АСТАНА. 19 қаңтар. Францияның Шуази қаласында әлемге әйгілі жазушы Мишель Турнье 91 жасында қайтыс болды. Бұл туралы ТАСС ақпарат агенттігіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
1970 жылы Францияның беделді Гонкур сыйлығын жеңіп алған жазушы католиктер отбасынан шыққан. Бала күнінен музыка мен философияға жаны құмар Мишель Турнье Сорбонна және Тюбинген университетінде білім алған. Өткен ғасырдың 50-60 жылдары радио мен ірі басылымдарда журналист болып қызмет етті. Неміс тілін жетік білгендіктен аудармашылық жұмысты да қатар алып жүрді.
Алғашқы романы (Vendredi ou les Limbes du Pacifique) 1967 жылы жарық көрген. Ал 1970 жылы шыққан кітабының (Le Roi des aulnes) арқасында Гонкур жүлдесін жеңіп алды. Аз уақыттың ішінде бүкіл әлемге танылды. Сол жылдары әйгілі романның тиражы 4 миллионға дейін барды.
1972 жылы Гонкур академиясының мүшесі ретінде қабылданды. Көзі тірісінде-ақ, XX ғасырдың көрнекті әдебиетшілерінің бірі саналды.
Аян Әбдуәли.
Дерек: ТАСС.
Сурет: vesti.az.