Осыдан 50-60 жыл бұрын адамзаттың бүгінгі мүмкіндігі «үш ұйықтаса түске кірмейтін» дүниелер болғаны рас. Ал қазіргі таңда ғарышты игерген адам одан да зор ғылыми жаңалықтарға иек артуда. Мәселен, осы аптаның сейсенбісінде АҚШ-тың Чикаго қаласында жұмыс істейтін италиялық нейрохирург Серджио Канаверо мен оның қытайлық әріптесі Жень Сяотин осы саладағы сенсациялық жаңалықты жариялады. Олардың айтуынша, бүгінде хирургтер адамның басын ауыстыратын оталарды жасауға дайын екен.
Бұл жөнінде дәрігер Канаверо: «Біздің жаңалығымыз негізсіз емес. Осы кезге дейін әртүрлі жан-жануарға тәжірибелер жүргізіп, оң нәтижеге қол жеткіздік. Осымен тәжірибе кезеңін аяқтаймыз. Енді мұндай оталарды адамға жасауға дайынбыз. Осы ретте аталған отаға зәру ресейлік науқас Валерий Спиридоновтың ем-домына көмектесіп, сол елдегі әріптестерімізге қолұшымызды созғымыз келетінін айтқым келеді», – деп мәлімдеді.
Алайда, ғалымдар әлемдік медицинаны дүр сілкіндіретін осы жаңалықты жүзеге асыру үшін материалдық және басқа да мәселелерді шешу қажет екенін айтып отыр. Себебі, мұндай ота АҚШ пен Еуропада 100 млн. доллар тұрса, Ресейде оны 20 млн. долларға жасауға болады. «Ресейде өзге елдерден арзан болуына медициналық құрылым мен хирургиялық дәстүрдің мол тәжірибесі себеп», – деді С.Канаверо.
Ал Ресейдің Владимир қаласында тұратын, бағдарламашы Валерий Спиридоновтың өзі италиялықтың ұсынысынан бас тартпайтынын айтты. Туғаннан арқа бұлшық еттерінің атрофийімен ауыратын науқас бүгінде өз денесін басқара алмайтын халге жеткен.
«Мұндай отаға шамамен 36 сағат қажет. Осы уақытта науқастың терісі бұзылмас үшін оның денесі мен басын арнайы мұздатқыш арқылы салқындатып отырамыз», – дейді дәрігерлер.
Еламан ҚОҢЫР,
«Егемен Қазақстан».