Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев еліміздің ең басты жетістігі – Тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы мерекеленетін жылдың басында әлемде болып жатқан қиындықтарға қарамастан, үлкен мақсаттарды алға қоя отырып, оған жетуге ынталандыратын нақты қадамдардың маңыздылығын «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласында тағы да атап көрсетті.
«Қазақстан-2050» Стратегиясында көрсетілген Қазақстанның әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу мақсатының орындалуы «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарынан бастау алады. Президентіміздің аталған мақаласында жалпы «Ұлт Жоспары – 100 нақты қадамда» бес институттық реформа аясындағы мақсаттар мен міндеттердің негізгі бағыттары айқындалған. Сонымен қатар, онда көрініс тапқан мәселелер Ұлт Жоспарының әр қадамы бойынша Елбасының түйіні және алдағы уақытта Үкімет пен билік органдарына қойған басты талаптар жиынтығы деуге болады.
Өткен 2015 жыл – Бес институттық реформаның жариялануы мен оны жүзеге асыру үшін заңнамалық және ұйымдастырушылық қамтамасыз етілуімен ерекшеленді. Бұл ауқымды жұмысқа Парламенттегі депутаттық корпус та, мемлекеттік органдар да белсенді түрде атсалысты. Соның нәтижесінде Мемлекет басшысы Парламенттің заң шығарушылық ісіне жоғары баға берді. Депутаттар үшін бұл үлкен мәртебе. Енді осы реформаларды нақты жүзеге асыру басталады. Сондықтан да әрқайсымыз қазақстандық арманымыздың орындалуына бар күш-жігерімізді жұмылдыру арқылы үлес қосуымыз қажет.
Ал қазақстандық арманға жету дегенді мен еліміздің әр азаматының асқақ армандарына жету жолы деп түсінемін. Себебі, Елбасымыз өз мақаласында азаматтарымыздың осы мақсатқа жету жолында бүгінгі күні ұсынылып отырған заңнамаларды, яғни өз құқығы мен міндеттерін және мүмкіндіктерін білуіне, оны жете пайдалануына ерекше мән береді. Ұлт Жоспары шеңберінде жүзеге асырылатын мемлекеттік басқару мен құқықтық тәртіп жүйесіндегі реформалар халқымыздың экономикалық және азаматтық белсенділігін арттырып, еліміздің әрі қарай дамуына ықпал ететін болады.
Мақалада Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жыл ішінде атқарған жұмысына да баға беріп, көпэтносты ел болу – біздің өзге елдерден басты ерекшелігіміз және аса үлкен байлығымыз екенін атап өтті. Расында да, Қазақстанның бүгінгі жетістіктері, халықаралық аренадағы беделі этносаралық ынтымақ пен бірлікке тікелей байланысты.
Әлемде болып жатқан түрлі жағдайларға қарап, ел ішінде тұрақтылық, бейбітшілік пен келісімді барынша нығайтудың маңыздылығын тағы да атап көрсету ешқашан артық болмайды. Барлық салаларды жан-жақты дамытуға бағытталған Ұлт Жоспарын орындау, реформаларды табысты жүзеге асыру, экономиканы жаңғырту – ұлт бірлігін әрі қарай нығайтудың басты жолы болмақ. Осынау ұлы істерді жүзеге асыруға Ассамблея да өзіндік үлес қосады.
Зухра САЯПОВА,
Парламент Мәжілісінің депутаты, Қазақстан халқы Ассамблеясы Кеңесінің мүшесі.