Өңірде жалпыұлттық «Үлкен ел – үлкен жобасы» шеңберінде «Тәуелсіздікке – 25 жыл» акциясының басталуына орай Петропавл қаласындағы Театр алаңына 2,5 мыңнан астам жас жиналып, флэш-моб ұйымдастырды. Оларға көтеріңкі мерекелік көңіл-күйдегі шаһар тұрғындары қосылып, шараны тіпті нұрландырып жіберді.
Қытымыр қыстың қыспағына қарамастан, ақ ниетке толы жылы лебіздермен келген жұртшылық алдында облыс әкімі Ерік Сұлтанов сөз сөйлеп, Тәуелсіздік жылына арналған шараның аймақта басталғанын жариялады.
– Елбасы Н.Назарбаев Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығын мерекелеудің саяси маңызын атап өтіп, бүкілхалықтық мереке ретінде тойлауға айрықша назар аударды. Еліміздің барлық өңірлерінде бастау алған шара ата-бабаларымыз ғасырлар бойы алған тәуелсіздік құндылықтарын қадірлеп-қастерлеп, көздің қарашығындай қорғауға, өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеп, елді, жерді сүюге жетелейді. Президентіміздің сындарлы саясаты арқасында ширек ғасыр ішінде әлем таныған қуатты мемлекетке айналдық. Алдағы ұлы мақсатымыз–өркениетті елдер қатарына қосылу, «Мәңгілік Ел» идеясын орнықтыру. Оған жету жолдары бес институттық реформада нақты айқындалған,–деді жиналғандарға қарата айтқан сөзінде Ерік Хамзаұлы.
Акцияға этномәдени бірлестіктердің, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері, жоғары және арнаулы оқу орындарының студенттері белсене араласып, думанға айналдырды. Еңбек ардагері Алексей Кротенко халқы ынтымақты, тату-тәтті Қазақстан сияқты елде тұруды өзіне бақыт санайтынын, ертеңіне алаңдамайтынын, ортақ Отанымыздың көркеюіне, гүлденуіне тілектес екенін жеткізсе, Петропавл құрылыс-экономикалық колледжінің студенті Роза Омарова бойындағы жастық қуатын, алған білімін ел экономикасының серпінді дамуына арнайтынын айта келіп, өзгелерді осындай бастамашыл істерге белсене қатысуға, Отанымыздың патриоты, жанашыры болуға шақырды.
– Елбасы қазақстандық арманға бастайтын Ұлт Жоспарын белгілеп берді. Бес институттық реформаны жүзеге асырудың 100 нақты қадамының практикалық кезеңі басталғанын мәлімдеді. Біз туған жерге деген іңкәр махаббатымызды, ыстық сағынышымызды халқымыз бен Отанымызды бай да бақуатты етуге арнауымыз керек. Ол үшін көпэтносты қоғамымыздың артықшылықтарын тиімді пайдалана білу қажет,–деді тілдескенімізде «Дуслык» татар-башқұрт этномәдени бірлестігінің мүшесі Зүлейха Бикметова. Оның ойын әзербайжан этномәдени ұйымы төрағасының орынбасары Шыңғыс Курбанов та қолдап, бір шаңырақ астында тату-тәтті өмір сүріп келе жатқан қазақстандықтардың дағдарыстан қиналмай шығуына тілектестігін білдірді.
Салтанатты шарадан кейін аспанға қызылды-жасылды шарлар ұшырылып, «Алға, Қазақстан!» әні шырқалды. Оның соңы мерекелік концертке ұласты.
Облыста Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мерекесіне орай іс-шаралар жоспары жасалып, әр ай еліміздің жеткен жетістіктері мен «Мәңгілік Ел» құндылықтарына арналады. Жыл аяғына дейін 3,5 мыңға жуық түрлі деңгейдегі саяси, мәдени шаралар атқарылады.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.