• RUB:
    5.5
  • USD:
    473.95
  • EUR:
    513.38
Басты сайтқа өту
23 Қараша, 2010

Сөз құдіреті

1119 рет
көрсетілді

1925 жылдың көктемінде өткен атақты Құлынды жәрмеңкесіндегі Иса Байзақовтың өнерінен қатты әсер алған болашақ жазушы, сол кездегі “Степная правда” газетінің кор­рес­понденті Николай Анов былай деп жазады: “Исаның өңі қатты қуарып, ол безгек тигендей қалтырай бастады, көздерінде шоқтай жанған ұшқындар пайда болды. Импрови­заторлығы басталды. Домбыраға тура жан біткендей, біресе жанай, біресе аяқ астынан ұшып безек қағып әкетіп барады. ...Тасқынды легімен әндері нөсерлей төгілді, ақынның құдырет­ті­лігінің күштілігі соншалық, шулап отырған халық бірден тына қалды. Елу мың аттылысы бар, жаяулысы бар дүйім халық бір адамдай ақын әнін қалт жібермей тыңдап отыр, ма­құл­даған және күлген дауыстар шыға бастады”. Жиырма бес жастағы әнші әрі сазгер жігіт­тің поэтикалық дарындық талантының күш­ті­лігі соншалық, ол мыңдаған жұртты үйіріп әке­те алатын... Иса Байзақовтың қуатты таланты жайлы жазғандар ғана емес, өнерін тамаша­лаған жандардың бәрі ақынның импровиза­тор­лық поэтикалық және музыкалық тамаша магиясын тамсана еске алады. “...Ол бізге бір ертегідегідей болып көрінетін, – деп еске алады Исаның шығармашылығы жайлы қазақ музыка (кейіннен – опера) театрының алғаш­қы режиссері және оның негізін салушылардың бірі – Қаз ССР халық әртісі Қанабек Байсейі­тов, – онымен бірге қызметтес және жақын аралас-құралас болған біздің өзіміз, оны бірнеше рет көріп, өз құлағымызбен бірнеше рет тыңдап отырсақ та, кей кезде онымен қатар отырып, бейнебір тұңғиыққа сүңгіп кеткендей, аң-таң болып қаламыз”. Исаның шығарма­шы­лығын музыка майталмандары Ерзакович пен Хамидилер де жоғары бағалаған... От ауызды, орақ тілді билері бір ауыз сөзбен ру арасындағы дауларды тоқтата білген, ақындары кез келген көшпенділердің киіз үйінің төрінен орын алатын құрметті жандар – ұрпақтан-ұрпаққа таралып келе жатқан халық ауыз әдебиетінің асыл мұрасы. Иса поэтикалық сөздің хас шебері болған. Қазақ даласының даналары сөздің құдіретін ертеден сезінген. Халықтың дүр сілкініп қоштайтын өнерінің бірі – айтыс. Ақындардың онда тек қана өткір сөздері мен сазды әуендері ғана емес, терең біліктілігі де бағаланды. Айтыста жалған немесе көтерме сөздерге орын беріл­меген. Ол қазақ даласында қалыптасқан халық демократиясының өзіндік түрі еді. Шынайы поэзияның өскелең рухы мен бейнесі үлкен мағыналылықты білдіреді. “Адамдар сөзді меңгердік деп ойлайды, негізінен, іс жүзінде сөз адамдарды меңгереді” – дейді Ф.Бэкон. Қазақ қауымында да сөзіне қарап кісі тану қағидасы бар. Иса Байзақов – бұл сөздің жоғарғы ма­ғы­насында нағыз дарын иесі санатында. Бірінші дүниежүзілік соғыс басталғанда Иса 14 жаста ғана болса да, жас талантты ақын жайлы сөз бүкіл Сарыарқаға кең таралды. Бала жүрегінде әдемі сазды әуез үнемі тұрды, замандас­та­рының естеліктерінде Исаның неше жастан бастап өлең жазғаны айтылмаған. Нағыз ақынды поэзияға үйрете алмайсың, оның дарынын өзі балалық шағын өткізген және есейген шағындағы ортасы дамытады, өмір жағдайлары дарыған дарынды тереңдетіп және пайымды көзқарас қалыптастырады. Иса Байзақов өнерпаз ортада өсті. Тамаша ертегіші және халық әндерін нақышына келтіріп орындайтын әжесі Жанбаладан көп нәрсеге үйренді, нағашы ағасы Рахмет оны жастайынан домбыраға үйретті, үлкен әпкесі Зылиха да талантты еді...... Рас, тағдыр шіркін Исаны жас кезінен бас­тап еркелете қойған жоқ, 9 жасында ана­сынан айырды. 1916 жылы патша үкіметі қазақтарды тыл жұмыстарына алу жөнінде жарлығын шығарды. Бұл халық арасында өшпенділік дауылын әкелді, қазақ жігіттерінің қарулы қақтығысын туғызды. Қазақ халқының басына түскен әділетсіздікті Байзақ әулеті де бастан кешті. Он алты жасар қайсар ақын ағасы Мұ­самен, әкесі үшеуі болыстың айдауымен Куз­бас­қа жіберіледі. Бұл кездегі ауылдан ауылға тарап кеткен наразылықты айқындайтын ызалы өлеңдер Исаны да бей-жай қалдырмады. Сібірде өткен ақын өмірі жайлы Виктор Гущин өзінің “Импровизатордың сиқыры” деген мақаласында: “Бұл көмір тозаңы нағыз каторга еді. Адамдар жер астында 12-14 сағат жұмыс істеді. Өлім көп болды. Аштықтан, аурудан, ауыр жұмыстан өлгендер көп болды. ... Кешқұрым суық, дымқыл барақтың тұрғындары шырақтың сығырайған қара көлеңкесі аясында Исаны қоршап алып, оған домбырада ойнап, туған халқының әндерін шырқап беруді өтініп жатыр. Исаның саусағы қос шекке тиісімен, домбыра үн қатты. Ты­ныш­тақ орнады. Иса ән сала бастады, оның түрі ән айтқан сайын өзгеріп отырды. Өңі құл­пы­рып, жалын атқан Исаның әдемі қоңыр да­уы­сы жан-жағындағыларды баурап алды. Тың­дар­мандардың жүздері бал-бұл жанып, көз­де­ріне жас келіп, бәрі де туған жерлерін сағы­ны­сып, ойша шолып қайтты. Иса әндері мен әуездері адамдарды баурап алды, оларға үміт пен күш беріп рухтандарды”, – деп жазады. Теңдік төңкерісін Иса бар жан-тәнімен қарсы алды. Туған жеріне қайтып оралған оны үлкен өзгерістер күтіп, өмір жақсарып, қуат ала бастады. Ол айтыстарға қатысып, өзінің туған ауылы Үлгіліде жастарды айналасына жинап “Ес-Аймақ” деген үйірме ашады. Мек­тепте сауатсыздықты жою жайлы шараларға қатысады. “Болыс” деген пьесасында қазақтың болыстарын мазақтап жазады, онда өзі үш мін­детті: пьеса авторы, оның қоюшысы және бас­ты рөлді атқарады. Ол өзі қызықты, қанықты өмір сүреді, дегенмен ол әрі қарай оқу керек­тігін де түсінеді. Осы үмітпен Иса сол кездегі қазақ зиялы қауымдастығының рухани ордасы – Семейге келеді. Иса Байзақовтың Семейге келуінің тағы бір романтикалық дерегі бар. Атақты әнші Майра Шамсутдинова және жас импровизатор-ақын Иса екеуі Семей қала­сында Әміренің дауысын естіп, жақын та­ны­сып, достасады. Бұл қалада да ол тұрғындар ара­сында “Ес-Аймақ” үйірмесінде ағартушы­лық жұмысын жүргізеді. Әміре Қашаубаев осы үйірмеге қатысушылардың бірі ретінде спектакльдерге, концерттерге жиі қатысады. Иса Байзақовтың Семейдегі өмір кезеңдері қысқа да әрі ең қызықты еді, ол мұнда тек қана өзінің талантына сай Әміре Қашаубаев сияқты достар тауып қана қоймай, Мұхтар Әуезовпен танысады. Ол талантты достарын апалы-сі­ңі­лілі Вера мен Лидия Становалардың қонақ­жай үйіне әкеледі, мұнда Иса мен Әміре өз өмірлерінде алғаш рет кәсіби музыкалық сабақ алады. Осы үйде Иса жас жазушы Николай Ановпен танысады. Жазушы Исаны кейін өзінің “Ән қанаты” романында басты кей­іпкер Мұса Базановтың образында бейнелейді. 1921 жылы рабфакты аяқтаған соң, Иса оқуын Орынборда Қазақ ағарту институтында жалғастырады. Ол қанықты шығармашылық өнер көрсетті. 1924 жылы оның алғаш рет баспа­ға әндері шығады. Ол өзінің досы Әміре Қашаубаевпен концерттік және театралды қызметпен жиі гастрольдерге жиі шығып жүрді. 1926 жылы республика өмірінде елеулі оқиға болады. Сол кездегі Қазақстан астанасы Қызылордада бірінші рет Қазақ ұлттық театры ашылады, оның алғашқы қойылымына Иса Бай­зақовпен бірге Әміре Қашаубаев, Қалибек Қуа­нышбаев, Елубай Өмірзақов, Қапан Ба­ды­ров, Вера Лазарева (Станова) қатысады. Театр шымылдығы Мұхтар Әуезовтің “Еңлік-Кебек” пьесасымен ашылады. Спектакль ре­жис­сері Серке Қожамқұлов болады. Әуезов “Бәйбіше-тоқал” спектаклінде басты рөлді Иса Байза­қов­қа сеніп тапсырды. Мұхтар Әуезов талантты ақынға “Шексіз даланың тасқын желі” деген ат берді. Әдетте халқымыз көпқырлы талантты адам­ды “сегіз қырлы – бір сырлы” деп атайды. Иса Байзақов – әнші, дүлдүл ақын, сазгер, актер еді. Жалпы қазақтың ұлттық өнерінде музыкалық синтез және ақындық бір адамның бойында ғана кездесуі сирек емес еді. Бірақ Иса Байзақовты тыңдаған жанның бәрі, оның ақындық дарындылығы мен импровизациялық шеберлік бірлігін таңданыспен еске алады. Оның сахнадағы өнері тыңдаған адамды аб­солютті бейнелі әлемге апарады. Ол кез келген сәтті және құбылысты поэтика арнасында жан­дандырады, оның әндері көбінесе көрермен­дердің көз алдында туады. Бір есте қалатын эпизод, Күләш Байсейітовамен бір опералық туындының басты партиясын орындап тұрған сәтінде қатты толқып кеткен Иса дәл сахнада импровизаторлық жыр жолдарын төгілтіп жі­­береді. Оның ипровизаторлығы көрермендердің қолпаштауын туғызғанымен театр жетекшілері реніш білдірген екен. Фольклор негізінде құрастырылған оның эпикалық шығармалары – “Құралай сұлу”, “Қойшының ертегісі”, “Алтай баурайында”, “Қыр­мызы Жанай”, “Кавказ”, “Ақбөпе” – бұлар уақыт сынағынан өткерілген поэзияның жоғары және талғампаз тілі. Халық әндерінің көпшілігі Исаның көмегімен екінші рет өмірге келген. Олардың ішінде “Заулатшы-ай”, “Қал­қа”, “Смет”, “Назқоңыр”, “Көкен”, “Бике”, “Жар-жар” және т.б. әндер бар. Қазақ өнерінің асқақ, сазды әндерінің бірі – “Гәкку” әні ұзақ уақыт бойы халық әні деп есептеліп келді. Бірақ көптеген музыкатанушылар оның авторы Иса Байзақов деген болжам жасап отыр. Ол кішіпейілдік көрсетіп, бұл әнге авторлықтан бас тартатын. Иса қиындығы қиғаш кезеңді бастан кешкенімен, бай оқиғалы, жарқын өмір сүрді, халықтың нағыз сүйіктісі атанды. Халықтың сүйіспеншілігі оны НКВД ұйымы қазақтың жас шығармашыл қауымын “контрреволю­цио­нер­лер” деген жаламен қуғындай бастағанда аман алып қалды. Семейде жүрген кездерінде Мұхтар Әуезовке, Әміре Қашаубаевқа және Иса Байзақовқа алашордашыл болды, Новосі­бір­дің контрреволюциялық ұйымдарына қатыс­ты деген жала жабылды. Күніне төрт сағат бойы өткен қатаң тергеу ақынды сындыра ал­мады, халық сүйіспеншілігі, “ән сиқыршысын” сақтап қалғанымен, 1925 жылы мамыр айында өнерімен Парижді дүр сіл­кін­дірген оның досы Әмі­рені сақтай алмады.. 1934 жылы досын жоғалтқан Иса екі жылдан соң аста­на­дан кетеді. “Бұ дүниеде әркімнің өз орны бар”. Ақынның жан жарасын емдеуші Ертіс жағасы болды. Иса Байзақов өзінің жүрегіне жақын үлкен өнер жолына жолдама берген Семей қаласына оралады. Ол Семейдің теат­рында өзінің өмірлік серігі Шарбану екеуі өнер көрсетеді. Шарбану – бірнеше кәсіби рөлдерді, соның ішінде 20-дан астам басты рөлдерді сомдаған алғашқы қазақ әртісі. Олар қазақ ауылдарында өз өнерлерін көрсетті. Олардың ойнаған әр спектакльдері қаланың да, ауылдың да тұрғындары үшін үлкен оқиға, қуаныш еді. Олар көрермендерді өз өнерлерімен біресе жылатып, біресе қуантып баурап алды. Иса мен Шарбану жас әртістерге көңіл аударып, ақыл-кеңестер беріп тұрды. Оларға сөздерімен, істерімен әртістік әлемнің сырын үйретті. Атақты музыкатанушы-этнограф А.В.Затае­вич импровизатор-ақынды: “Иса Байзақов – жалынды жас, қызуқанды, тапқыр импро­ви­за­тор ақын, ол шебер айта да және әсерлі, әдемі ән сала да біледі. Ал сахна ойынына келгенде де ол жаратылысынан әртіс сияқты. Оның сөйлеуінде, қимыл қозғалысында жұртты өзіне тартып, қызықтырып әкететін сезім қабілеті күшті. Жалпы ол – ерен талантты адам. Халықтың берген тақырыбы немесе қалауы бойынша қолма-қол суырып салып, батыл, ұзақ айтқан оның өлең, жырлары бейнебір өзен тасқынындай қалың көпшілікті де, жеке білімді адамдарды да қайран қалдырып, сүйсіндіре білді”, – деп сипаттайды. Жан жарынан айырылған Иса жалғыздық торына түсті. Ол балаларымен бірге Алматыға келді. Өнерімен әйгілі болған дүлдүл ақын балаларына жақсы әке болады. Қызы Мақпуза Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, ұлы Ертіс философия ғылымдарының кандидаты атанды, екеуі де әке үмітін ақтаған жандар. 1940 жылы Иса Қазақ радиосында, Жа­зу­шылар одағында қызмет істейді, “Ақбөпе” поэ­ма­сын жазады, ол 1941 жылы баспадан жарық кө­реді. Соғыс басталғанда Иса еріктілер қата­рына алуды сұрап өтініш жазады. Бірақ денсаулығы сыр беріп, Отанын қорғау үшін қолына қару алып, майдан шебіне баруға мүм­кіндік болмады. Оның қаруы – поэтикалық және музыкалық шығармалары болды. Ол өнер көрсетуден, концерттен түскен ақшаның бәрін соғысқа жібереді. Соғыс өткен жылдары оның майданға жіберген қаражат көлемі миллионға жетті. Иса Байзақовтың шығармашылығы үкіметтің назарына ілігіп, ақындық өнері үшін, Қазақстан әдебиеті мен өнерін дамытуға қосқан үлесі үшін Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталады. Ең басты марапат тамаша ақын жайлы ғасырға ұласқан халықтың естелігі еді. 1946 жылы Қазақстан халқы ең сүйікті ақынынан айырылды. ХХ ғасырды қазақ әдебиеті мен мәдение­ті­нің “алтын ғасыры” деп атайды. Ғасыр ба­сында атақты үш ақын шықты. Олар: Шәкәрім, Мағжан, Сұлтанмахмұт. Өткен ғасырдың 20-60 жылдарындағы әдебиет жұлдыздары қатарына Ілияс Жансүгіровтен кейін Иса Байзақов, Сәкен Сейфуллин, Тайыр Жароков, Әбділда Тәжібаев, Қалижан Бекхожин, Қасым Аман­жо­лов, Жұбан Молдағалиев, Сырбай Мәуленов, Ғафу Қайырбеков және т.б. қосылды. Міне, қазіргі жастарға Иса Байзақов жайлы айтар сөз құдіреті осындай. Исаның құдіретті дарыны туғызған шығармалары ұрпақтың игілігіне асып, жаңа заманның, тәуелсіз еліміздің рухани қазынасына, ой дариясына, өнер әлеміне келіп ұласты. Ақынның әдеби мұрасы халық рухын көтеретін ұлттық идеямыздың сарқылмас қайнар көзі, таусылмас бұлағы болып отыр. Ерлан АРЫН, экономика ғылымдарының докторы, профессор.