• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
14 Желтоқсан, 2010

Қазақстан – батыс пен шығыстың алтын көпірі

2595 рет
көрсетілді

(Ислам Конференциясы Ұйымы және Қазақстан)

Қазақстанның 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына табысты төрағалығы және ЕҚЫҰ-ның Астана Саммитін өткізудегі таңғажайып жетістіктері арқылы әлем мойындаған бір нәтиже еліміздің ұлтаралық қатынастар саласындағы мол тәжірибесін дүние жүзінде барынша қолдануға болатындығының және қолдану қажеттігінің әлеуметтік, экономикалық және рухани пайдалылығы болса керек. Мемлекетіміздің ЕҚЫҰ сынды айрықша беделді ұйымға төраға болып сайлануының әуелгі себептерінің бірі де осы деп ойлаймыз. 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төрағалық етіп отырған Қазақстан 2011 жылы ИКҰ-ға басшылық жасайтын болады. ИКҰ: кеше және бүгін Ислам Конференциясы Ұйымы 1969 жылы 25 қыркүйекте мұсылман мемлекеттері бастамасымен құрылған. Ашыл­ған жылдары «Ислам конференциясы фо­румы», «Бүкіләлемдік Ислам конфе­рен­циясы» секілді аттармен де белгілі болды. Бүгінгі таңда бұл ұйымға Аф­рика, Шығыс Азия, Таяу Шығыс, Орталық Азия елдерімен қатар, Латын Америка­сындағы бір­қатар елдер де мүше. Осы­лайша олардың саны 57-ге жетіп отыр. Дүние жүзіндегі 1,5 миллиард адам ИКҰ-мен қоян-қолтық жұмыс жасайды. Ресей, Босния мен Гер­це­говина және Таиланд ұйымға бақы­лаушы мемлекеттер санатында. Ұйымға мүше елдер жер шарының бестен бір бөлігін алып жатыр. Бұл мемлекеттердің ішкі өнімі 2009 жылдың өзінде 7,5 триллион АҚШ долларын құраған. Олардың табиғи ресурстары да өте бай. Тау-кен байлығын өндіруде де ұйымға мүше елдер дүние жүзінде үлкен беделге ие. ИКҰ бүгінгі күні халықаралық аренада белсенді рөл атқарып, дүниежү­зілік геосаяси жағдайға оң әсерін тигізуде. Ол діни емес, үкіметаралық ұйым. Мақсатына келер болсақ, ИКҰ-ның саяси саладағы жұмысында негізгі мәсе­ле Палестина мен Израиль арасындағы текетірес пен палестиналықтардың жағ­дайы. Барлық мұсылман елдері 1969 жыл­дан бері өтіп келе жатқан мәжіліс­терінде Из­раиль­дің Палестина мен Ливанның басып алған жерлерін және Сирияның Голан қырқаларын азат етуін талап етіп келеді. Ұйым жерге және этносаралық мәсе­лелерге байланысты туындап отыратын шиеленісті жағдайларды да қарастыра­ды. Сонымен бірге халықаралық лаңкес­тік, өңіраралық немесе жергілікті жанжал, қақтығыстарды, БАҚ жұмыстарын қарастырып отырады. Соңғы кездері Еуропа елдерінде етек жайған исламофобия мен этнофобия мәселелеріне назар аударып, олармен қалай жұмыс істеу керектігін талқылайды және әрекет етеді. Мәселен, Франциядағы хижаб, Швей­цариядағы мұнаралар құрылысы және Дания газеттеріндегі хазрет Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) жайлы келемеж суреттерге байланысты тиісті қарарлар немесе үндеулер қабылданды. Еуропалық парламент мүшелерімен тұрақты кездесулер өткізіліп, осы сұрақтар бойынша пікір алмасады. Хатшылықта исламофобия және адам құқығымен арнайы айналысатын комитеттер жұмыс істейді. Әлеуметтік-экономикалық салада бар­­лық жұмыстар 2005 жылы желтоқсанда өткен III саммитте қабылданған ИКҰ-ның 2006-2016 жылдарға арналған жос­пары аясында жүреді. Соның шеңбе­рінде ИКҰ-ға мүше елдердің ынты­мақтастығы дамуда. БҰҰ-ның мәліметі бойынша дүние жүзіндегі 50 артта қалған елдің 22-сі осы ИКҰ-ға кіреді. Сондықтан Сауд Арабиясы, Малайзия, Кувейт, Біріккен Араб Әмірліктері секілді мемлекеттер нашар дамыған бауырлас елдердің эко­но­микасын көтеруге қол ұшын беруде. Әсіресе, сауатсыздықты жою мен кедейшілікті азайтуға үлкен мән берілуде. ИКҰ-ның орталығы – Сауд Арабия­сы­ның Жидда қаласы. Оны Бас хатшы басқарады. Ол ұйымға мүше елдердің сырт­қы істер министрлерінің конферен­ция­сында 5 жылдық мерзімге сайлана­ды. Ұйымның қазіргі Бас хатшысы Ек­меледдин Ихсаноғлы 2005 жылдың бірінші қаңтарында сайланған. Ұйымның 2008 жылы өткен XI саммитінде Е.Ихсаноғ­лының осы лауазымды мандаты тағы бір кезеңге ұзартылды. Бас хатшы 2007 жылы Қазақстанға келіп, Елбасы Н.Назар­баевпен кездесіп, «Орталық Азия­дағы Ислам өркениеті» тақыры­бында өткен халықаралық конферен­цияға қатысты. Ұйым ислам елдерінің өзара саяси-экономикалық, мәдени-рухани және білім саласында әріптестік қарым-қатынас орнату үшін де құрылған. ИКҰ төменде­гідей құрылымдық бөлімдерден тұрады: 1.             Ислам саммиті; 2.             Сыртқы істер министрлері кеңесі; 3.             Тұрақты комитеттер; 4.             Атқарушы комитеттер; 5.             Халықаралық ислам соты; 6.             Адам құқықтары жөніндегі тәуелсіз тұрақты комиссия; 7.             Тұрақты өкілдер комитеті; 8.             Бас хатшылық; 9.             Субсидиарлық (қаржылай көмек көрсетуші) органдар; 10.           Арнайы мамандандырылған институттар; 11.           Аффилиирлік (біріккен) институттар. Қазақстан Ислам Конференциясы Ұйы­мына мүшелікке 1995 жылы қабылданды. Еліміз жаһанның 2 миллиард мұ­сыл­мандары ішінен бірінші болып ЕҚЫҰ-ға, түркі жұртынан да әуелгі болып ИКҰ-ға төраға болды. Бұл үлкен жетістік. Қалай мақтансақ та орынды мақтаныш, үлкен абырой, зор бе­дел. Бұл әлем және хал­қымыз тари­хында да алтын әріптермен жазыла­тын, ешқашан өшпейтін, ұмы­тыл­май­тын оқиға. Жақсының шарапаты дегендей, бұл сөз жоқ Елбасының ерен еңбегінің, дүние жүзі мемлекеттері ал­дындағы абыройының арқа­сында болған, қазақ қазақ болғалы ме­рейін ас­қақ­татқан, тасытқан үл­кен оқиға екені даусыз. Әлем жұрты мұны шынында да осылай деп бағалап отыр. Ислам әлемімен белсенді ықпалдас­тық – Қазақстанның сыртқы саясаты­ның басым бағыттарының бірі. Бүгінге дейін Теһранда (1997 ж. жел­тоқсанда), Дохада (Катар 2000 ж. қара­шада), Путраджайяда (Малайзия 2003 ж. қазанда), т.б. мемлекеттерде ИКҰ-ның бірқатар саммиттері мен ірі жиналыс­тары өтті. Қазақстан делега­ция­лары олар­дың барлығына қатысты. Қазақстан – Батыс пен Шығыстың ынтымақ көпірі Еліміздің 2010 жылы ЕҚЫҰ-ға төра­ғалық етуін ИКҰ-ға мүше елдер риза­шы­лықпен қабылдады. Өйткені Қазақ­станның халқы негізінен мұсылман екенін бүгінде көп жұрт біледі. Әрі бұл ИКҰ мен ЕҚЫҰ арасында тығыз байла­ныс орнатудың мүмкіндігі. Сондай-ақ Қазақстан осы абыройлы орынға ие болуы, бір жағынан, әлем мемлекеттері алдында беделін арттырса, екінші жағы­нан, Батыс дүниесі мен Ислам әлемін байланыстыратын, ымыраластыратын ал­тын көпірге айналмақ. Бұл, әрине, оңай келе салған мәртебе емес. Бұл халқын, Отанын, мемлекетін Мұса пайғамбар (ғ.с.) сияқты жарқын болашаққа бастап бара жатқан Елбасымыз Н.Ә. Назар­баевтың салиқалы саясатының жемісі. Еліміздің жарқын келешегі үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей жүрген Президентіміздің бұған сіңір­ген еңбегі орасан. Қазақстанның ЕҚЫҰ мен ИКҰ-ға төрағалығы арқылы татулық пен өзара ниеттестікті бүкіл жер бетінде орнатуға мүмкіндік туып отыр. ЕҚЫҰ-ның құры­луының негізгі мақсатының өзі де осы болса керек. Сондықтан Қазақстан­ның осы беделді ұйымдарға төрағалық етуі мем­лекетімізге ғана емес, жалпы жа­һан­ға да игі әсерін тигізері хақ. Бірақ Қазақстан үшін аталған ұйым және мұ­сылман елдерімен арадағы қарым-қатынастың қай деңгейде болу қажетті­гін анықтап алу – маңызды іс. Еуропадағы қауіпсіздік және ынты­мақтастық ұйымына және Ислам Кон­ференциясы Ұйымына төрағалық ететін жылдары Қазақстан түрлі мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы байланыс­ты тереңдетуге атсалысады. Осы тұста Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мына сөздеріне назар салайық: «2010 жылы біздің ел Еуропаның қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етеді. Ал 2011 жылы Ислам Конферен­циясы Ұйымы министрлерінің конфе­рен­циясына төрағалық жасайтын бо­ла­мыз. Қазақстан түрлі мәдениеттер мен өркениеттер арасындағы сындар­лы іс-әрекет тақырыбын жылжытуға әрі осы және басқа да халықаралық ұйымдар аясында нақты шешімдер қабылдауға қол жеткізуге ықыласты». Демек, Қазақстан көптеген ірі мемлекеттер бас қосатын ұйымға төрағалық еткенде, алдымен бабаларымыздан келе жатқан ұлттық мәдениетімізді әлемге танытуға және екінші жағынан, дүние жүзінде озық рухани және материалдық мәдениет пен өркениетті үйренуімізге мүмкіндік бермек. Ал өркениеттер мен діндер арасындағы үнқатысуды дамыту­дың елімізге берері мол. Бұл жерде басын ашып кететін мә­селе – жаңа мәдениет деп кейбір елдерден біздің руханиятымызға үш қайнаса сорпасы қосылмайтын тозығы жетіп қаңсыған дәстүрлерді қабылдап алудан сақтанғанымыз дұрыс. Одан да жаңа заман технологиясы мен рухани мәде­ниет­ті ұштастыра дамытудың жолдарын қарастырғанымыз жөн. Өйткені, тек материалдық және экономикалық жетістіктер елді ұшпаққа шығармайтынын бүгін дүние жүзінен көріп отырмыз. Елбасымыз Н.Назарбаев «Еуропаға жол» бағдарламасын құрумен бірге мұ­сылман мемлекеттерінің басын қосатын ұйымға төраға болуды ұсынғанда, осы мәселе ойда болған деп ойлаймын. Бұл жайлы Мемлекет басшысы: «ЕҚЫҰ-ға төрағалық жасаудың қарсаңында біз «Еу­ропаға жол» атты арнайы бағдар­ла­ма қабылдадық. Онда ЕҚЫҰ-дағы әріптестеріміздің демократиялық даму тәжірибесін, аталмыш ұйымның база­лық талаптарын ескере отырып, еуро­па­лық елдердің экономикалық, саяси жә­не мәдени қатынастарындағы кең ау­қым­ды іс-әрекет бағытындағы нақ­ты міндеттер анықталған. Сонымен бір мезгілде, мұ­сылман халқының саны ба­сым Қазақ­стан зайырлы мемлекет ретінде ислам әлеміндегі мемлекеттер трансформа­ция­­сының негізгі жолдарын анықтаушы Ислам Конференциясы Ұйы­мы бағдар­ла­масының 10 жылдығын жақ­­тайды. Жаһандық өркениеттер мен мәдениет­тер арасындағы үнқаты­су­ды жөнге келтіру мәселелері бойынша біз­дің белсенді ұстанымымыз ең алдымен көп ұлтты, көп мәдениетті Қазақ­станның ішкі қа­жет­тіліктеріне негізделген», – деді. Демек, Еуропадан да, Ислам әле­мінен де Қазақстанның алары бар. Жаңа инновациялық технологияларды еуро­па­лық мемлекеттермен тізе қоса оты­рып дамытсақ, елдің рухани байлығын Ислам елдерімен біріге отырып өрісте­туге жағдай туары сөзсіз. Олай болса, мәселенің тереңіне үңілсек, бұл екі бірдей беделді ұйымға төрағалық етудің Қазақстанға келтірер пайдасы мол. Иә, Қазақстан тәуелсіздіктің алғаш­қы жылдары шетелдік ірі мемлекеттер мен беделді ұйымдардың қолдауына мұқтаж болды. Ал бүгінде республика­мыздың тәжірибесіне Батыс пен Шығыс қызыға қарайды. Ол қазір әлемдік аренада төрт аяғын тең басқан салмақты мемлекетке айналды. Құдайға шүкір, енді өзге мемлекеттерге қол ұшын беруге жарайтын жағдайға жеттік. Бірнеше жыл бұрын жұртымыз Шанхай ынты­мақ­тастық ұйымын құруға атсалысып, бүгін алыс та жақын елдер мүше болуға ынтыға ниет білдіріп отырған осы беделді ұйымның тізгінін ұстап келеді. Сөйтіп, небары 15-20 жылдың ішінде Қазақстан әлем жұртшылығының көз алдында өсіп, өркендеп сала берді. Рес­публикамыздағы саяси тыныштық­тың арқасында небір алпауыт мемлекеттер елімізге сенім артып, инвестиция құй­ды. Экономикамыз өсу үстінде. Білім беру, мәдениет салалары да гүлденуде. Бұған таңданып таңдай қақпайтын ел жоқ қазір. Көршілес мемлекеттерде небір зұлмат оқиғалар орын алып жат­қанда, Қазақстандағы тыныш өмірдің салтанат құруы жұртымызға мақтаныш, өзге елдерге үлгі-өнеге деп білеміз. Демек, Қазақстан ИКҰ-ға төрағалық ету арқылы ұйымға мүше мемлекеттерге әлемдік дамудың бірқатар жолдарын ұсынып, ғаламда тыныш өмір қалып­тас­тырудың үлгісін көрсете алады. Ғаламдық қауiпсiздiктi нығайту мә­селесiнде халықаралық ынтымақ­тас­тық­қа жетер нәрсе жоқ. Ал Қазақстан ұйымға мүше мемлекеттерді, олар арқы­лы бүкіл әлемді саяси тұрақтылық пен тыныштықты орнатуға, оның қадірін білуге шақыратын болады. Бұл мәселеде мемлекетіміздің жетістіктері баршы­лық. Ислам Конференциясы Ұйымын басқарғанда Қазақстан Батыс пен Ислам әлемі арасындағы үнқа­тысуды нығай­туға атсалыспақ ниетте екендігі де сөз­сіз. Бүгінге дейін де ол сан алуан діндерді ұстанатын халықтар арасындағы үнқатысуды нығайтуға маңызды үлес қосуда. Ал Астанамыз Елбасы Н.­Ә.­На­­зар­­ба­ев­тың жеке беделі мен абыройының арқасында осындай үнқатысу пен өзара ынты­мақ­тастық орнатудың ордасына айналды. Ендігі жерде Қазақстан дін­аралық келісім жөніндегі тәжірибесіне сүйене отырып, көптеген әлемдік түйткілдерді шешуге ықпал ететін болады. Ұлтаралық ынты­мақтастықты нығайта білген еліміз енді Батыс пен Шығысқа өнеге болады. Этносаралық татулықты сақтаудағы Н.­Ә.На­зар­баев саясаты өркениет­тер­дің жа­қын­да­суына да септігін тигізері анық. Демек, Қазақстан Батыс пен Шы­ғыс­ты жалғастырып жататын ынтымақ-бірлік көпіріне айналмақ. Қазақстан Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің 2003, 2006, 2009 жыл­дары қатарынан үш бірдей құрыл­тайын өткізді. Ол бүгінде жаһандық үнқатысуға жол ашатын ірі басқосуға айналды. Оның мақсаты да жер бетін мекендеген түрлі халықтардың бейбіт үнқатысуын орнық­ты­ру. Мұны әлемдік кең ауқымдағы аса ірі оқиға деп баға­лауымыз керек. Оның бейбітсүйгіштік бағыты мен татулас­тырғыш әлеуетіне әлем жұртшылығы риза­шылықпен үл­кен мән беріп отыр. Ислам әлемімен қарым-қатынас көкжиегі Бұл үлкен де келелі мәселе. Қазақ­стан тәуелсіздігін алғалы бұл бағытта салиқалы саясат жүргізіп келеді. Дүние жүзіндегі алпауыт мемлекеттермен та­разы басын тең ұстау үшін осылай жасау керек те. Бірақ Қазақстан сан ғасыр­дан ислам дінін ұстанатын мемлекет бол­ғандықтан, тарихи, рухани тамырла­рымыздан қол үзіп қалмау үшін, мұсыл­ман елдерімен қарым-қатынасы­мызды өрістете берудің маңызы зор. Өйткені, рухымызды өр етіп, мәдениетімізді зор етудің түп тамыры осы ата дінімізде жатқандығы анық. Тағы бір мәселе, қарқынды бәсеке дәуі­рінде мұсылман елдері де әлем деген үлкен сарайдағы өз кетігін табуға барын­ша әрекет жасауда. Ал Қазақстан бүгін­дері әлемдегі ең мол инвестиция құйы­лып жатқан мемлекет. Ел эконо­микасын дамыта беру үшін ірі инвесторларды көп­теп тарту керектігі сөзсіз. Олай болса, ИКҰ арқылы да Қазақстанға көп инвестиция келмек. Қазақстанның мұсылман елдерімен ақша айналымы шамамен 8 млрд. долларды құрайды, оның 3 мил­лиарды – Орталық Азия елдерімен. Бұл көрсеткіш жылдан-жылға артып келеді. Біз қазір мұсылман елдеріне 2 млн. тонна ұн тасымалдаймыз, Сауд Арабиясы, Мысыр мен Тунис республикамыздан бидай алады. Мамандардың пікірінше, мұнай саласында да елеулі ауыс-түйіс­тер бар. Қысқасы, ИКҰ-ның Қазақстан экономикасының артуына септігі мол. Бұл тұрғыдан алсақ та, мұсылман ел­дердің мәдениетін, тілін, экономикасын зерттеу артықтық етпейді. Қазақстан – зайырлы ел. Алайда тұрғындарының 75 пайызы мұсылман мемлекет. Сол себепті ата дініміз – Ис­лам­ның қыр-сырын танып-білуде, оның құндылықтарын елімізге сіңдіруде де бұл ұйымның берері көп. ИКҰ бүгінге дейін жаһанда болып жатқан көптеген геосаяси үдерістерге байланысты сандаған іс-шаралардың атқарылуына мұрындық болып келді. Солардың маңызды деген бірнешеуіне тоқтала кетейік. 1. ИКҰ саммиттерінің бірінде Бірік­кен Ұлттар Ұйымын реформалау, оның Қауіпсіздік Кеңесі құрамын кеңейту жайлы мәселе көтерілді. БҰҰ-ның ха­лықаралық құқықтар мен ұстанымдарға қайшы келетін ұсыныстары мұсылман елдерінде қабыл етілмейтіні айтылды. Бұл мәселе жайлы қабылданған қаулы­лар­дың бірінде: «БҰҰ-ның Қауіпсіздік Кеңесі барлық істерін толық ашық түр­де жүргізуі және өзінің әрбір заңсыз шешімдері мен мұсылман қауымдас­тығы­на қатысты мәселелерді шешудегі бірнеше рет қайталанған сәтсіздіктері үшін жауапты болуы тиіс», – делінді. Әрбір қаулы қабылдағанда ИКҰ-ның өзінен кейінгі ең ірі ұйым екендігін және оның құрамында жер шары тұрғындарының бестен бірі шоғырланғанын ескеруі керектігі де осы қаулыда атап көрсетілді. 2. ИКҰ-ға мүше мемлекеттердің қауіпсіздігі мен ынтымақтастығы, олар­дың іс-әрекеттерін және халықаралық форумдар мен мұсылман емес елдер арасында бірдей позиция ұстанулары жайлы кеңестерді үйлестіру туралы да қаулы қабылданды. Оны жүзеге асыру формулалары мен тетіктері жасалды. 3. ИКҰ тұрақты комитетінің ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы эконо­ми­ка­лық және сауда-саттық қызметтес­тігі жайлы шешімін жүзеге асыру бағы­тында көптеген іс-шаралар өткізді. Мы­са­лы, 2008 жылы 29 маусым және 2 шіл­де аралығында Сирия Араб Респуб­лика­сында ИКҰ туризм министрлерінің VI кеңесі өтті. Ал Түркия Стандарттау институты 2009 жылы 28-30 сәуірде Анкара қаласында ИКҰ-ның Стандарт­тау жайлы cарапшылар тобының ислами азық-түлік стандарттарын («халал») даярлау жөніндегі 1-ші кеңесін бастап берді. Ал екінші кеңес 2009 жылы 28 қыркүйек пен 2 қазан аралығында Ыс­там­бұл қаласында өтті. Египет Араб Республикасы 2009 жылы 11-16 қазанда Ислам елдерінің XII Сауда жәрмеңкесін өткізуге мұрындық болды. 2009 жылы 5-9 қарашада Ыстамбұл қаласында XXV Экономикалық cаммит өтті. 4. ИКҰ осы ұйымға мүше жұрттарға және өзге де мемлекеттер мен мұсыл­ман қауымдастықтарына экономикалық кө­мек беру мәселесін де көтеріп, жүзеге асырды. Мәселен, Біріккен Араб Әмір­лік­тері ұйымға мүше бірқатар мемле­кет­­терге 135,52 млн. АҚШ доллары көле­мінде жәрдем ұсынды. Ал Египет Араб Республикасы араб және Африка мемлекеттеріне дәрі-дәрмек, азық-түлік, меди­циналық техникалар түрінде жал­пы сомасы 15,2 млн. Египет фунты кө­ле­мінде көмек қолын созды. Түркия да мұқтаж мемлекеттерге шамамен 650 млн. АҚШ доллары көлемінде жәрдем көрсетті. Сондай-ақ Әзірбайжан Респуб­ли­касына, Джамму және Кашмир қала­ларына ИКҰ тарапынан елеулі көмек көрсетілгенін де атап кетуге болады. 5. ИКҰ-ның ғылыми-техникалық ынтымақтастық жөніндегі министрлері ұйымға мүше мемлекеттер мен тиісті институттарды «ИКҰ-ның Һижри 1441 жылға дейінгі болашағы» мен ИКҰ-ның он жылдық бағдарламаларда көр­се­тіл­ген міндеттерді атқару үшін COMS­TECH-пен бірлесе жұмыс істеуге ша­қыр­ды. Сондай-ақ ғылыми-зерттеу және өндірістік мекемелер мен жоғары оқу орындары арасындағы қарым-қаты­нас­ты нығайту және сауда-техноло­гиялық жәрмеңкелерін ұйымдастыру жо­лымен тұтынушыларға технология­лық жаңа­лық­тарды жариялау мақсатын­да ИКҰ-ға мүше мемлекеттерге технологиялық парктер құруды ұсынды. Автомобиль, ұшақтар бойынша мега-жобалар үшін холдингтік компания­ларды тіркеуге және ұйымға мүше мемлекеттерді ол компанияларға қатысуға шақырды. 6. ИКҰ-ға мүше мемлекеттердің жоғары оқу орындарының қатысуымен ғылыми пікірсайыстар ұйымдастыруға, білім және ғылым министрлерінің кеңе­сін өткізуге де мұрындық болып келеді. 7. Қоршаған ортаны қорғау бағы­тын­да да ИКҰ-ға мүше мемлекеттердің белсенді қатысуымен Марокко, Тунис мемлекеттерінде бірқатар шаруалар атқарылды. Қазақстанның ИКҰ-ға мүше мемлекеттермен осы және өзге де салалар бой­ынша тығыз ынтықтастықпен жұ­мыс жүр­гізуге мүмкіндігі бар. Қазақ­стан Ұйым­­­ға мүше бола жүріп әлемдегі көп­теген түйткілді мәселелерді шешуге белсенді атсалысты. Мәселен, Ауғанс­тан, Чешенстан секілді мемлекеттердегі ушыққан оқиғаларды саябырлатуға Қа­зақ­стан көп күш жұм­са­ды. Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан­ның бұл ұйымға мүше болуын толық қолдайтынын әлде­неше рет мәлімдеді. 2003 жылы Малай­зияда өткен Саммит­те оның ИКҰ-ға мүше елдерге жолдауы оқылды. Онда Қазақстан басшысы осы ұйым алдына көптеген міндеттерді атқа­ру­ды ұсынған болатын. Әсіресе, рухани, мәдени құн­ды­лықтарды дамытып, ислам дәстүр­лерін қолдауда осы ұйым­ның рөлі ерекше. Сондай-ақ Елбасы ұйымға мүше мемлекеттердің назарын ислами оқу-ағарту саласына, теңдік, әділдік, са­быр сияқты ислами жоғары құндылық­тарды дұрыс түсіндіру керектігіне аударды. Келер жылы осы беделді ұйымға Қа­зақстан төрағалық ету арқылы осын­дай ойлар мен ұсыныстардың жүзеге асуына мүмкіндік алмақ. ИКҰ-ның еліміз өміріндегі орны мен рөлі 1995 жылдан бері ҚР СІМ ИКҰ шең­берінде қарастырылатын халық­ара­лық мәселелерге араласып, еліміздің мүд­де­сіне сай ұстаным мен бастамала­рымызды ілгерілетуде белгілі бір жұмыс атқаруда. Атап айтар болсақ, ИКҰ-ның соңғы саммиттері мен Сыртқы істер министрлері кеңесінің отырыстарында қабыл­дан­ған қарарларда Азия Кеңесі мен Әлем­дік және дәстүрлі діндер лидерлері съезі секілді Елбасының бастамалары, сонымен бірге, мұсылман әлемі мен Ба­тыс, 2010 жылды «Мәдениеттердің жа­қындасу жылы», 29 тамызды «Ядролық сынақтарға қарсы халықаралық іс-қи­мыл күні» деп жариялау туралы ұсы­ныстар Ұйымға мүше елдер тара­пынан қолдау тапты. Сонымен қатар, Арал жағдайы мен Семей ядролық полигоны мәселесі ИКҰ саммиттері мен сыртқы істер министрлері кеңестерінде қабылданған қарар­лардан орын алып отыр. Елімізде іске асырылып отырған әлеу­меттік-экономикалық жобаларға ИКҰ-ның арнайы органдары мен институтта­рының қаржылық мүмкіншіліктерін тар­тып, оларды еліміз мүддесіне пайдалану жұмыстары атқарылуда. Осының шеңбе­рін­де, ғарышты игеру саласында Қазақ­станның ИКҰ елдерімен ынтымақтас­тығы даму үстінде. Мысалы, 2009 жы­лы желтоқсанда Ұлттық ғарыш агент­ті­гінің басшысы Талғат Мұсабаев баста­ған делегация Сауд Арабиясында бол­ды. Сапар барысында екі елдің өкілдері жер серігі технологияларын жасау жө­ніндегі мега жобасына қатысу туралы уағдаластыққа қол жеткізді. Елімізде стратегиялық маңызы бар «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» транзиттік көлік дәлізін салуға ИКҰ-ның арнайы органы болып табылатын Ислам даму банкінің (ИДБ) қаржылық мүм­кін­шіліктері мен сарапшыларының әлеуе­ті кеңінен пайдаланылуда. Айта кетерлік жәйт, бүгінгі күнге дейін ИДБ елімізге жал­пы сомасы шамамен 497 млн. АҚШ долларын құрайтын қаражат бөліп отыр. Ол Қазақстан аумағында көптеген жо­ба­ларды іске асыруға көмек болуда, Мысалы Сызғанов атындағы институт­қа 10 млн., Гүлшат-Қарағанды тас жо­лы­на 10 млн., Осакаровка-Вишневка автомобиль жо­лына 20 млн., кіші және орта бизнесті қолдауға 15 млн. доллар қаржы жұмсалды. Қазіргі кезеңде Елбасы Н.­Ә.На­­­зар­­­ба­ев­тың осы төрағалық жұ­мысты абы­роймен атқару керек деген тап­сыр­масына сәйкес Сыртқы істер министрлігі тиісті жұмыстар атқаруда. Алдымен төрағалық бір жыл ішіндегі ғана емес, сонымен қатар 2010-2012 жыл­дар арасында өтетін барлық іс-шара­лар жоспарын министрліктер мен мекемелермен бірлесе түзуі Үкімет өкімімен бекітілмек. Мысалы, Қазақстан 2011 жылы Дүниежүзілік ислам экономика­лық форумының VII отырысын өт­кізуді көздеп отыр. Өткізу деңгейі бойын­ша швейцариялық Давоста өтетін әлемдік саммитке теңдес бұл кездесу еліміздің Азия құрлығындағы елеулі экономика­лық орталықтарымен тікелей қарым-қатынастар орнатуға, Қазақстан­ның эко­номикалық әлеуетін барынша дамытуға және сауда саласындағы ын­тымақтас­тықты жаңа сатыға көтеруге мүмкін­шілік тудыратыны анық. Бағдарламаға сәйкес 2011 жылы қыр­күйекте өтілуі жоспарланған ИКҰ ден­­саулық сақтау министрлерінің III кон­фе­ренциясы, Су мәселесі жайлы кон­ферен­циясы және Азия-Тынық мұхит шеңбе­рін­дегі қоршаған ортаны қорғау минис­трле­рінің VI отырысында «Ислам мемлекеттеріндегі жасыл технологияның да­муы» атты конференциясын атап өтуге болады. Бұлардан басқа да түрлі конференциялар мен семинарлар өткізу жос­парланған. Ислам Конференциясы Ұйымына Ор­та­лық  Азияның бірқатар мемлекеттері мү­ше. Олардың халқы ежелден мұсыл­ман­дық­ты ұстанып, оның асыл құндылық­та­рын ұрпақтан-ұрпаққа жалғастырып келеді. Де­мек, бұл кең байтақ даланы алып жатқан Ор­талық Азия мем­ле­кет­терінің Ислам әле­міне ұсынатын және бөлісетін ортақ игіліктері де мол. Ислам мәдение­тінің даму тари­хында олардың рөлі үл­кен болғандығы анық. Мұ­сыл­ман әлемі ерекше қастер­лей­тін Әбу Насыр әл-Фа­раби, Әбу Әли ибн Сина, әл-Хорезми, аз-Замахшари, Хафиз ад-дин әл-Керде­ри, әл-Бухари, әт-Тирмизи, М.Х. Дула­ти, Қ. Жалайыри сияқты атақ­ты ғұ­ла­малардың көпшілігі Орталық Азия мен Қазақстан топырағынан шық­қаны белгілі. Ендігі міндет сол ғұла­ма­лар шыққан елдер перзенттерінің бо­йы­на патриот­тық сезімді сіңіріп өсіру. 2010 жылы Ұйымға Тәжік­стан­ның төр­аға­лық жа­сауынан осы бағытта көп істер күткені­міз рас. Сондықтан бұл ел бас­шылығы ке­зінде көтерген өзекті мә­се­лелер жайлы да аз-кем тоқтала кетелік. Соңғы жылдары БҰҰ немесе өзге де осы секілді биік халықаралық мінберлерден ИКҰ батыстық кейбір желөкпе­лердің Исламға жауып жатқан жалала­рына тойтарыс берерлік күшті уәж айтпады деген сөздерді естіп қаламыз. Ке­рісінше, бұл ретте Исламның лаң­кес­­тік пен лаңкестерге зәредей де қа­ты­сы жоқтығын айтып, үзбей ата дінімізді қорғап келе жатқан Н.Ә. Назар­баев екенін халық біліп, бағалап отыр. Қазақстан ИКҰ-ға төраға болатын 2011 жылы түрлі мәжілісте бүгінгі әлемдегі Ислам мемлекеттерінің рөлі, ИКҰ-ға мүше елдердің экономикалық тұрғыдан бірігуі, лаңкестік, экстремизм, есірткі саудасы, т.б. қасіретті мәселе­лер­ге қарсы күш біріктірудің маңызды екені үнемі есте болуы керек. Бұл жәйттер бір жылда шешіле қоятын да оңай түйіндер емес.Тілегіміз осы мәселелер де Ұйым мәжілісінің күн тәртібінен түспесе. Душанбе мәжілісінде Қазақстан­ның Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев та бірқатар ойларын ортаға салды. Оның пікірінше, соңғы он жыл Ислам әлемі үшін сын­дарға толы өте ауыр болды. Ислам жа­һанда болып жатқан небір үлкен ғалам­дық мәселелерді ақтауға тырысқан жат ағымдардың нысанына айналды. «Осының нәтижелерін қазір ашық көріп отырмыз. Ирак, Ауғанстан, Су­дан­дағы қанды қақтығыстар, мемлекет­тердің ішкі келіспеушіліктері, Исламға қарсы ой-пікірлердің өсуі және Батыс­тағы мұсылмандардың құқықтарына нұқсан келтірушілік, т.б. мұның айқын дәлелдері», – деді министріміз. Ал осы­лардың барлығына тойтарыс берудің бірден-бір жолы ынтымақтастық, өзара түсінушілік пен ниеттестік қағидала­рына негізделген жаңа қауіпсіздік парадигмаларын құру екені сөзсіз. Жалпы ізгі ниетпен құрылған бұл Ұйымның ислам мемлекеттерінің басын қосып, бір мақсатқа жұмылдыра алуы­ның өзі үлкен жетістік. Ал Қазақ­стан­ның оған төрағалық етуі, біріншіден, мұсыл­ман әлемінің біздің елімізге деген сый­ластығы мен құрметін, оның жетістері мен табыстарын мойындайтын­дығын танытса, екіншіден, Қазақстан­ның да ислам елдерімен өсе түскен бай­ланыстары мен қарым-қатынасын көрсетеді. Алла тағала игі бастамамызды қайыр­лы еткей! Шейх Әбсаттар қажы ДЕРБІСӘЛІ, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы және Орта Азия мүфтилер кеңесінің төрағасы, Бас мүфти.