• RUB:
    5.51
  • USD:
    475.37
  • EUR:
    514.97
Басты сайтқа өту
09 Қараша, 2010

Өр мінез өнерлі додада өріледі

823 рет
көрсетілді

1998 жылы республикалық мәр­тебеге қол жеткізген “Шабыт” фес­ти­валі 2000 жылы халықаралық дең­гейге көтерілді. Бұл дегеніміз аталған бай­қаудың өрісі өрбіп, тынысы кеңей­генін айқындаса керек. “Ша­быт” шығармашыл жастардың бола­шағына жол ашатын өнер до­дасы деп жата­мыз, шын мәнісінде де сол бағытпен іргетасы қаланған сай­ыс бүгінде жас­тардың ғана емес, қо­ғам арасында да үлкен беделге ие бо­лып келеді. Өйт­­кені, қазіргі өнер мен шығарма­шы­лық саласындағы талай танымал адамдар осы өнер бәйге­сін­де шашасына шаң жұқтырмай алға шы­ғып, лауреат пен жеңімпаз атанған еді. Сонымен он үш жылдық тарихы бар “Шабыт” халықаралық бай­­қауы­­ның биылғы шығармашылық қазаны қалай қайнады, сын сағаттардан жас­тарымыз қалай өтті, қазылар алқасы бағалау кезінде нендей қиын­дық­тарға тап болды, тағы басқа фес­ти­вальға байланысты сұрақтар төңіре­гінде аз-кем шолу жасасақ дейміз. Алты күнге жалғасқан “Шабыт- 2010” өнер додасы кеше аяқталып, бәсеке қызу өрістеп, шығармашылық бәйге өз мәресіне жетті. Осыған дейін сөз еткеніміздей фестиваль аясында қазылардың қатысуларымен болған шеберлік сағаттары мен өзара тәжірибе алмасу сынды шаралардың да, концерттік бағдарламалардан тұратын көптеген мәдени кештердің де куәсі болдық. Мәселен, жур­на­листика номинациясы фестивальдың екінші және үшінші күндері Бейбіт­ші­лік және келісім сарайында, клас­сикалық музыка номинациясы Қазақ ұлттық өнер университетінде, бейне­леу өнері номинациясы Тәуелсіздік сарайында тәжірибелі қазылар жас қатысушыларға арнап шеберлік са­ғат­тарын жүргізіп, әр номинацияның ерекшеліктері мен негізгі ұстаным­дары жайында дәріс оқыды. Мұндай өзара пікір алмасу бағытындағы шеберлік сағаттары қатысушыларға, олардың шығармашылық талпыныс­та­рына оң ықпал еткені сөзсіз. Сонымен қатар, мәдени іс-ша­ралар да, концерттік бағдарламалар да қатысушылар мен елордалықтарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Фес­тивальдың үшінші күні Қазақ ұлттық өнер университетінде өткен Испа­нияның Фламенко-Джаз музыка кеші де, Президенттік мәдениет ор­та­­лығында өткен қазылар алқасының қатысуымен болған Қазақ ұлт ас­паптары оркестрінің концерті де, төртінші күнгі Конгресс-Холл са­райында болған эстрадалық сим­фо­ния оркестрі мен Астана қаласы Мем­лекеттік филармониясы әнші­ле­рінің және қазылар алқасының қа­ты­суымен өткен эстрада жанрын­­да­ғы концерттің де, фестивальдың бе­сінші бәсекелі күніндегі К.Бай­сейі­това атындағы Ұлттық опера және балет театрындағы “Шахимардан Әбілев және оның шәкірттері” атты вокалды музыка кеші де жиналған қауымның шат көңілдерін шалқы­тып, шабыт шалқарына, шуақты сәттерге бөледі. Бұлардан бөлек Тәуелсіздік са­рай­ында жас суретшілер ұйым­дас­тыр­ған көрме де келушілердің жү­рек­терінен жылы орын алды. Бей­нелеу өнері бойынша олардың 101 туындысы қойылған көрме негі­зінен кескіндеме және графика жанр­­ларынан тұрады екен. Осы көр­ме барысында бейнелеу өнері номи­на­циясының қазылар алқасының мү­шелерімен тақырып туралы әңгіме­лес­кен едік. Сонда өнер өкілдері би­ыл­ғы байқауға қатысушы жас сурет­ші­лердің дүниетанымы, шығарма­шы­лық талғамы, эстетикалық ұста­ным­дары мен кәсіби біліктіліктері өт­кен жылдармен салыстырғанда әжеп­­тәуір жоғары деңгейде екендік­те­­­рін нақты мысалдармен алға тартады. Жалпы аталмыш фестивальға бай­ланысты қазылар алқасы тара­пы­нан да біраз сындар айтылып жатты. Әрине сын айтылғаны жақсы. Сын айтылмай, мін түзеле ме? Жалған мақ­тау жарға жықпай қоймайды де­ген­дей ортаға тасталған біраз әт­те­ген-айларға да кезек беріп көрсек. Мы­салы, “Эстрада өнері” номина­ция­сы вокал түрінен болған сайысқа төреші болған қазылар алқасы үміт­кер­лердің сахна мәдениетінен, өздерін ұстауы жағынан сәл де болса көңілден шықпағаны туралы өкпе-наздарын білдірді. Журналистика номинациясы бойынша да қатаң ескертулер бұлтартпайтын кемшіл тұстарға сүйеніп батыл айтылып жатты. Кейбір қатысушылардың ұқ­ып­сыздығы, өздерінің шы­ғар­ма­шы­лы­қ­тарына жауапкершілікпен қа­ра­маудың кесірінен номинацияларға жұмыс ұсыну кезінде қателіктер орын алғандығын өкінішпен тілге тиек етті. Сонымен қатар, тағы бір ескере кететін нәрсе – байқау­дың аты айтып тұрғандай, фестиваль халықаралық деңгейде дегенмен оған шет мемлекеттерден келген қатысу­шы­лардың үлес салмағының аз бо­луы. Жылдағыдай тек көрші Өз­бек­стан, Қырғызстан, Ресей елдерінен ғана емес, атына заты сай болу үшін басқа да алыс шетелдерден қатысу­шы­ларды тарту мәселелері көтерілді. Биылғы фестиваль барысында көңіл көншітерлік, ауыз толтырып айтарлық жәйттер болмады емес, болды әрине. Мәселен, осы жолғы байқауға алыс елді мекендегі ауыл жастары да белсене қатысқанына куә болдық. Ауыл жастары өздерінің қа­зақтың алтын бесігінде тәрбиеленіп жатқанын дәйектеп ой ұшқыр­лы­қ­­тарымен, ширақ шеберліктерімен, терең ізденістерімен қазылар алқа­сын қуантып жатты. Сонымен сын сағаттардың сың­ғы­ры да сырғып келіп жеткен еді. Алты күн бойы қазылар алқасы дұ­рыс та әділ шешімдер жасау үшін көп ойланғандары, толғанғандары жа­сырын емес. Өйткені үміткерлер арасында нағыз талантқа тән өнер көрсеткен жүлдеге лайық жастар көп болды. “Үміт үзу – қайратсыздық” деп халқымыздың ұлы ақыны Абай атамыз айтқанындай, барлық қатысу­шыларды жеңіске жетелеген үкілі үміттері – лауреат атанып, “Шабыт” халықаралық фестивалінің тарихында өз есімдерін қалдыру оларды алға жетеледі. Жетелеп қана қоймай, олардың барлығына жеңіс сыйлады. Біздің айтып отырған жеңісіміз, Олимпиада ойындарының ұранында “Ең бастысы жүлде алу емес, бастысы қатысуда” деп айтылғандай, мұндай халықаралық байқауға қатысудың өзі алдағы жеңіс шыңына жетудің үлкен бір қадамы, баспалдағы іспеттес. Кеше, яғни байқаудың соңғы күні жүзден жүйрік жеңімпаздардың аты-жөні белгілі болды. Шығарма­шы­лық сенімді мұрат еткен жастар­дың абыройлары Бейбітшілік және келісім сарайында асқақтады, одан да алыс армандарға, биік асуларға жетеледі. Ендігі кезек, сол нағыз жеңім­паздың жеңімпазы болған, бәйгеде оза шапқандардың есімдерін айтар болсақ, фестивальдың бас жүлдесі “Поэзия” номинациясы бойынша Азамат Тас­қаровқа, “Домбра-прима” номина­ция­сы бойынша ресейлік Анастасия Киьбюшкинаға, “Журна­лис­тика” номинациясы бойынша “7-ар­на” тілшісі Максим Рожинге, “Бей­нелеу өнері” номинациясы бой­ынша Бейбіт Әсемқұлға, “Хорео­гра­фия” номина­циясы бойынша Астана қаласы Мем­­лекеттік филармония­сы­ның “Шал­қыма” халық би ансам­блі­не, “Эстрада вокалы” номинациясы бойынша Гүлсім Мырзабековаға, “Жеке ән салу” номинациясы бой­ын­ша Жәмила Жарқымбаеваға, “Ка­мералық ан­самбль” номинациясы бойынша Өз­бекстаннан келген “Feruz” ішекті квартетке бұйырды. Бас жүлдеден басқа лауреат атағын ай­қын­дайтын І, ІІ, ІІІ дәрежелі дип­лом­дар­мен қатар, атаулы дипломдар, Қазақ­станның мәдениет және өнер қай­раткерлерінің құрметтеріне арналған сыйлықтар мен дипломант атағын білдіретін диплом­дар, байқауға қатысу­да белсенділік танытқаны үшін мақтау қағаздар мен жеке номинация­лар бой­ынша марапаттар тағайындалған еді. “Журналистика” номинация­сы­ның қорытындысы бойынша І дә­режелі лауреат атағына “Қазақстан” ұлттық арнасындағы “Меншікті ме­кен” авторлық бағдарламасы үшін Әй­герім Әбілдина, Алматы қаласы “Қа­зақ радиосының” редактор жүргізушісі Серік Сейітман иеленсе, ІІ дәрежелі лауреат атағын Павлодар облыстық “Звез­да Прииртышья” газетінің тіл­шісі Александр Вервекин мен “Аста­на” телеарнасындағы “Ин­те­ресные истории” авторлық бағ­дарла­масы үшін Олег Журкевич жеңіп алды. Ал ІІІ дәрежелі лауреат атағы “Нұр Астана” газетінің тілшісі Мақпал Жұмашева, әскери поли­гон­ның адам өміріне зардаптары туралы авторлық жұмысы үшін Арқалық қаласынан келген Ренат Елеубаев, “Ана” репортажы үшін Алматы облысынан келген Әйгерім Әбірова сынды жастардың еншісіне бұйырды. Сондай-ақ, Ақтөбе облыстық “Рика” телеарнасы ақпарат­тар қызметінің редакторы Серік Әбді­беков Марат Барманқұлов атындағы баспасөз саласындағы сыйлықтың иегері, “Алматы ақшамы” газетінде жарық көрген талдамалы танымдық мақа­ла­лар топтамасы үшін Әсия Бақ­дәу­ле­това Камал Смайылов атын­дағы атаулы сыйлыққа, ал респуб­ли­калық “Тұмар” журналында жарық көрген әдеби-танымдық мақалалар топта­ма­сы үшін Қаракөз Отарбаева Астана қалалық мәдениет басқарма­сының Нағима Өтепова атындағы арнайы сыйлықтарға ие болды. Дип­ломант­ атанған тілшілер қауымы­ның қатарында СТВ телеарнасының тіл­шісі Мұрат Уақбаев, республикалық “Айқын” газетінің Қарағанды облы­сындағы меншікті тілшісі Қамбар Ахметов, “Экспресс К” газетінің тіл­шісі Рүстем Омаров, “Время” газе­ті­нің Өскемен қаласындағы тілшісі Евгений Фоминых, “Актюбинский вестник” газетінің тілшісі Шолпан Төлеулова, республикалық “Айқын” газетінің Астанадағы тілшісі Қанат Махамбет сынды әріптестеріміз бар. “Ағайынның аты озғанша, ау­ыл­дастың тайы озсын” дегендей, ең­бектерінің жемісін көрген әріптес­те­рімізге шын жүректен құтты болсын айтқымыз келеді. Барлық аталған номинациялар бойынша жеңімпаздар есімдері бел­гілі болғаннан кейін, биылғы “Ша­быт-2010” байқауының ең да­рынды қа­тысушысы кім, Қазақстан Рес­публи­касы Президентінің кубогы кімге табысталады екен деген сұрақ бәрінің де көкейінде тұрғаны жасы­рын емес. Жеңімпаздарды марапат­тау рәсімінен кейін, көп ұзамай ХІІІ халықаралық “Шабыт-2010” шы­ғармашыл жастар фестивалі лау­реат­тарының концертінде ол да белгілі болды. Бұл жолғы “Ша­быт” бай­қау­ын­д­а даңқы тасып, мей­ма­насы асқан Өз­бекстан астанасы Таш­кенттен кел­ген “Feruz” ішекті квартеті Қа­зақ­стан Республикасы Президен­тінің ку­богын жеңіп алды. Аталған ку­бок­ты Астана қаласы әкімінің орын­ба­сары Аида Балаева табыстады. Барлық шаралар аяқталғаннан кейін “Шабыттың” биылғы шалқы­ма­сы Жастар сарайында фестиваль лау­реаттарына арналған қала әкімі ба­лы­мен салтанатты түрде мәресіне жетті. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ. Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.