АЛМАТЫ. 18 қаңтар. Алматыда алғаш рет 2007 жылы қаладан оңтүстік бағытқа жүретін автобустар мен жолаушылар үшін пайдалануға берілген автобекет белгілі себептермен сауда орталығына айналып кеткен. Өткен жылдың аяғына жақын құжатын қайта рәсімдеген «Үшқоңыр» автобекеті қайтадан іске кірісті. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Алматы қаласын дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасына сәйкес үлкен қаланың айналасына қазіргі заманға сай үш автобекет салынуы тиіс еді. Қала және облыс әкімдігінің шешімімен «Үшқоңыр» автобекеті оңтүстік бағыттағы баратын және сол жақтан келетін автобустар мен жолаушыларды қабылдайтын бір автобекеттің міндетін атқаруды мойнына алды. «Үшқоңырдың» болашақта солтүстік бағыт автобустары мен жолаушыларға қызмет көрсетуі туралы мәселе қаралуда.
Күту залы 2101 адамға арналған автобекет бір мезгілде 200 автобусқа қызмет көрсете алады. Қазіргі таңда Қызылорда, Түркістан, Шымкент, Тараз қалаларынан келген автобустар жаңа автобекетке тұрақты түрде орнығып жатыр. Жолаушыларға төрт бағыт байынша – «Сайран» автобекеті, екі теміржол вокзалы мен Алматы әужайына Қаскелең автобус паркінің 50 «Газель» микроавтобусы мен 40 орындық жайлы үш автобус қызмет көрсетеді. Сондай-ақ бұлардың қатарына алматылық №303 жолаушылар автобусы қосылды.
Жолаушыларға қызмет көрсететін асханалар мен қонақүйлердің есігі айқара ашылды.
Талғат Сүйінбай.
Дерек, сурет: egemen.kz.