ҚЫЗЫЛОРДА. 18 қаңтар. 12-18 қаңтар аралығында Астана қаласында велоспорттан өткен Қазақстан чемпионатында қызылордалық велоспортшылар 8 медаль алып, жалпыкомандалық есепте үшінші орынды иеленді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Скретч сайысында ерлер арасында Роберт Гайнеев жеңімпаз атанса, Карим Бузин күміс медальді мойнына тақты. Қыздар арасында Жанұя Сейтова күміс, Виктория Пастарник қола жүлдені еншіледі.
Спринт сайысында Артур Ералиев 2-орын алды. Ал командалық спринтте Асылхан Тұрар, Артур Ералиев, Роберт Гайнеевтер қола жүлдегер атанды. Сондай-ақ, топтық жарыста қыздар арасында Жанұя Сейтова 1-орынды жеңіп алды. Ерлер арасында Роберт Гайнеев 3-орынға ие болды.
Жарыс қорытындысында Қызылорда облысынан 5 спортшы осы жылдың 24-28 қаңтар күндері Жапонияда болатын Азия чемпионатына жолдама алды. Олар: Карим Бузин, Артур Ералиев, Роберт Гайнеев, Жанұя Сейтова және Виктория Пастарник.
№3 облыстық велоспорт жөніндегі олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебінде және облыстық жоғары спорт шеберлігі мектебінде тәлім алатын спортшыларды жарысқа Берік Көпешов пен Руслан Ягафаров дайындады.
Ержан Байтілес.
Дерек, сурет: egemen.kz.