Міне, бүгін Астана Саммиті өзінің шымылдығын ашады. Ал бұған дейін әлемнің 56 мемлекетінің басын біріктірген алып Ұйым форумын өткізу үшін қарбаласты жұмыстар қарқын алып, көптеген істің тиянағы келтірілді. Бұл ретте Саммитке қатысты әрбір шаралар мен дайындықтардың, тіптен Саммит қонақтарына арналатын ұсақтүйек заттардың алатын орны да ерекше болды. Мәселен, дүниенің әр қиырынан келіп жеткен жоғары мәртебелі қонақтар өз еліне Қазақстан және қазақ жұрты туралы жақсы әсермен оралулары үшін оларға арнайы әзірленетін кәдесыйлардың да өз өрнегімен, өз әсемдігімен “менмұндалап” тұрғаны жөнақ қой...
Осы орайда, еліміздің қолданбалы өнерінің хас шеберлері дәстүрлі кәдесыйларға соңғы өрнектерін енгізіп, ал дизайнерлер имидждік өнімдер кескінінің көз тартарлық сипатта болуы үшін барлық мүмкіндіктерін пайдаланды. Яғни, ең бастысы, шығармашылық қабілетті жан-жақты көрсетуге барларын салды.
Әрине, кәдесыйлардың неғұрлым ұлттық бояу мен ұлттық нақышқа сай жасалуы өз ісінің қырсырын терең меңгерген қолөнер мамандарының шеберлігіне байланысты болары сөзсіз. Ұлттық үлгіде тігілген әдемі қуыршақтар мен ағаштан ойып жасалған ыдыс-аяқ, ою-өрнекпен көмкерілген алаша, қасқыр мен түлкі терісінен жасалған бөрік сынды бұйымдардың кез келгені Қазақстанға келген әрбір қонақтың назарынан тыс қалмасы анық. Шын шеберлердің қолынан шыққан кәдесыйлардың қадірлі қонақтар көңілінен шығатынына осы салада жүрген мамандардың өздері де сенімді.
Айнагүл ҚУАНҒАЛИЕВА, дизайнер:
– Біздің қуыршақ-фигураларымыздың ерекшелігі – олар қонақтарды еліміздің, Астана қаласының төріне шақырады. Мәселен, бізде кішкентай киіз үйдің төрі бар. Мұндай кәдесыйлар, ең алдымен, біздің қонақжайлығымыздың белгісі іспетті. Оларды “Біз сіздерді шақырамыз! Біздің төр сіздер үшін әрдайым ашық” деген сөздермен Қазақстанға келген шетелдіктерге ұсынуға болады.
Роза ӘБЕНОВА, көркемдік салонының арт-директоры:
– Шебер қолдан шыққан қуыршақ пішіндес кәдесыйлардың бүкіл әлемге тарайтынын, сол арқылы жат ел жұртшылығының қазақ қыз-келіншектері мен жігіттерінің өздеріне тән ерекшеліктері мен сыр-сымбаты туралы да білетінін іштей сезінудің өзі көңілге жылылық ұялатады екен. Сондықтан, мұндай кәдесыйлардың қай-қайсысы болсын беделді Ұйымның Астанада басталып отырған Саммитіне келген жоғары лауазым иелеріне, меймандарға жақсы әсер қалдырып, олар біздің өнімдерімізді жылы қабылдайды деп сенемін.
“Астана қаласының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы” ММ бастығының орынбасары Рысгүл Қауғабаеваның айтуынша, Саммит қарсаңындағы іс-шаралардың әрқайсысы жоғары деңгейде ұйымдастырылған көрінеді. “Мәселен, “Астана қаласының кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы” мемлекеттік мекемесі сыртында OSCE Kazakhstan 2010 деген жазуы бар кішкентай қорапшаларды қонақтарға сыйға тартпақ ниетте екен. Бұл қорапшалардың әрқайсысында Қазақстанның туы бейнеленген 4 конфет болады. Олардың барлығы да отандық конфет өндіруші фирмалардың өнімдері. Яғни, қонақтар жайғасқан қонақүйлердің барлығында да осындай кәдесыйларды кездестіруге болады. Мұндай кәдесый қорапшаларының жалпы саны 6 мыңды құрайды. Конфет пішіндес кәдесыйлар қонақүйлердің әрбір бөлмесінде болады. Сондай-ақ, елордадағы мейрамханаларда да қонақтарға “шығыс тәттілері”, мейрамханалардың өздерінің бокал, кружка секілді имидждік өнімдері, ұлттық нақышта жасалған кәдесыйлары ұсынылмақ”, – дейді Рысгүл Боранбайқызы.
Елордадағы “Астана өндірісі” ЖШС де бұл шарадан сырт қалмапты. Мәселен, сыртында ЕҚЫҰ мен оның Саммитінің логотипі бейнелеген айран, ірімшік секілді сүт өнімдерінің құтылары да еліміздегі мекемелердің бұл шараға бей-жай қарамағандықтарының белгісіндей көрінеді.
Естелік кәдесыйлар – ресми емес сыйлықтар. Сол себепті дизайнерлік студияларда Саммиттің логотипін ғана емес, сондай-ақ, Қазақстанда өтетін ауқымды іс-шараны айшықтайтын заттардың, мәселен, сыйлық түріндегі портфельдердің, папкалар мен билбордтарға арналған қаламсаптардың нұсқалары әзірленбек. Демек, Саммитке келген әрбір қатысушы көптеген мазмұнды мәліметтері бар ЕҚЫҰ-ның арнайы символикасы бейнеленген папкаларды ғана емес, сондай-ақ, Қазақстан елордасы – Астана “жауһарлары”, оның ішінде елорданың ең таңдаулы, бетке ұстар деген қонақүйлері жөнінде қысқаша ақпараттар жазылған анықтамалықтармен де таныса алады.
Дүние жүзіндегі ең беделді ұйымдардың біріне төрағалық ету арқылы өзін дүйім әлемге танытуға ұмтылған Қазақстан және оның ұлттық ерекшелігі турасында жан-жақты мағлұматтары бар дискілер де Саммит қонақтарына табыс етілмек. Ал дүйім дүние дидарын өзіне қарататын шараның басы-қасында жүрген жандардың назарынан Астана қаласы картасының көрінісін дайындау да сырт қалмапты. Ол карта ЕҚЫҰ-ның екі жұмыс тілдері – ағылшын және орыс тілдерінде мәлімет береді.
Бір атап өтерлігі, Саммитке қатысты арнайы ресми, яғни баспа өнімдерді өндіру кезінде ешқандай да әуесқойлыққа жол берілмейді екен. Яғни, Саммит логотипінің өзі Сыртқы істер министрлігі бекіткен үлгілерге сәйкес жасалған. Сонымен қатар, бұл заттардың басты ерекшелігі – оларда, ең алдымен, Қазақстан төрағалығының логотипі мен еліміздің символдары, оның ішінде ту элементтері айшықты түрде безендірілген. Тағы бір ескерерлігі, логотип тек қағаз бетінде ғана емес, сондай-ақ пластик заттары мен былғарыдан жасалған өнімдерде де көрініс тапқан.
Еліміздің, Қазақстан елордасы – Астананың атын айдай әлемге танытатын мезет те келіп жетті. Қазақ қашанда қонақжай қасиетімен танылған халық. Демек, сол қасиетін барынша көрсетіп, еліміздің бар болмысымен танылар тұсы да осы сәт болса керек.
Әрине, ешкім ешкімге оңайлықпен сенім білдірмейді. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың: “Осы тарихи міндетті жақсылап өткізу, елдің есінде қалатындай болу, өзіміздің, Астананың, мемлекеттің сондай саммитті өткізу қабілеті бар екенін білдіру керек. Бұл тағы да біздің елдің дәрежесін көтереді, Қазақстанды дүние жүзіне белгілі етеді”, – деген сөзі барша халыққа үлкен сенім артып отырғанының белгісі. Себебі, өзіне асқан жауапкершілікпен алған бұл шараны үлкен абыроймен атқарып шығу – елдігімізге сын. Сондықтан оған қатысты кез келген іс-шара сәтті жүзеге асқан сайын Қазақстанның әлем алдындағы беделі де көтеріле түспек.
Ләйлә ЕДІЛҚЫЗЫ.