Оқырман қауым бұл жөнінде мәселе көтерілгеніне бірнеше күн болып қалғанын жақсы біледі. Нақты айтқанда, қаңтардың 13-і күні Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаттары Парламент Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының кезектен тыс сайлауын өткізу туралы үндеу қабылдаған болатын. Депуттардың бұл бастамасын республика тұрғындарының басым бөлігі қызу қолдады. Бірақ Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жауап қайтаруға асыға қоймады. Елбасы осы тұрғыда бірнеше жоғары лауазым иелерімен ақылдасып, пікір алмасты. Содан соң ғана Конституцияның осыған мұрсат беретін тиісті баптарына сүйене отырып, түйінді шешім шығарды.
Президент қолы қойылған бесінші шақырылған Қазақстан Республикасы Парламентінің Мәжілісін тарату және Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауын тағайындау туралы Жарлық бұрнағы күні кешке қарай жарыққа шықты. Бұл жаңалық электронды бұқаралық ақпарат құралдары мен интернет-ресурстар арқылы сол заматында кеңінен тарай бастады. Көпшіліктің бірнеше күннен бері хабардар болып, құлақ түріп отырғанынан да шығар, онымен танысушылардың қатары сәт сайын көбейе берді. Біз мұны өз газетіміздің сайтында жарияланған «Парламент Мәжілісінің сайлауы биылғы 20 наурызда өтетін болды» деп аталатын хабардың соңына тоқтаусыз түсе бастаған комменттер бойынша да байқап отырдық. Ал пікір иелерінің барлығы бұл шешімді қолдайтындықтарын білдіріп жатты.
Енді сол ой-толғамдардың бірқатарын оқырман назарына ұсынамыз.
Омар, Астана қаласы
Негізі, бұл дұрыс шешім болды. Әнеукүннен бері жұрттың аузында жүрген сөзге бір нүкте қойылды. Серпіліс керек. Жаңа сайланатын Парламент сол серпілісті әкелетін шығар деген зор үміттемін.
Бөрілі байрақ
Елбасы Жарлығының қажетті шешім екенінде дау жоқ. Бірақ мені бір нәрсе ойландырады. Өткенде осы кеткелі жатқан депутаттардың біразы жаңа сайланатын Парламентке қайта келгілері келетіндерін айтып қалып жатыр. Егер шынында тап солай болса, жаңа сайлаудың да, жаңа Парламенттің де не керегі бар? Шын мәнінде ол ешқандай да жаңа Парламент болып шықпайды ғой.
Қасым
Өз басым жаңа Парламент шынында жаңа болса, оған расында жаңа адамдар келсе екен деп тілеймін.
Тұрар Өмірғали
Болашақ үшін жасалып жатқан істе кемшілік болмайды. Бұл идеяның ертең нәтижесін көргенде «е, солай екен ғой!» дерміз. Тәуелсіздік тарихында талай болған жағдай ғой. Сондықтан, бұл шешімнің ар жағында тағы да игілікті идея жатқанына сенемін.
Асылзат Дүйсен
Біз қандай қиын сәттерде де Елбасының халықты алдамағанын білеміз. Алдағы болашақта болатын жағдайға алдын ала болжам жасай білетін зор қабілеті бар адам. Елдің аман, жұрттың тыныш отырғаны соның арқасы. Сайлауға бір кісідей қатысқан дұрыс. Бізге қазіргідей алмағайып заманда, не айтса соған бас шұлғығыштар емес, дұрыс идея айта алатын адамдар керек және олар Елбасының айналасынан табылуы тиіс.
Ақылбек
Жаңа ұжым өзімен бірге ылғи да тың идеяларын қоса алып келеді. Дағдарыс кезінде Қазақстан үшін әрбір ұтымды ой, еліміз үшін пайдасы зор бастамалардың қажеті болып-ақ тұр. Ал ендігі Мәжіліс құрамына білімді азаматтардың келгенін тілеймін.
Батырбек
Төменгі палатаның тарағаны дұрыс-ау, алайда, алдағы сайлаудан үлкен мінбелерде ұлттың, қазақстандықтардың, экономика мен саясаттың сойылын соғатын шынайы депутаттар өтсе ғой. Бізге қалғып-мүлгіп отыратын мырзалар емес, көкірегі ояу жандар керек.
Нұр-Хан
Алдағы сайлау нағыз тартысқа толы, елім деп еңірейтін білімді азаматтар бәйгеге түсетін дода болса деп тілеймін. Осы тараған Парламенттің 40 пайызы ғана ел қамын ойлады деп білемін. Қалғаны ұйқыбастар. Қазіргі жаһандық дағдарыста елге пана, Елбасына адал, Отанын сүйетін патриот азаматтар депутат болуы керек.
Бағдат Айназар
Елбасы мың ойланып, жүз толғанып барып, Жарлыққа қол қойды. Осы арада әңгіменің ашығын айтсақ, неге Елбасы көп ойланды? Өйткені, біз сайлауды өткізерміз, қыруар қаржы жұмсалар, бірақ қайта жасақталған Парламент ел үдесінен шыға ала ма? Міне, гәп осында болды. Сондықтан Назарбаев бірден шешім шығармады. Мен осындай сабырлылығы үшін Елбасын құрметтеймін.
Базылхан Қызырханұлы, Шығыс Қазақстан облысы, Үржар
Елбасы елдің тілегін ескерді. Сайлау өтетін болды. Бек қуаныштымыз. Енді осы сайлау арқылы қоғамға қажет адамдар мандатқа ие болса дейміз. Әсіресе, алыстағы ауылдардың тыныс-тіршілігін ойлайтын, халық қамына қабырғасы қайысатын азаматтар депутат болса деген тілегіміз бар. «Ауыл» партиясы арқылы ауылдағы ағайынға жұмыс беріп отырған мықты фермерлер, агросектор өкілдері кандидат болуы тиіс. Сонан кейін Ассамблея өкілдеріне мандат берген сияқты, оралман ағайынға да Мәжілістен орын берілсе, бұл Парламентке өзгеше демократиялық, ұлттық реңк берер еді. Адам факторының рөлі зор. Өз ойы мен ұсынысын ашық және сауатты айтатын кандидаттар керек.
Айгүл Амангелдіқызы, Семей
Біздің Семей қаласының инфрақұрылымын реттейтін заңдар қабылдануы керек. Қалаға республикалық мәртебе берілсе, бұл мәселе шешімін табар еді. Семей – қазақтың рухани ордасы. Сондықтан, қаламыздың үнін айтар азаматтардың депутат болғанын қалаймын. Елбасы сайлауды өткізу жөніндегі халықтың тілегін ескерді ғой. Енді семейлік ағайынның жағдайына да қарайласса жақсы болар еді. Әрине, Семей соңғы жылдары ақырындап дамып келеді. Бизнес-субъектілері көбейді. Былтыр Елбасы өзі келгенде де көрді ғой. Дегенмен, көптеген көшелер ойқы-шойқы бұзылып бітті. Қалада ыстық су мәселесі шешімін тапқан жоқ. Жұмыс орындарын құру қажет. Осы мәселелер депутаттыққа үміткерлердің есінде болуы тиіс.
Айтжан
Сайлау – халыққа өз таңдауын жасап, елдің дамуы үшін өзіндік үн қосатын тамаша құрал. Біздің халыққа тағы бір осындай мүмкіндік бұйырып отыр екен. Құтты болсын. Әдеттегідей қазақстандықтар таңдау жасауда қателеспейді деп ойлаймын.
Қайрат, Қордай
Меніңше, Мәжілістің жаңа құрамына таңдау өте қатаң болатын сияқты. Шынында алғыр, іскер адамдар өтуі керек қой. Заман, уақыт соны талап етіп отыр.
Мұхит Ғарифуллин
Қазір әлем үлкен жолайрықтың алдында тұр. Өйткені, жаһандық дағдарыстың салқыны адамзаттың дамуын тежеп, кері әсер етуде. Осындай қысылтаяң шақта елдің ертеңі үшін игі істер жасап, келешегіміздің келбетті болуы үшін батыл қадамдарға бару – әр қазақстандықтың басты міндеті. Замана көшінен қалмау үшін білек сыбанатын кез енді туды деп санаймын. Сондықтан Елбасы көрегенділік танытып, Парламент сайлауын өткізуге байланысты Жарлыққа қол қойыпты. Ендеше, әрқайсымыз Президентіміздің шешімін қолдап, сайлаудың жоғары деңгейде өтуіне бір кісідей атсалысайық дегім келеді.
Рауғаш
Меніңше, бұл өте дұрыс шешім. Сайлау халыққа тың серпіліс, жаңа қарқын, жаңа күш-жігер береді. Қазіргі тар жол, тайғақ кешуде тек бізге емес, бүкіл әлемге осындай бір батыл шешімдер қажет. Президентіміздің реформалары мен стратегиялық бағдарламаларын жүзеге асыру үшін де жаңаша ойлайтын мамандар керек. Осы сайлаудан Мәжіліске сондай соны идеялары бар жандар келеді деп үміттенемін.
Гүлсара
Дер кезінде қабылданып отыр. Болашақ күтіп тұрған дағдарыстық ушығуларға жаңа құраммен бірге төтеп беретін боламыз. Мен Елбасымыздың шешімін қолдаймын.
Жанғабыл
Спикерлер үшін бұл науқан өздерінің қолынан не келетінін көрсететін кез. Сондықтан оларға сәттілік тілейміз.
Жамбыл, Маңғыстау облысы
Сайлау дүркіретіп өткізе салатын той-мереке емес, ол – елдің болашағы, бүгінгі дағдарыс кезеңінде байыпты бағдар, байсалды болмыспен жаңаша іс атқара алатын лайықты азаматтарды іс басына, жауапты орынға шақыру, сол орынды оларға жауапкершілікпен ұсыну. Сайлаудың маңызын халық та, сайлауға қатысатын кандитаттар да, сайланған депутаттар да терең түсінуі тиіс. Сайлауды асқан жауапкершілікпен, ұйымшылдықпен өткізуге барлығымыз қатыссақ деймін.
Айша, Оңтүстік Қазақстан облысы
Нақты күні де белгіленді-ау! Ендігі кезекте сол орынға лайықты адамдарды қойса деп тілеймін. Қысылтаяң кезде болмашы идеяларымен емес, тығырықтан шығудың жаңа жолдарын көрсете білетін, халқын өрге сүйрейтін азаматтар жайғасады деген үміттемін!
Cамат Аманғалиұлы, Атырау облысы
Бұл сайлаудың маңызы ерекше. Оны Елбасы өз үндеуінде орынды айтып берді. Елдің, халықтың игілігі үшін қызмет ететін ұлтжанды, елжанды депутаттар сайланады деген үмітім бар. Қазір бізге елдің экономикасын дағдарысқа ұшыратпай, қиындықтан шығуға бағыт беретін заңдар қабылдауда сауаттылық танытатын депутаттар қажет. Оларды әрине, партиялар таңдайды. Алайда, әр партияның ел мүддесін ойлайтын кандидаттар ұсынатынына сенемін.