азия ойындары өтетін жерге табыс етілетін болып шешілді. Бұл алау осы жылдың 31 желтоқсанынан келесі жылдың 1 қаңтарына қараған түні Азия олимпиялық кеңесінің штаб-пәтері орналасқан Эль-Кувейт қаласында жағылады. Осы салтанатты рәсімді біз барлық республикалық телеарналардан тікелей эфир арқылы көрсетуді жоспарлап отырмыз. Алау жағылған соң 2 қаңтар күні VІ қысқы Азиада өткен Қытайдың Чаньчун қаласына әкелінеді. 3 қаңтар күні ол Алматыға жеткізіледі. Алауды қарсы алу рәсімінен соң шырағдан Алматы көшелерімен жүріп өтіп, өңірлерде жалғасады. Содан кейін алау 27 күн ішінде еліміздің барлық аймағын аралап, 30 қаңтар күні Астана көшелеріне келіп жетіп, “Астана-Арена” стадионында Азия ойындарының ашылу салтанатында мәресіне әкелінеді. – Ашылу салтанаты 18.00-де басталады екен. Кеш болмай ма? – Тіпті сағат 17.00-де басталса да болады. Өйткені, қыста уақыт қысқарады ғой. Күн ерте батады. Әңгімелескен Дастан КЕНЖАЛИН.