21 қаңтарда болатын Сенат отырысында бір заң жобасын қарау жоспарланды, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаев және бюро мүшелері қабылдаған қаулыға сәйкес, депутаттар назарына «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта құру және Даму банкі арасындағы Қарыз туралы келісімді (Еңбек дағдыларын дамыту және жұмыс орындарын ынталандыру жөніндегі жоба) ратификациялау туралы» заң жобасы шығарылады.
Сондай-ақ, сенаторларды халықаралық парламенттік ұйымдарға және Сенаттың шет мемлекеттердің парламенттерімен ынтымақтастық жөніндегі топтарына жіберу туралы мәселені талқылау жоспарланып отыр.
Бюрода жұмысқа қабылданатын үш заң жобасы бойынша бас комитеттер белгіленді.
Қаржы және бюджет комитетіне «Қазақстан Республикасы мен Чех Республикасы арасындағы Табыс пен капиталға салынатын салыққа қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық төлеуден жалтаруға жол бермеу туралы конвенцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы» заң жобасы белгіленді.
«Қазақстан Республикасы мен Үндістан Республикасы арасындағы сотталған адамдарды беру туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетіне берілді.
Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитеті «Қазақстан Республикасы мен Халықаралық Қайта құру және Даму банкі (энергия тиімділігін арттыру және жастар корпусын дамыту бағдарламасы үшін бір донордың Траст қоры әкімшісі ретінде әрекет етуші) арасындағы Грант туралы келісімді (Жастар корпусын дамыту жобасы) ратификациялау туралы» заң жобасы бойынша бас комитет болып белгіленді.
Бұл заң жобалары бойынша тиісті қорытындылар әзірлеу мерзімі 2016 жылғы 29 ақпанға дейін деп белгіленді.