Атыраудағы №5546 әскери бөлімінде келісімшартпен қызмет ететін сержант Мұхтар Өрбісінов сауда орнында есінен танып құлаған балдырғанның ажалдан аман қалуына қол ұшын созды.
Бұл оқиға төмендегіше өрбіген. 9 қаңтарда кешкілік 22.00 сағат шамасында әскери қызметкер үйіне таяу маңдағы «Атаба» сауда орталығына барған. Сол кезде есінен танып қалған қызын құтқару қамына кіріскен ер адамды кездестіреді. Кішкентай бөбектің қызуы 40,5 градусқа көтерілген екен. Мұхтар «жедел жәрдем» шақырып, тіпті, үйіндегі әйелі Самалға да хабар беріп үлгереді. «Жедел жәрдем» бригадасы келгенше фельдшерлік мамандығы бар Самалмен бірге алғашқы медициналық көмек көрсетуге кіріседі. Сөйтіп, Мәдина есімді 1,5 жастағы кішкентай бөбектің қызуын түсіріп, өз-өзіне келуіне көмек қолын созады. Ал «жедел жәрдем» бригадасы алғашқы медициналық көмектің дұрыс жасалғаны туралы өз бағасын беріпті.
Әскери қызметкер Мұхтар Өрбісіновтің қиналған жанға қол ұшын созған азаматтығы Мәдинаның әкесі Ерлан Дәулетқалиевтің №5546 әскери бөлім командирі Бегайдар Құрттыбаевқа жазған хатынан кейін белгілі болды. Хат авторы сержант Мұхтар Өрбісіновке қызын құтқарып қалғаны үшін алғысын білдіріпті. Енді аталған әскери бөлім сержантты марапатқа ұсынып отыр.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
АТЫРАУ.