• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
08 Желтоқсан, 2010

Астана Саммиті – жаңа дәуірдің басы

798 рет
көрсетілді

Қаламгерлер қолдауы

Күні кеше аяқталған ЕҚЫҰ Саммитінің сәтті өтуіне орай еліміздің бір топ ақын-жазушылары редакцияға қолдаухат жолдап отыр. Хаттың мәтінінде былай делінген: Саяси қоғамдастықтар мен ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сеніміне ие болып, тараптар жүктеген төрағалық міндеттер бойынша жыл бойы Еуразия кеңістігінде ғалам­дық мәселелерге қатысты іргелі істер атқарған, күні кеше ғана Сарыарқа төсі­не жаһан назарын аударып қана қоймай, Қазақстан Республикасының әлем ал­дын­­дағы абырой-беделін төрткүл дү­ние­ге паш еткен Астана Саммитінің ұлы дүбірі сәтті аяқталды. Түсіне білгенге және өзін осы Қазақ мемлекетінің патриотымын дейтін азаматтарға, бұл – шын мәнінде тарихи оқиға! Қара ормандай қалың қазақ халқы тікелей эфирдегі теле-радио сынды электронды ақпарат құралдарынан және беделді басылым беттерінен бәрін жіті қадағалап отырды десек артық болмас. Осынау дүниеде бір тұтам жер үшін ұңғысынан түтіні сейілмей тұрған, «қ­а­ра қазан, сары бала» қамы үшін шү­ріп­педен қолын алмай күрес жүргізіп жат­қан ел аз ба? Ошағы ортасына түсіп, ой­ран­далмаған жер аз ба? Балқан тау­дың басын мұнар, балағын қырау шал­ғалы қашан? Қабырғасынан қаншама ұлтты өргізген Қап тауының етегіндегі бұлақ­тар неге лайланды? Басынан бақай­шы­ғы­на дейін саяси сауыттармен қару­лан­ған шынжыр табан танктердің астында шыңғырып жатқан Таяу Шығыстағы бей­күнә ұрпақтың зарына бұл ғасыр құ­лақ аса ма? Мұнайдың буы мен есірт­кінің уына арбалған Парсы шығанағы һәм ауған аңғарлары неге бүтін адам­заттың зәре-құтын алып, «бас ауруына» айналып отыр? Шекаралары шендескенмен, бейбіт қарым-қатынастары елдеспей отырған, бір-бірін қапсыра құ­шақ­тағанмен қабырғасын бір-бірлеп санап отырған ұлыстар мен ұлттар аз емес? Ғаламдық деңгейде алдынан сұ­ра­пыл қайшылықтар тосарын біле тұра Қазақстан неге жаппай қырып-жоятын ядролық қарудың қара жәшігінен бас тартты? Бұл – адамзат баласының ХХІ ғасырдың алдына қоятын салмағы зіл­мауыр сауалдардың бір парасы ғана. Әлемдік геосаяси карта былайғы көзге көріне бермейтін күнгейлі-теріскейлі ал­мағайып кезеңдерді бастан өткеріп жат­қан шақта, өзінің ішкі саяси-эконо­ми­калық, әлеуметтік ағыстарының ар­на­сын кеңейтумен қатар, ғаламдық қауіп­сіздік мәселесіне алаңдаушылық біл­діріп, ЕҚЫҰ-ның мінбесін қазақ хал­қының елордасына әкелуі – Қазақ­станның болашақ даму бағытын тағы бір айқындап бергенінің анық дәлелі. Кез келген мәселе өркениетті диалогтармен шешілуі тиіс. Біз Қазақстанның таңдаған жолы, саяси ұстанымы осылай деп түсіндік. Сондықтан да кешегі Ас­тана төрінде өткен дүбірлі Саммитке сәт сапар тіледік, сол жиында қабыл­данған Астана Декларациясынан, оның әр­бір тармағының тамырына қан жүгі­ріп, таңдау түскен шешімдер таразыға салынған, талқыланған халықаралық жағ­дайларға ықпал етеді деген сенімдеміз. ЕҚЫҰ-ға төрағалық міндетін жо­ғары деңгейде атқарған ресми Астана бітіспес тараптарды бір үстел басына жинау арқылы Еуразия кеңістігінде ғана емес, бүкіл әлем алдында саяси сал­ма­ғы сан батпан іргелі миссияны атқарды. Миссияның жемісі сол – бітіспес тарап­тарды ең жоғары деңгейде түйістірді. Ғаламдық мәселелерді мемлекет басшылары деңгейінде қарастырған бұл Саммит – қазақ елінің арғы-бергі тари­хын­да, мыңжылдықтар дәуірінде бол­ма­ған оқиға десек тіпті де асыра айт­қандық емес. Бұл жиын – саяси ахуалы өте күрделі Еуразия кеңістігінде жаңа санаттағы мемлекет құрып, астана түз­ген ата-бабаларымыз сан ғасырлар бо­йы армандап кеткен Тәуелсіздікке қол жет­кізіп, ұлы дала төсіндегі сан ұлысты бей­біт түсіністікте, дау-жанжалға ұрын­дырмай алып келе жатқан мемлекет бас­шысы Нұрсұлтан Назарбаев көшінің кө­лікті, саясатының салмақты да сабырлы екендігінің жемісі. Бұл – алып елдер ара­сы­нан жаһанның саяси даму кеңіс­тігіне сыналап жол тауып келе жатқан мемлекет басшысының, Қазақстанның – аймақтың геосаяси алаңындағы жетекші ел екенінің белгісі. Ұйымға төраға­лық еткен Қазақстан жыл бойы жұмыр жердің қауіпсіздігі үшін Еуразия аума­ғындағы отты ошақтарда, ыстық нүкте­лерде бо­лып, ірі бітімгерлік міндеттер атқарды. Ел­дің бірлігі мен ұлттың тұ­тас­тығын, мем­лекеттік саясаттың сараб­далдығын үл­кен жауапкершілікпен сезінетін зиялы қауым өкілдері діттеген деңгейде өткен Астана Саммитін аса жоғары бағалауда. Әлем сарапшылары тарапынан үлкен бағаға ие болған Аста­на Саммиті – Қазақ­станның сыртқы сая­сатының халықара­лық мәселелерге ара­ласып қана қоймай, түйінді түйт­кіл­дердің шешімін табудағы іскерлігін айқын көрсетті. Бұл Саммит – аз ғана мезгіл ішінде ал­ты құрлыққа аты мәшһүр болып үл­гер­ген, өзінің даму үрдісін қалып­тас­тырған Тәуелсіз Қазақстан тарихының әлемдік саяси кеңістіктегі жаңа кезеңі­нің, жаңа дәуірінің басы десек артық емес. Хатқа танымал қаламгерлер: Нұрлан Оразалин, Әзілхан Нұршайықов, Серік Қирабаев, Иван Щеголихин, Олжас Сүлейменов, Шериаздан Елеукенов, Шерхан Мұртаза, Кәкімбек Салықов, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырза-Әлі, Сейіт Қасқабасов, Фариза Оңғарсынова, Марфуға Айтхожина, Шәрбану Құмарова, Ақұштап Бақтыгереева, Күләш Ахметова, Әкім Әшімов (Тарази), Қалихан Ысқақ, Әнес Сараев, Оразбек Сәрсенбаев, Марал Ысқақбай, Сәкен Иманасов, Серік Қапшықбайұлы, Бексұлтан Нұржекеев, Сейфолла Оспанов, Ахметжан Аширов, Махмуд Абдрахманов, Қоғабай Сәрсекеев, Сәбит Досанов, Дүкенбай Досжан, Софы Сматаев, Әшірбек Сығай, Есенбай Дүйсенбайұлы, Ахат Жақсыбаев, Берік Шаханұлы, Рафаэль Ниязбеков, Смағұл Елубай, Сұлтанәлі Балғабаев, Ұлықбек Есдәулетов, Несіпбек Айтұлы, Тұрсынай Оразбаева, Валерий Михайлов, Ғалым Жайлыбай, Жұмабай Шаштайұлы, Бақыт Сарбалаев, Сұлтан Қалиұлы, Көпен Әмірбек, Серік Асылбекұлы, Қансейіт Әбдезұлы, Жанғара Дәдебаев, Бауыржан Жақып, Надежда Чернова, Любовь Шашкова, Лаврентий Сон, Жәркен Бөдешұлы, Тұрысбек Сәукетаев, Еркін Жаппас, Жүсіпбек Қорғасбек, Темірғали Көпбаев, Асқар Алтай, Маралтай Ыбыраев, Жарас Сәрсек,  Әмірхан Балқыбек, Жанарбек Әшімжан, Танакөз Толқынқызы қол қойған. * * * ҚҰТТЫҚТАУ ХАТ Аса мәртебелі Нұрсұлтан Әбішұлы. Жақында ғана Астана қаласында Қазақ­станның төрағалығымен өткен Еуропа­дағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Саммиті үлкен табыспен аяқталды. Осындай беделді ұйымның Төрағасы әрі Саммит шақырушы ел ретінде Қазақстан өз атын адамзат тарихына алтын әріптермен жазды! Желтоқсанның 1-2-сі күндері күллі түркі дүниесі ғана емес, барша әлем дүркіреп тұрды. Өзіңіз айтқандай: «Қа­зақ елі үшін, Астана үшін мың жыл­да бір келетін тарихи оқиға болды». Өш­кеніміз жанды, өлгеніміз тірілді, көңілі­міз көншіді. Төрткүл дүниені Астана маг­нит өрісінде ұстап, асқаралы ойлар­дың бастау бұлағына айналды. Еуразия даласын ат тұяғымен дүбірлеткен бабалар әруағы бір аунап түсті. Дүние астаң-кестеңі шығып, мұхит­тай тулап жатқан кезде – бір мезгілде, бір күнде әлем таныған ел басшылары бір шаңырақтың астында Сіздің қабағы­ңызға қарап, аталы сөзіңізді тыңдап, пәтуаға келуінің өзі теңдесі жоқ оқиға болды! Қазақстанды бүгінде әлем таныды, атынан түсіп сәлем беретін халге жетті. Тәуелсіздіктің елең-алаң жылдарын­да Сіз көтерген Еуразия идеясы бүгінде шын мәнінде жүзеге асты. Түркі дүниесі Ақ­са­қал­дар кеңесінің алғашқы отыры­сы да та­быспен өтті. «Енші алып, түгел түрік та­рас­қанда, қазақта қарашаңырақ қалған жоқ па», деп Мағжан ақын жырлағандай, Түркі дүниесі Ақсақалдар кеңесінің бірінші оты­рысы – осы қара­шаңырақта, Қазақ елінде, Президенттік мәдениет орталы­ғында өтіп отыр. Мұны да жақсы ырымға жорыдық. Өткен жұмада әлем лидерлері Сізге қарап бой түзесе, біз Сізге қарап ой түзедік. Кешегі Күлтегін, Тоныкөк баба­ларымыздың әруағын қайта аунатып, келелі бір кеңес құрдық. Осындайда кеңесіп пішкен тон келте болмайды деген аталы сөз еске түседі. Негізгі мәселе: түп тамырымызды қозғайық, тегімізді түкпірлейік, ұрпақ­тар сабақтастығын үзбейік, ХХІ ғасыр­дың түркі дүниесі ғасыры болатынына кәміл сенейік дедік! Қадірлі Нұрсұлтан Әбішұлы. Бүгінгі таңдағы Қазақстан мемлекетінің қол жет­кізген толағай табыстары Сіздің атыңызбен тығыз байланысты. Бұл біздерге айтуы жоқ шабыт сыйлайды. Түркі дүниесінің көшін бастап жүре беріңіз. Келесі жылы Қазақстан Ислам Конференциясы Ұйымын басқарғалы отыр. Әрдайым дуалы ауыздан шыққан пәтуаңыз­бен әлем халқын сүттей ұйыта беріңіз! Құрметпен, Түркі дүниесі Ақсақалдар кеңесі­нің мүшелері: Мырзатай ЖОЛДАСБЕКОВ, Түркітілдес мемлекеттер Ақсақал­дар кеңесінің төрағасы, Қазақстан Республикасы Президенттік мәдениет орталығының директоры; Мұстафа ИСЕН,  Түрік Республикасы Ақсақалдар ке­ңе­сі­нің төрағасы, Түрік Республи­ка­сы­ның  Президенті Әкімшілігінің бас­шысы; Будаг АБДУЛАЛИОҒЛЫ, Әзірбайжан Ақсақалдар кеңесінің төрағасы; Ишенбай АБДУРАЗАКОВ, Қырғыз Республикасы Ақсақалдар ке­ңесінің төрағасы, Қырғыз Республика­сының  бұрынғы мемлекеттік хатшысы. * * * МАҚТАНА АЛАТЫН КҮЙ КЕШТІК «Егемен Қазақстан» газетінің редакциясына Құрметті басылым басшысы, сіздің газет арқылы Астана Саммитінің абыройлы өтуіне байланысты барлық отандас­тарыма деген құрметіміз бен құттық­тауымызды жеткізуге рұқсат етсеңіз. Ең алдымен, осы идеяның авторы және ұйымдастырушысы Елбасы Нұр­сұлтан Назарбаевты қызу құттық­тай­мыз. Саммит Қазақ елінің әлем алдын­дағы абыройын биікке көтеріп кетті. Оны теледидардан және баспасөз бетінен үзбей қарап отырған біздің шатты­ғымыз бен ойды билеген қуаныш сезімінде шек болған жоқ. Саммитте тарих сахнасына ұлтының ұлы көшін бастап шыққан және оны көш соңында қал­дыр­май алға сүйреген Прези­дентіміздің бейнесі тым асқақ көрінді. Әркім-ақ елі үшін, Елбасы үшін мақтана алатын күй кешті. Қадірлі Нұреке, осы қуанышымызды бөлісе отырып, ұлтымыздың ұлы байлығы – Тәуелсіздігіміздің баянды болуына, оның Көшбасшысының ұзақ өмір сүріп, халқын жеңістен жеңіске бастай беруіне тілектестік білдіреміз. Құрметпен, Серік ҚИРАБАЕВ, Әлия БЕЙСЕНОВА, Ұлттық ғылым академиясының академиктері. Алматы.