қазіргі Қазақстанның аумағында Алтын орда дәуірінде пайда болған
Атыс қаруы қазіргі Қазақстанның аумағында Алтын орда дәуірінде пайда болған. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері Ұлттық әскери-патриоттық орталығында «Алтын орда: тарих және мәдени мұра» ғылыми материалдар жинағының тұсаукесерінде айтылды.
«Алтын орда дәуірінде Қазақстанның аумағында атыс қаруы пайда болғанын бірі білсе, бірі білмес. Біз оны кейінірек пайда болды деп ойладық, ал негізінде әскери-тарихи мұражайдағы жәдігерлер сол уақыттың қазыналы әскери-материалдық мәдениеті туралы сыр шертеді», – деді жинақтың жауапты редакторы, тарих ғылымдарының докторы Айболат Күшкімбаев.
Жинақта жалпы тарих бойынша жұмыстардан басқа әскери тарих та ұсынылған. Кітапта ХІІІ ғасырдан бастап ХV ғасыр аралығындағы Алтын орданың әскери тарихы бойынша материалдар, зерттеулер бар. Алтын орда дәуіріндегі қару-жарақ мәселелері, тактика, стратегия, дәуірдің кейбір әскери-саяси оқиғалары қаралады.
«Моңғол империясының қойнауында 15-ші жүз жылдыққа дейінгі болашақ Алтын Орда қалыптасады. Бұл жаулап алу қарудың күшінің арқасында болды. Жаулап алудың феномені әскери істе болған революциямен байланысты. Біз үшін Алтын орда дәуірінде әскери істің дамуы аса қызығушылық туғызуда. Ол Шыңғыс хан дәуіріндегі әскери істің жалғастырушысы және осы үлкен аумақта өмір сүрген барлық көшпелі халықтың әскери ісінің дамуының жоғары кезеңі болып табылады. XIII-XV ғасырлар аралығы біз үшін теперішті, шешуші болды. Және де әскери өнерді зерделеу, әскери істі, қару-жарақты дамыту жағынан қызығушылық туғызады», – деп атап өтті Айболат Күшкімбаев.
Алтынордалық әскери-саяси күш елеулі геосаяси фактор болғанын және халықаралық өмірде басты рөл атқарғанын айта кеткен жөн.
«Егемен-ақпарат».