«Санкция» деген сөзден құлақ сарсыды. Бұл санкция дегеніңіздің жүрмейтін жері жоқ екен. Солтүстіктегі көршіміздің екі аяғын бір етікке тыққан бұл шіркін Сарыарқаның сайын даласында бұйығып жатқан Қарағой ауылында не жоғалтты екен?
Ақтоғай ауданындағы Қарағой ауылының бастауыш мектебі біліктілік талаптарына сай келмегендіктен жабылып, санкцияның шеңгеліне ілікті. Неге десеңіз, аталған мектепте медициналық бөлме медбикесімен қоса жоқ екен. Асхананы атамаса да болады.
Құстың ұясындай ғана Қарағой мектебінде 8 оқушы, 2 мұғалім және 3 техникалық қызметкер болған. Аудандық білім беру бөлімінің басшысы Қанат Бәкіровтің айтуынша, тиісті орындар аталған кемшіліктерді бұдан бір жыл бұрын анықтаған екен. Бірақ та, өзіне дейінгі басшы кемшіліктермен дер кезінде күреспей, енді келіп салғырттықтың кесірі мектепке тиіп отыр...
Жақында болған сот отырысы «Қарағой ауылының бастауыш мектебі» мекемесін әкімшілік құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп тапты. Мектепке мемлекеттің пайдасына деп 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде (198 200 теңге) айыппұл салынды және ол бұдан былай білім беру ісімен айналысу құқынан айырылды.
Қазіргі таңда жергілікті билік санкция салынған Қарағой мектебінің оқушылары мен ұстаздарын басқа білім ұясына орналастырумен айналысып жатыр.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан».
Қарағанды облысы,
Ақтоғай ауданы.