АСТАНА. 14 қаңтар. Халықаралық «Шабыт» шығармашыл жастар фестивалінің лауреаты Ренат Елубаев Италияның астанасы Рим қаласында өткен халықаралық суретшілер байқауында жеңіске жетті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Байқауға 170-ге жуық қылқалам шеберлері қатысты. Конкурсқа ол ұлттық нақыштағы суреттерін ұсынды. Осы туындылары төрешілерге ұнап, оның картиналары қазылардың шешімімен үздік деп танылды. Байқауда Ренат Елубаев Халықаралық Микеланджелоның Моисей мүсіншесін алды. Сөйтіп, талантты отандасымыз қазақтан тұңғыш рет Халықаралық Микеланджело сыйлығының иегері атанды. «Мұндай үлкен сыйлықтар әртістерге, әншілерге беріледі. Ал сурет біз үшін таңсық дүние. Бұл байқауға жер-жүзінің қылқалам шеберлері қатысады. Қазылар солардың суреттеріне қарап, бағаларын береді. Мүсіншеге лайықтылар ғана үздік деп танылады. Сол сыйлық маған бұйырды», дейді Ренат Елубаев.
Моисей статуэткасы – Микеланджело Буонарроти жасаған атақты мүсіннің кішкентай көшірмесі. Оның тарихын айтсақ, 1505 жылы Юлий ІІ Рим Папасы оны шақырып алып, құлпытас жасауды тапсырады. Микеланджело мүсінді жасайды. Сол кезде Моисей мүсіні Римдегі ең бағалы туынды деп танылады.
Ренат Елубаев импрессионистік модерн бағытында сурет салады. Импрессионизм «еркіндік», «бір сәттік» деген мағынаны білдіреді. Былтыр ол «Реализмнен алшақ» жанр бойынша Беларусьте өткен «Куршинале-2015» халықаралық өнер олимпиадасында «Сурет өнері» аталымында бас жүлдені жеңіп алған. Одан кейін АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында өткен «New York Realism» fine art» атты бейнелеу өнері шеберлерінің халықаралық байқауында «Алтын қыран» медалін иеленді.
Қазір Ренат «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрында жұмыс істейді.
Дастан Кенжалин.
Дерек: egemen.kz
Сурет: Ренат Елубаевтың facebook және vkontakte әлеуметтік желілеріндегі жеке парақшаларынан алынды.