• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
21 Желтоқсан, 2010

Құдайберген Сұлтанбаев

1982 рет
көрсетілді

Қазақ мәдениеті мен өнері ауыр қа­заға ұшы­рады, жасы 64-ке қара­ған ша­ғын­да белгілі актер, Қазақ­стан­ның ха­лық әртісі Құ­дайберген Сұлтан­баев кенеттен қай­тыс болды. Қ.Сұлтанбаев 1947 жылы Қы­зы­лор­да об­лысы Арал ау­да­нында туған. 1974 жы­лы Қа­зақ мемлекеттік өнер инсти­ту­ты­­ның (қазір­гі Құр­ман­ғазы атын­дағы Қа­­зақ ұлттық консер­вато­риясы) актерлік факультетін, кейін Абай атындағы универ­си­теттің заң факультетін бітірген. Ол шығармашылық жолын 1968-1969 жылдары Арал аудан­дық мәде­ниет бөлімінде бас­та­ды. 1969-1970 жылдары «Гүлдер» ансамблі құра­мын­да режиссердің ассистенті болды. 1974 жыл­дан М.Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік акаде­миялық драма театрының актері. Тумысынан талантты актердің сахнада сом­даған айтулы рөлдері қата­рын­да М.Әуезовтің «Айман-Шолпа­нын­дағы» Жарас, Ғ.Мүсіреповтің «Аман­­гелдісі» мен «Қозы Көрпеш-Баян сұ­луын­­дағы» Зілқара мен Жан­тық, Ә.Нұр­пейісовтің «Қан мен теріндегі» Тілмәш, Б.Мұқаевтың «Тоят түніндегі» Қали, Ш.Айтматовтың «Ақ кемесі» мен «Ға­сырдан да ұзақ күнін­дегі» Сейдахмет пен Сә­битжан, Н.Гогольдің «Ре­­ви­зо­рын­дағы» Бобчинский, У.Шекспирдің «Ричард ІІІ»-індегі Епископ, Ф.Эр­венің «Түлкі бикешіндегі» режиссердің кө­мек­шісі, С.Ахмадтың «Келіндер көтері­лі­­сін­дегі» тілші секілді көп­теген бейнелер бар. Оның соң­ғы кезде бейнелеген сәт­ті жұмысы Ә.Ра­хи­мов­тың «Қыл­мыс­керге куә­­лік» спектакліндегі Әкім об­разы болды. Қ.Сұлтанбаев та­лан­ты­ның та­ғы бір қыры сатира жанрында жар­қырап көрінді. Бұл ретте ол кө­рермен көңілінен ор­нықты орын тап­қан «Та­маша» ойын-сауық отауы­­­­ның негізін қалау­шылар қатарынан табылып, елімізде аталмыш жанр­дың сахналық сипатының да­муына үлкен үлес қоса білді. Көрнекті актер кино өнерінде де өзіндік ізін қалдырды. Ол режиссер С.Нарымбетовтің бірнеше фильмдерінде, сондай-ақ Б.Шәм­шиевтің «Көк­төбе­дегі кездесу», З.Подоль­скийдің «Қош бол, Медеу!», С.Тәуекелдің «Махамбет», Т.Әб­дірашевтің «Қаладан келген қыз», «Құрақ көр­пе» деп аталатын көркем фильмдерінде әр алуан бейнелерді жасады. Құдайберген Тәуекелұлы 1995-2000 жылдары Парламент Мәжілісінің депу­таты болды. Ол Мә­жілісте әлеуметтік-мәдени даму комитетінің мү­шесі ретінде осы саладағы көптеген өзекті мәсе­лелердің шешілуіне атсалысты. Осы кезеңде ел үшін өзекті Арал мәселесіне ерекше назар аудартып, сайлаушы­лар­дың аманатын орындады. Дарынды актер, ұлағатты ұстаз, көр­некті өнер тар­ланы Құдайберген Сұлтан­баевтың жарқын бейнесі оны біле­тін­дердің жүрегінде әрдайым сақталады. Қазақстан Республикасының Мәдениет министрлігі. * * * БІРІ КЕМ ДҮНИЕ-АЙ! «Тамашаның» тасының өрге до­ма­лауына Құдайбергеннің сіңір­ген ең­бе­гі орасан. Өйткені, ол табиғи актер бо­латын. Гримін, жүріс-тұрысын, үнін, костюмін, қысқасы, актер бойынан табы­луға тиіс нәрсенің қай-қайсысын да мұ­қият ізденіп, барынша таңдап-талғап кірісетін ол өзіне жүктелген бейнеге. Ай­наласында болып жатқан оқиғаларды ба­қылап жүретін. Суретті керемет салатын. Әсі­ре­се, достық шарж­­ды түсір­ген­де, бәрімізді таңқалды­ратын. Әр бейненің мінез-құлқын, бол­мысын ай­ныт­пай таба­тын. Өзі сомдайтын рөлге асықпай, ап­тықпай, байыппен мұқият кіріскенді жақсы көретін. Сон­дықтан да  ол осы күні халқы­ның сүйікті ак­теріне айнала біл­ді. Ол түскен фильм­дердің өзі үлкен бір әңгімеге арқау болар­лық. Бірақ бір ар­манның орындалмай кетіп бара жат­қаны өкінішті. Салиқалы, салдар­лы, үл­кен бір тұлғаның сахна­дағы бейнесін сомдасам ғой деп өзін­ше қиялға ерік беріп қоятын. Бірақ, сұм ажал арман қанатты қиып кетті. Бір кем дүние деген. Құдайберген қадірлі әке, ата болып, аяулы жары Дакенмен бірге немере­лер­інің шуақты күлкі­сіне, тәтті үніне батты. Сондай шақ­тар көңілге жұбаныш болып қала­тын шығар. Қазақстанның халық әртісі атағын алды, «Құр­мет» орденін өңіріне қадады. Бі­рақ көңілім әлденеге алаң­дайды. «Тамаша­ның» алғашқы құ­ра­­мын­дағы жігіттердің жіп­­ке тізілгендей бірінен соң бірі кете барғаны жа­нымды жабыр­қатады. Қазақ кейде «көз тиді, тіл тиді» деген сөздерді бекер айт­­пайды-ау деп қаламын. Кім білсін?! Өмір­­дің тұңғиық тылсымында ашыл­май­тын сыр көп қой. Қош бол, өмір бойы өнер айдынында қатар жүз­ген, бауырым! Топы­рағың тор­қа болсын. Көрмеген жақсылы­ғың­ды артың­дағы ұл-қыздарың көр­сін деп айтқаннан бас­қа көңілге медет қылар не сөз бар?! Лидия КӘДЕН, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі. * * * ҚАТАРЛАСЫМ, ҚАРА НАРЫМ, ШӨККЕНІҢ БЕ?! ...Қазақ өнерінің қабырғасы тағы сөгілді. Аламан бәйге мен тай жарыс­та көптен озған әмбебап хас жүйріктің аяғына жем түсті, ажал атты тұт­қиыл­дағы төтелі орға құлады... Құ­дай­бер­ген Сұлтанбай өтті дү­ние-жарықтан... Әжуаның ар­ла­ны, «Тамашаның» зар­жағы, театр­дың тарланы тыныш­тал­ды... Мазасыз жаны жай тапты, есесі кеткен ысқаяқ өмірмен есеп айырыс­ты, Кеңсай жақтан қол бұлғады, көз­ден ғайып болды, көңілден мекен тапты. Соры қа­лың Аралдың ары жіңішке ардағы сал шекпен жамылды. Сары уа­йым сағынышқа айналды, жоқ­тар­дың санын көбейтті... Сахна атты сәнді мекенде серіктес болған серім едің, өз жолымызды, ізгі ізімізді салған, үзеңгі қағыстырған қатар­ласым, қара нарым, шөккенің бе?! Қара­саң көз тоятын, құшақтасаң құша­ғың толатын, әзілдессең құмарың қана­тын, сөйлесе қалсаң шерің тарқай­тын шермендем.., шырқау биікке кеттің бе, әлде тылсым те­р­еңге баттың ба?! Әлде, бұл өмір­ден құмарың қанды ма?! Қым­ба­тың­ды бағалай алдық па, қаді­ріңді білдік пе?.. Қалай болғанда да кеш, біздерді, тірілерді!.. Бей­мәлімге кеттің, бейопадан өттің! Қош, бауырым! Жаның жәннатта, иманың жолдас болсын... Бақұл бол... Тұңғышбай ӘЛ-ТАРАЗИ, «нағашың». * * * ҚАБЫРҒАМЫЗ ҚАЙЫСЫП ОТЫР Сирек кездессек те Құ­дай­берген екеуміз бір-бірімізді ұмыт­пай жүретін достар едік. Бір-біріміздің шығар­машы­лы­ғымызға да дән риза болатын­быз. Иә, сен сатира саласын­дағы, оны орын­дай­тындардың қатарындағы сирек таланттар­дың бірі болдың. «Тамашадағы» тамаша күл­діргі бей­не­лерің әлі көз алды­мыз­да. Бұ­рын өткен Серке Қо­жам­құлов, Сейфолла Телға­раев, Атайбек Жо­лым­бетов, Қа­пан Қар­­мы­совтың өздерін де, сөз­дерін де жалғас­тырған талантты актер өзің едің. Енді, міне, ірге­тасын бірге қалас­қан «Тамаша­ның» тарлан­дары Тоқ­сынның, Уә­йіс­тің, Ұлық­пан­ның, Жарас­хан­ның ізін ала келмес сапарға сен де аттан­дың. Қабыр­ғамыз қа­йысып отыр. Жатқан же­рің жайлы, топы­ра­ғың торқа бол­сын. Өнердегі салған ізің де, жақ­сы атың да өшпейді деген сенімдеміз. Сейіт КЕНЖЕАХМЕТОВ. * * * ІРІ ТҰЛҒА ЕДІ Әкемтеатрда аты аңызға айналған небір саң­лақтар болды. Әлі де еңбек етіп жүр. Өз басым Құ­дайберген ағаны сондай саңлақтардың қата­рына қосамын. Ол шын мәнінде ірі тұлға, биік азамат, шебер актер еді. Осындай аяулы тұлғамен біз театр сахнасында да, «Тамашаның» сахна­сында да қатар ойнадық. Аға-інідей бір-бірімізбен сыйластықта болдық. Ол мені бауырым деп өзіне жақын тартатын. Ақыл-кеңесін, өнер жайлы ойларын да біз сияқты әріптес інілеріне жиі айтып отыратын. Өйтетін де жөні бар еді. Өйткені, Құдайберген өз өнері арқылы қазақ са­тирасына, әзілге әр кіргізді. Сатира­ның шын мәнінде қандай болуы керек екенін сахна арқылы елге, біз сияқты әріптес інілеріне үйретті. «Тамашаны» елге танытты. Оны көрнекті сатира театрының дәрежесіне көтеруге ат­са­лысты. Сөйтіп, өзі де «Тамаша» арқылы халыққа таныл­ды. Біз кейінгі әріптес інілері Құдай­берген аға жеткізген театрдың көркемдік деңгейін түсіріп алмай, жетімсіретпей, әрмен қарай оны гүлдендіруді өзіміздің бір міндетіміз деп санаймыз. Қазір ойлап отырсам, Құдайберген аға шын мәнінде бақытты адам екен. Неге де­сеңіз, елге, жұртқа танылған талантты актер қашанда әр ісімен әріптестеріне үлгі бо­ла білді. Отбасының да қызығын көрді. Ұлын үйлендіріп, қыз ұзатты. Немере сүй­ді. Өмірінің соңына дейін өзінің сүйікті театрында қызмет істеді. Еңбегі еленбей қалған жоқ. Атақ-даңққа бөленді, марапат­қа ие болды. Халық қалаулысы да атанды. Дегенмен, оның тындырғанынан тын­дырмаған ісі мол еді. Бірақ Алланың ісіне не шара. Біздің қолдан келетіні Құдай­бер­ген ағамыздың атын жиі еске алып жүру. Бақұл бол, аға! Алла жар болсын. Асылбек БОРАНБАЙ, М.Әуезов театрының актері.