ӨСКЕМЕН. 18 қаңтар. А.Пушкин атындағы Шығыс Қазақстан облыстық кітапханасында «Еркін елдің кемел тұлғалары» атты бірегей көрме ашылды.Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына арналған ауқымды шараға жас мемлекеттік қызметшілер, Қ.Нұрғалиев атындағы колледж студенттері мен №4 орта мектептің жоғары сынып оқушылары қатысты.
Көрме тұсаукесерінде еліміздің ұлт болып қалыптасу, мемлекет ретінде даму сынды тарихи үдерістерінде орасан орны бар тұлғалардың тұтас галареясы таныстырылды. Олардың ғибратты ғұмыры мен мемлекеттік маңызы бар еңбектерінен сыр шертетін кітаптар мен ғылыми жинақтар, сондай-ақ жергілікті қылқалам шеберлерінің қолынан шыққан портреттері жұртшылық назарына ұсынылды. Атап айтқанда, көрмеден Абылай ханнан Нұрсұлтан Назарбаевқа дейінгі саяси тұлғалар, Қаракерей Қабанбайдан генерал Панфилов пен Бауыржан Момышұлына дейінгі батырлар, Шоқан Уәлихановтан Қаныш Сәтпаевқа дейінгі ғалымдар, Абайдан Олжас Сүлейменовке дейінгі ақындар, Дина Нұрпейісовадан Бибігүл Төлегеноваға дейінгі қазақтың әйгілі әйелдері, күш атасы Қажымұқаннан Олимпиада чемпиондарына дейінгі даңқты спортшылар сияқты тұлғалар туралы толық мәлімет алуға болады.Кітапхана қызметкерлері Тәуелсіздік тарихындағы тұлғалар туралы толғамдық дәрістерімен бірге қатысушылар арасында түрлі викториналық ойындар мен сауалдар ұйымдастырды. Аталған көрме жыл бойы қызмет көрсетіп қана қоймай, өңір мектептері мен мекемелерінде көшпелі көрмелер өткізбек.
«Тарих – әлеуметтік-экономикалық формация, атаулы күндер мен оқиғалар ғана емес, ұлы істерді кешегі және бүгінгі таңда іске асырып отырған нақтылы адамдардың, билеушілер мен қолбасшылардың өмірі. Көрмеге қойылған кітаптардың көпшілігі Қазақстан Тәуелсіздігінің алғашқы жылдары Елбасының бастамасымен «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру нәтижесінде шығарылған. «Тарихты ұлы адамдар жасайды» десек, ғасырлар куәсіне айналған еліміздің тарихы айтулы тұлғалар ғұмырнамасымен тығыз байланысты. Осы кітап көрмесі жастарға ел тарихы туралы білімдерін жүйелеп, келешек ұрпақтың мемлекет тарихына қосар үлесін байыптап ойлануына және өзінің өмірлік жолын таңдауына көмек береді деп сенеміз, деді кітапхана директоры Хабиба Ақжігітова.
Думан Анаш.
Дерек, сурет: egemen.kz