АСТАНА. 21 қаңтар. Мемлекет басшысы Ақмола облысының әкімі Сергей Кулагинді қабылдады. Бұл туралы akorda.kz хабарлады.
Кездесу барысында Сергей Кулагин Мемлекет басшысына өңірдің қазіргі әлеуметтік-экономикалық дамуы мен алдағы кезеңге арналған міндеттері туралы баяндады.
Нұрсұлтан Назарбаев бүгінде облыстар арасында өзара тауар алмасуды күшейту қажеттігін, сол мақсатпен әр өңірде өндіріс пен тұтыныс теңгерімін жүргізу керектігін атап айтты.
Ақмола облысының әкімі 2015 жылы өнеркәсіп өндірісінің нақты көлемі – 6,9 пайызға, ауыл шаруашылығы өнімдері – 2,1 пайызға және құрылыс жұмыстары 6,1 пайызға өскенін жеткізді.
Сергей Кулагин өңірде азық-түлік тауарлары бағасының өсімін тежеу үшін қабылданып жатқан шаралар туралы айтты.
Сондай-ақ, Мемлекет басшысына Индустрияландыру картасының жүзеге асырылу барысы туралы да баяндалды. Соңғы екі жылда индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы аясында жалпы құны 63,6 миллиард теңге болатын 21 жоба іске қосылып, 1,7 мыңнан астам жұмыс орны ашылған.
Сонымен қатар, Астананың «азық-түлік белдеуі» аясындағы перспективалы жобалар талқыланды.
Мемлекет басшысы кездесу қорытындысы бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.
Еламан Қоңыр.
Дерек, сурет: akorda.kz.