Әзіл-оспақ, сын-сықақ бұрышы
Бөлімді жазушы-сатирик Берік Садыр жүргізеді
Бірде...
Альберт Эйнштейн қызу жұмыс үстінде отырғанда, оның ассистенттерінің бірі:
– Профессор мырза, бар баспасөз атаулы бүгінгі сіздің жетпіс жасқа толған күніңізді атап айтып жатыр, – дейді.
Сонда ғалым кітаптан бас алмаған қалпы:
– Жақсы, өте жақсы, тек менің атымнан гүл жіберуді ұмытпаңыз, – деген екен.
***
А.С.Пушкин Петербургтің көшесінде поляк ақыны Адам Мицкевичке қарама-қарсы жолығып қалып:
– Оу, «екілік», қаш жолдан –«тұз» келеді! – деп кекірейгенде, Мицкевич:
– «Көзірлік екілік» «тұзыңның» енесін ұрады! – деп киіп-жарып тіке өте беріпті.
***
Ауыр науқастан айығып тұрған Акакий Церетелиді бір таныс жол инженері қағытып:
– О дүниеден лезде-ақ оралдыңыз ғой , – дейді.
Сонда ғұлама:
– Е, иә, құдайға шүкір, о дүние мен бұ дүние арасындағы жолды салу миғұла да мақұлық инженерлердің үлесінде емес екен... – депті.
***
Әйелі ағылшын драматургі Ричард Шеридан өзінің бір комедиясында Англия парламентіне тіл тигізеді. Сол үшін сот шешімі бойынша ол парламенттен тізе бүгіп, кешірім сұрауға тиіс болады.
Талапты орындау үшін жазушы обшиналар палатасының мүшелері жиналып отырған залға кіреді де тізе бүгеді.
Содан кейін қалтасынан орамалын шығарып, тізесіндегі шаңын қағып:
– Неткен лас палата еді! – деп шығып жүре беріпті...
***
Иван Козловский өтінішімді орындар деп, Сталинге:
– Өмірімде шет елге шықпаппын, бір ретін келтіресіз бе? – дейді.
– Қашып кетпейсің бе? – деп қалжыңдайды Сталин.
– Ол не дегеніңіз, Сталин жолдас, бүткіл шетел болып туған жер, кіндік қаның тамған ауылыңа жетпес.
– Е, онда, ертеңнен бастап – туған жер, ауылыңа барып кел... – деген екен.
Қылмыстық кодекс
№ 11- бап.
«Басқа біреудің келіншегімен тұрып жатқан еркек атаулы – қожайынның келісімінсіз бөтен мүлікті пайдаланғаны үшін қылмыстық жазаға тартылады».
№12- бап.
«Басқа біреудің еркегімен тұрып жатқан әйел заты – күш-қуатты есеп-шотсыз пайдаланғаны үшін...»
№ 13- бап.
«Өз әйелін енесінің (еркектің шешесі) қолында тұруға мәжбүр еткен еркек атаулы – дені сау адамды жындыханаға тапсырғаны үшін жазаға тартылады».
№ 14-бап
«25 жасқа келіп бірде-бір рет үйленбеген еркек қауымы – жұмыс уақытысында немесе күш-қуаты толысқан шақта бітім- болмысын әрекетсіз қалдырғаны үшін...»
№ 15- бап
«Біраз еркекті басбұйдалап алған әйел заты – мемлекет мүлкін талан-таражға салғаны үшін жазаға тартылады».
* Татар әзілдері
Көзі бар зағип
Бір қолына құмыра, бір қолына шырақ ұстап шошаласына кіріп бара жатқан зағип адамға кездескен біреу кекетіп:
– Шырақтың керегі не саған, бәрібір көзің көрмейді ғой, – депті.
– Сен секілді көзі бар соқыр құмырамды қағып кетіп қирата ма деп қорқамын, – депті анау.
Күнәһәр кім?
Молда өсиет айтып отырып:
– Кісі еңбегімен күн көрген адам нағыз күнәһәр. Ондай адам о дүниеде дозақтың отында жанады, – дейді.
Сонда тыңдап отырғандардың батылдау біреуі:
– Олай болса, амал не, хазірет, сіз жанғанда, біз қызықтап қарап тұратын болдық қой, – деген екен.
Келін тоймаса, теке семірмейді
Енесі келінін астан қаға береді екен. Тіпті оған тамақтың қалдығын да бермей:
– Келін, қалған тамақты қара текеге апарып бер, семірсін, – дейді екен.
Бір күні теке сойылады. Ол өте арық шығады.
– Тамақтың қалдығын беріп отырсақ та семірмепті ғой мына теке!? – деп таңданған атасына келіні:
– Келін тоймаса, теке семірмейді, –деп жауап беріпті.
Үйдегі боран
Ұйтқып соққан боранда тұлып киіп, есігінің алдында отырған көршісін көріп біреу:
– Мұндай боранда неге далада отырсың? – деп сұрапты.
– Ей, көрші-ай, бұл боран ба! Үйдегі талас таппай алай-дүлей құйын, жауын-шашыны аралас боранды айтсаңшы!... – депті
Сөйтсе, ол кісі үйдегі екі әйелінің жанжалынан қашып далаға шығып отыр екен.
«Құтты болсын...»
Ертеңгілік ентіге еліріп, жұмыс бөлмем орналасқан қабатқа табан тірей, болмысынан жерге қарап біткен басымды тіктеп, жанарымды ілгеріге жалт еткізіп едім, ұжым деп аталатын қалың елім қабылдау бөлмесіне кептеліп-ақ қалған екен. Мен жақындағанша, алдыңғы топ басекеңнің бөлмесіне ене бастады.
Бойына сеніп артында тұрған Сәкеңнен: «Жайшылық па?» – деп едім: «Басекеңе құтты болсын айтамыз...» – деуге ғана мұршасы келді.
Көппен бірге біз де ішке ене бердік. Басекеңе жеткенше мойын созып, тың тыңдап едім, жанынан жақын барғандар бір езулеп күліп, еңкейе қол беріп: «Құтты болсын» – деп сырғып, сырғанап-сытылып жатты. Біз де сол рәсімді иіліп жасап, басекеңнің қарсы алдында азулы ағалар анталап отырғандықтан, көп кідірмей сыртқа беттей бердік.
Бөлмеге кеп біраз желпініп, арлы-белі әңгіменің басын қайырып, айыз қандырған соң, бір білсе осы білер деген оймен, тартқан темекіміздің түтіні ортақ Төкеңнен:
– Төке, осы біз жаңа басекеңді несімен құттықтадық, – деп сұрай қалып едім:
– Мен ғанамын ба десем, сен де байыбына бармай, елмен бірге еліріп, кіріп кеткен екенсің ғой... – дегені.
Сәлден соң:
– Мені ерте кеткен Ерағаң еді, жүрші, соған барайық, – деп орнынан көтерілді.
Қарсы бөлмедегі Ерағаңа барып едік, екі иығы селкілдеп, көзінен жас пора-пора атқылап, сұқ саусағымен бізді нұсқап: «Мына... мына... мыналар», – дей береді... Осында отырған екі-үш бөлім бастығының бірі: «Не, сендер де ағаны несімен құттықтадық деп келіп тұрмысыңдар-ей!» – деп, таңырқай қарағаны бар...
Ерағаң да күлкісін күштеп тыя:
– Бір білсе жауапты хатшы біледі, бар хабар содан тарады емес пе, – деген соң, жөн сөзге тоқталып, қатар тұрған хатшының бөлмесіне сау ете қалдық.
Тобымызды көріп тосырқап қалған Қуағаңа мән-жайды айта қалып едік, көз жанары ұшқын ата ойнақшып: «Соған бола дүрлігіп... зәрені алдыңдар ғой түге...» деп, айналмалы орындығын шыр айналдырып барып түзелді де:
– Маған звондаған Бірғали. «Жүр, ағаны құттықтап шығайық, жігіттер еніп жатыр», – деген соң мен де алып-ұшып барып, әбүйір боп үлгеріп, соңдарыңды ала құттықтап қалдым, – дейді...
Бір топ әдеби қызметкер, бөлім меңгерушілері, арамызда жападан-жалғыз жауапты хатшымыз бар – күлліміз бас редакторға қарсы бөлмеде отыратын Бірғалиға, яғни редактордың орынбасарына кіріп бардық.
Ол мән-жайды білген соң, сәл-пәл езу тарта әдеппен күле отырып:
– Міне, қызық... күллің мына ортада үйіріліп тұрып бір-біріңе: «Ағаны құттықтап шығайық», – деп жатқан соң, іле-шала Қуанышқа звондағаным рас. Тілге келмей топтың басы боп еніп кеткенім және рас. «Осы ағаны несімен құттықтадық екен», – деп әзірде ғана ойланып отырғанмын... – деген соң, бәріміз бойымызды жиып, шындап қаңтарылдық...
Содан бәріміз бар жұмысты тоқтата тұрып, бір білсе осы білер деп, басекеңе еніп кеткен хатшы қыз Жаннаны тостық.
Ол шыға сала:
– Басекең жаңа жігіттер мені неммен құттықтады екен, соны біліп келші деп жіберді, – дегені...
Бытырай тарадық...
Берік Садыр.