• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
19 Қаңтар, 2016

Әскерге бармасаң, ақша бер!

410 рет
көрсетілді

Гимнастеркаңды қайыс белбеумен шарт байлап, солдат етігімен сарт-сұрт адымдап жүргің келмесе, жолын жаса. Оңтүстік Қазақстан облысындағы Сайрам ауданы Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің әскери шақырту қызметінің басшысы осылай ойлайды екен. Ол Т. деген азаматқа борышын атқармай-ақ әскери билет әперуге уағда жасаған. Ақысына 35 мың теңге қолға қыстырасың. Құр аяққа бата жүрмейді ғой. Шымкент қаласындағы Қаратау полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы да осындай күдікпен қолға түскен. Инспектор мерзімінен бұрын шартты түрде босатылған азаматтан тұрғылықты жерінде болмады деп акт түзбеу және материалды сотқа жолдамау жөнінде ант-су ішкенге ұқсайды. Әрине, құрсөзге емес, 35 мың теңгеге. Алайда, екеуінің де дегені болмады. Сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Ұлттық бюросының Оңтүстіктегі департаменті қыз­мет­керлерінің қолына түскен. Енді олардың үстінен аталған деректер бойынша ҚР ҚК 366-бабы 1-бөліміне сәйкес пара алу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр. Осыны естіген бір жігіт: «Бұлардың қайта ынсабы бар екен. Алматы қаласындағы ініме әскери билет жасату үшін үш мың доллар берген едім» депті. Әрине, ұсталмаған ұры емес. Сондай-ақ, параның да үлкен-кішісі болмайды. Заң алдында бәрі бірдей. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.