• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
16 Қаңтар, 2016

Әлфияның әсем үні

282 рет
көрсетілді

«Астана Операның» жетекші солисі Әлфия Кәрімова Италияда В.А.Моцарттың «Дон Жуан» операсының тұсаукесеріне қатыспақ. Жарқыраған колоратуралық сопрано иесі 31 қаңтар және 2, 6 ақпан күндері «Карло Феличе» театры сахнасында Донна Анна партиясын алғаш рет орындайды. Қазірдің өзінде әнші мұн­да күнделікті дайындық жұ­мыстарына ойдағыдай кі­рі­сіп кетті. Ол бұл рөлді үлкен жау­ап­кершілікпен орындап шы­ғу­ды мақсат тұтып отыр. Өйт­кені, әлемдік деңгейдегі орын­даушылардың өзін абдыратпай қоймайтын партияны ол алғаш рет орындамақ, сонымен қатар, ол – әдемі, драмалық күрделі арияларға және нәзік те сазды бірқатар ансамбльдік көріністерге толы болмақ. «Әрбір жаңа сахналық бейне әрқашан хикаяларға, күтпеген оқиғаларға, мейрамдарға толы, сондықтан қажымас еңбекті талап етеді», – деді Ә.Кәрімова гастрольдік сапар алдындағы сұхбатында. – Солиске, вокалшыға дайын күйінде ештеңе оңайлықпен тие бермейді. Басты партияларды орындау үшін оған қаншама уақыт, үздіксіз жаттығу керек. Олай болмаған жағдайда адамның кәсіби тұрғыда дамуы, өсуі, бел­гілі бір жетістіктерді иеленуі әсте мүмкін емес. Моцартты шырқау өте күрделі, мұнда дау­ыстың ырғақтала төгілуі, ас­паптарға ілесе алуы, екпінді игеру, вокал позициясын дәл қою жә­не жүз пайыз дауысты игере алу сияқты шеберліктер ауадай қажет, – деді әңгіме барысында ол. Бір ерекшелігі, қоюшы Ро­зетта Куккидің нұсқасына сай опера желісі 1980-жыл­дар­дағы Америкаға ауыстырыл­ды. Ең инновациялық ита­лия­лық операның заманауи режиссерлерінің жарқын да батыл спектаклі аса зор көрнекі әсер береді. Дон Жуан – сәнқой да думанды бардың жұлдызы, сондықтан ол айналасындағы әрбір нәзік жаратылыс иелерінің жүрегін тез жаулап алуға тырысады. Ал, Әлфия Кәрімованың кейіпкері Донна Анна әйелқұмар Дон Жуанды еліктірген тал­ғампаз бикеш. Қойылымдағы көптеген қызықты элементтер­ге, таңғаларлықтай тапқыр идея­лар мен әсерлі шешімдерге қарап, операның жеке көзқарасты біл­діретін нұсқа екенін түсіну қиын емес. Айта кету керек, Дон Жуан партиясын Микеле Патти орындайды, Лепорелло – Лучано Леони, Командор – Грэм Бродбент, Дон Оттавио – Патрик Вогель, Донна Эльвира – Раффаэлла Лупиначчи, Церлина – Лилиа Гамберини, Мазетто рөлі Роберто Майетта еншісіне бұйырмақ. 31 қаңтарда операға маэстро Кристоф Поппен, ал 2 және 6 ақпанда Пабл Ассанте дирижерлік етеді деп күтілуде. Қаршыға КҮЛЕН.