• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
19 Қаңтар, 2016

Ет экспортының әлеуеті арттырылмақ

314 рет
көрсетілді

Облысқа екі күндік жұмыс сапарымен Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбеков келді. Министр алдымен Алға ауданындағы «АкТеп» ЖШС-не атбасын бұрып, серіктестіктің жаңа жылдың алдында ғана пайдалануға берілген заманауи ет комбинатының жұмысымен танысты. Содан кейін Алға индустриялық-техникалық колледжінде ұйымдастырылған ауылшаруашылық тауар өндірушілерінің өнімдері көрмесінде болып, өңірде қолға алынған инвестициялық жобалармен танысты. А.Мамытбековтің қатысуымен облыста мал шаруашылығы аймақаралық ет кооперациясын құру және оны дамытуға арналған көшпелі кеңес өтті. Оған көршілес Қостанай және Батыс Қазақстан облыстарының әкімдері Архимед Мұхамбетов пен Нұрлан Ноғаев, «Inalca Eurasia» компаниясының вице президенті Андрей Вакулин, инвесторлар, сондай-ақ, облыстың ауылшаруашылық тауар өнді­рушілері қатысты. Кеңесті кіріспе сөз сөйлеп ашқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ауылдық жерлерде шағын кәсіпкерлікті дамыту, «Нұр Отан» партиясының бастамасымен еліміздің бес өңірінде бастау алған шағын ет-сүт өндіру және өңдеу фермаларын ашу бойынша қанатқақты жобаларды жүзеге асырудың облыстағы қадамы және «Бәйтерек» компаниясымен, ауыл шаруашылығын қолдау қорымен, «Алмекс» компаниясымен және Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігінің «Жол картасы-2020» бағдарламасымен жұмыс істеудің барысына тоқталды. Осы бағдарламалар бойынша ауылда кәсіпкерлік нысандарын құруға қазірдің өзінде 40-қа жуық өтініш түскенін тілге тиек ете келіп, бұл жобаларды жүзеге асыру үшін облысқа 3,9 миллиард теңге қаржы қажет екенін атап өтті. Алқалы жиында Ауыл шаруа­шылығы министрі Асылжан Ма­мытбеков сөз алып, «100 нақ­ты қадам» Ұлт Жоспарының 61-қада­мын жүзеге асыру үшін Үкімет тарапынан ет өндірісін дамыту мен өңдеуге стратегиялық инвесторларды тарту бойынша жасалып жатқан жұмыстарға тоқталып өтті. Биыл экспортқа 12 мың тонна ірі қара еті шығарылатынын, одан кейінгі жылдары бұл көрсеткішті 30 мың тоннаға жеткізу көзделіп отырғанын мәлім етті. Сол үшін «АкТеп»» ЖШС-нің осы әлемдік стандарттарға сай ет комбинатының мүмкіндігін пайдалану бағытында жұмыстар жүргізіліп жатқанынан хабардар етті. Бүгінгі таңда бұл жобаға «Inalca Eurasia» компаниясының қаржы құюға және мал бордақылау алаңдарын кеңейтуге ықылас танытып отыр­ғанын жеткізді. Өз кезегінде сөз алған көршілес өңір­лер басшылары бұл бағытта атқа­рылып жатқан жұмыстарды баяндап, ортақ іске өзіндік үлестерін қосатындықтарын жеткізді. «Inalca Eurasia» еліміздің ет саласына 100 млн. еуродан аса қаражатты инвестициялау жөнінде шешім қабылдады. Қаражат рес­публиканың 3 облысында бір мезгілде бордақылайтын 44 мың бас қуаттылығымен бордақылау алаңдарының құрылысы үшін тік интеграцияланған компа­ниялардың құрылуына бағыт­талмақ. «Inalca Eurasia» компаниясы қазақстандық ет брендін жасап, Еуропа елдері мен Ресей Федерациясына ет экспортын қам­тамасыз етуге ниеттенуде. Үш облыс әкімдіктерімен, ми­нис­трлікпен және «Inalca Eurasia» компаниясы арасында аймақ­та еттің экспорттық әлеуетін жоға­рылату үшін инди­кативтік көр­сет­кіштер мен мақсат­тарды айқын­дайтын етті мал шаруа­шылығында аймақ­аралық кооперация құру бойынша меморандумға қол қойылды. Қазақстандық «АкТеп» компаниясымен «Inalca Eurasia» трансұлттық корпорация­сы арасында «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарының 61-қадамын жүзеге асыру аясында өзара келісім жасалды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан».