• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
21 Қаңтар, 2016

Атырау полицейлері 958 мың 488 еуроға катер сатып алды

353 рет
көрсетілді

АТЫРАУ. 21 қаңтар. Атырау облыстық ішкі істер департаментіне арнайы мақсаттағы FB 38STAB SF катері 2013 жылы мемлекеттік сатып алу порталындағы ашық конкурс нәтижесімен алынды. Катердің жалпы құны 178 млн. 571 мың теңгені (қосымша құн салығынсыз) немесе 958 мың 488 еуроны (қосымша құн салығын қосқанда) құрады. Бұл туралы облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады. «Жеткізушінің ақпараты бойынша, катердің жалпы құнына келесі шығындар кіреді: 95 мың еуро – қосалқы жабдықтар: навигациялық жабдық, радар, Intercom жүйесі, кемені басқарудың (порттағы маневрлер) ішкі блогы, артты көрсету камерасы, қару қоятын тұғыр, катердің алдыңғы бөлігіндегі айналатын орындық; 25 мың еуро – Алматыға дейін жеткізу, сақтандыруды қоса есептегенде; 117 мың еуро – елге кіргізгендегі баж салығы, 20% есептеу; 84 мың 240 еуро – импорттық 12% қосымша құн салығы; Осылайша, кедендік рәсімнен кейін катердің өзіндік құны 786 мың 240 еуроны құрады, дистрибьютордың маржасы – 20% (157 мың 248 еуро); 15 мың еуро – сатып алуды қаржыландыру, банктің ақша аудару комиссиясы. Нәтижесінде Атырау қаласында катер бағасы 958 мың 488 еуроны (сол кездегі курспен 196 млн. 490 мың 40 теңге) құрады», – делінген Атырау облыстық ішкі істер департаменті таратқан арнайы хабарламада. Бұл катер Каспий теңізінің акваториясында патрульдік-инспекциялық қызмет атқару үшін арнайы жабдықтармен жарақталған. Катер әрқайсысының 500 ат күші бар қос дизельдік қозғалтқышпен жарақталған. Жалпы қуаты 1000 аттың күшіне тең. Ең жоғары жылдамдықпен жүретін катермен «су полициясының» қызметкерлері заңсыз айналымнан 166 тонна балық, оның ішінде, 5 тонна бекіре тұқымдас балық, сонымен бірге, 200-ге жуық жүзу құралдары тәркіленгені айтылады. Алайда, катердің қай елден тапсырыспен әкелінгені хабарланған жоқ. Жолдасбек Шөпеғұл. Дерек: Атырау облыстық ішкі істер департаментінің баспасөз қызметі. Сурет: nur.kz.