• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
19 Қаңтар, 2016

Ақтөбеде Алтай батырға арналған конференция өткізілді

415 рет
көрсетілді

АҚТӨБЕ. 19 қаңтар. Ақтөбе қаласындағы С.Бәйішев атындағы әмбебап-ғылыми кітапханада Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай «Азаттықты аңсаған Алтай батыр» атты өлке тарихының өзекті мәселелерін қамтыған ғылыми-танымдық конференция ұйымдастырылды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Кітапхана фойесінде Алтай батырдың өмір жолын алғаш зерттеп, оны Алматы, Мәскеу, Орынбор мұрағаттарынан тапқан деректерімен ғылыми негіздеп жазған тарихшы, тарих ғылымдарының кандидаты, марқұм Беркін Құрманбековтің «Алтай батыр» атты кітабы көрмеге қойылды. Конференцияға тарихшы ғалымдар, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің оқытушылары, Байғанин ауданының ардагерлері мен мектеп мұғалімдері, қаламыздағы арнаулы орта, жоғары оқу орындарының оқушылары мен студенттері қатысты. Шараға қатысушылар ғалым, өлкетанушы Беркін Құрманбековтің еңбек жолы туралы «Тарихтан тағылым танытқан тұлға» атты кітап көрмесін тамашалады. Көпшілік назарына Алтай батырға арналған фото-слайд ұсынылды. Қ.Жұбанов атындағы өңірлік мемлекеттік университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы, профессор Н.Абдоллаев өз баяндамасында өлкетанушы ғалым Беркін Құрманбековтің терең мазмұнды, ғылыми дерегі мол «Алтай батыр» монографиясының құндылығы жайында, Әбілқайыр ханның серігі болған Алтай батыр Ебескіұлының ірі тарихи тұлға, талантты әскери қолбасшы болуымен қатар ойшыл, қара қылды қақ жарған би болғаны жайлы әңгімеледі. Байғанин аудандық ардагерлер ұйымының төрағасы, өлкетанушы И.Ермекбаев Алтай батырдың жерленген жеріне қатысты өз пікірін айтты. Байғанин өңіріндегі Терісаққан өзенінің бойындағы «Алтай қорымының» фото-слайдын көпшілік назарына ұсынды. Басқа да шығып сөйлеушілер Алтай батырға қатысты ой-пікірлерін ортаға салды. Сатыбалды Сәуірбай. Дерек, сурет: egemen.kz.