• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
23 Қаңтар, 2016

Мақсат сабақтастығы

311 рет
көрсетілді

Елбасының кез келген шығармашылық еңбегі жүрекке жалын қосып, кеудені сілкініске түсіретіні бар. Нұрсұлтан Әбішұлының «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бас­тайтын жол» атты мақаласы дәл сондай. Оның үстіне, бұл еңбектің жыл басында жариялануының маңызы ерекше. Өйткені, жыл басы жаңа мақсаттардың, жақсы ниеттердің қайнарындай қуат төгеді. Тәуелсіз елдің мақсаттары да биік. Бұған жету әсте оңай болмаған. Сондықтан, Елбасының әрқайсымызға ой салып, мақсат пен арманды ұштастыра айтуы сол мақсаттың қаншалықты маңызды екендігін айқындайды. Біз арман жетегіндегі халықпыз. Ол ешқашан үзіліп көрмеген. Мақалада арманның мемлекеттік тұрғыдағы мерейіне, оның жалқы болмайтындығына ашық сипаттама берілген. Біз Президенттің «Ата-­бабаларымыздың көптеген ұрпақтары үшін Қазақстанның Тәуел­сіздігі асыл арман болып кел­ді. Біз олардың азат және тәуелсіз Отанды аңсаған көп ғасырлық қиял­дарын іс жүзіне асырдық. Біз, қа­зіргі қазақстандықтар үшін Тәуел­сіздік көпэтносты қоғамы­мыздың нақты жоғары өмірлік құндылығына айналды. Біз осыдан бар-жоғы ширек ғасыр бұрын ғана барлық ақыл-ойымыз бен жүрегімізді баурап алған көптеген ой-ниеттерімізге қол жеткіздік», – деген жарасты тұжырымына жарыса қол соғамыз. Елбасы айтқандай, «әр ұрпақ­тың өз арманы бар, оларда тек жеке және отбасылық игіліктерге ғана ұмтылыс көрініс таппайды. Олар­да қашанда туған жерге де­ген сүйіспеншілік сезімі, өз хал­қы мен Отанының бақыты тура­лы аңсар айқын көрінеді». Біз ұлық арман мен оның жүзеге асқан дәуірінің ұрпағымыз. Біз оның бағасы мен қадірін айқын ажырата аламыз. Халқымыздың, заманымыздың заңғар ұлының көрегендігі арқасында өз жеріміз бен оның байлығының ұқыпты иесі екендігімізді сезініп, жаңа технологияларды ғылыми негіз­­де мең­герумен қатар тарихы­мызда ешқашан болып көрме­ген өндірістік қуаттар мен эконо­ми­каның тұтас салаларын іске қосу­ға ұмтылудамыз. Осы арқылы Қа­зақ­стан экономикасының нақты табыстармен, ұлттық байлықтың және халық игілігінің өсімімен нығая түсетінін санаға тоқып, басшылыққа алдық. Және, «ең бас­тысы – біз жаңаша армандауды, Тәуелсіз Қазақстанымыз бір бөл­шегі болып отырған жаҺан­дық әлемдегі қиындықтарға қара­мастан, ел мен қоғамды дамытуда нақты міндеттер қоюды және оларды шешуді үйрендік». Армансыз әсте алға басу болмайды. Арман алашапқын бәйге де емес. Елбасы арманымыздың кезеңдік туын былайша желбіре­теді: «Біз Тәуелсіздіктің 25-ші жыл­дығына жаңа қазақстандық арман­мен аяқ бастық, оның басты мақ­саты жүзеге асырылып жатқан «2050» Стратегиясымен бара-бар. ХХІ ғасырдың ортасына қарай біз Қазақстанның әлемдегі аса дамыған 30 мемлекеттің қатарына қосылуына қол жеткізуді жоспарлап отырмыз». Оңай дүние арман болмайды. Президент қоғамды қозғалысқа салып, жауапкершілік жүгін еселеп отыр. Сонымен бір ме­зетте, «Ұлт Жоспары – қазақ­­стандық арманға бастайтын жол» бағдары арқылы оған жетудің жолдарын, орындалуға тиісті міндеттерді саралап та, салалап та көрсетіп беріп отыр. Осы ретте, ғаламдық өсудің ғылыммен байланыстылығын алға шығара айтқанымыз жөн. Елбасы бұған қаратып: «Біз ғы­лым­ды қажет ететін экономи­ка­ны қалыптастыру бойынша жұмыс­тарды жалғастыра береміз. Бұл орай­да бәсекеге қабі­­летті, жоға­ры тех­нологиялы өнді­­ріс­тер­дің сыни массасын өсіруге қол жет­кізу маңызды», дейді. Аталған тұжы­рым біз айна­лысатын салаға, яғни ор­ман алабының тиімділігі мен сапа­сын арттыруға да тікелей қа­тыс­ты. Қатарының қалыңдауын аңсаған халқымыз «Ормандай елің болсын» дегенді жай айтпаған. Мағына кең тармақты болғанымен, орманшы ғалымдарға жүктелер міндет ауқымды. Жер шары тұрғындарының табысын қамтамасыз ете отырып ормандар дүниежүзілік экономикада аса маңызды орын алады. Сондықтан, қымбат қазынамызды қорғау, оның шеңберін кеңейту өткір мәселе күйінде толғандырады. Келесі жылы 60 жылдығын атап өтетін ғылыми-зерттеу институтының ұжымы бұл міндетті абыройлы атқаруға атсалысуда дей аламын. Уақыт талабына сай бірнеше құрылымдық өзгерістерді бастан өткердік. Қазіргі күні өзіміздің тікелей міндетімізге сай ғылыми әлеуетке ие болдық. Еліміздің барлық аймағын қамтитын үш ірілендірілген филиалымыз бар. Бурабайдағы бас мекеме бес секторға бөлінетін үш ғылыми бөлімді, экологиялық мониторинг зертханасын біріктіріп, дендробақ пен арборетумның қызметін үйлестіреді. Институттың негізгі міндеті – орман шаруашылығын жүргі­зудің ғылыми негіздемелік жүйе­сін қалыптастыру және Қазақ­станның әртүрлі табиғи аймақ­тарында ландшафттық құры­лым­дағы қорғаныштық орман өсіру. Еліміздің орман қоры мен экологиялық апат аймақта­рын­дағы (Балқаш өңірі, Арал теңі­зінің құрғаған жерлері) агроорман­мелиорациялық қызметтің тиім­ділігін күшейту, көгалдандыру мақ­сатындағы алқа ағаштар түрін көбейту мен оның жерсінуін қамтамасыз ету жұмысымыздың басты арналарын құрайды. Ғылыми-зерттеулер 46 тақы­рыптан бастап, басым бағыттағы ауқымды іс-шараларды қам­тиды. Са­лалар бойынша мейлін­­ше қыс­қартып айтсақ, сүрек­дің­ділердің өнімділігін болжаудың ғылыми негіздемесі, олардың құрамы және шығу тегі, қарағай мен қайың бүршіктері қорына есеп жүргізу бойынша ұсыныстар, орман байлығын пайдалану өлше­мін жетілдіру, ормандарды қайта түлетуді кезеңдер бойынша рет­теу­ге бағытталған ұсыныстар да­йындалып, қолданысқа енгізілді. Көңіл өсірерлік жетістіктер қатарында, 8 жылдық еңбегіміздің нәтижесі бойынша желегі пира­ми­далдық түрдегі қарағайдың теңдессіз әрі өте әсем морфотүрлері сынақтан өткізіліп, «Бұланды» және «Сымбатты қарағай» сорт-клондарын алуымызды айтуға болады. Сондай-ақ, «Бурабай-30», «Ұрымқай-38», «Ұрымқай-53» тұқымды қарағайларға сұраныс айрықша жоғары. Институтымыз 2009 жылдан бастап ағаш түрлерін клонды микрокөбейту бағытында жұмыс бастап, боз арша мен жөке тұқымының тамырлануы мен өркен жаюына арналған қоректік орталар дайындады. Астананы абаттандыру, оның агло­мерациялық ауқымын көр­кей­ту жалпыхалықтық іске айналды. Қысқа мерзімде бой көтерген ғажайып қала отандастарымыздың рухын аспандатып, ғаламат жос­парлар түзуге жігерлендірумен қатар, әлемдік кеңістіктегі мақта­ныш сезімін тудырды. Оның бір па­расы жанға жайлы жасыл желе­гінен де көрініс табады. Елбасы Н. Ә.Назарбаев Астананың жасыл белдеуін кеңейтіп, оның көлемін 75 мың гектарға жеткізу тапсырмасын қойып отыр. Бұл қатал климаттағы далалық аймақта әрі орасан зор аумақта жасыл белдеу құрудың әлемдегі ең бірінші жобасы. Қазір 100 мың гектар алқап­та жобалау-іздестіру жұмыс­­тары ат­қа­­рылды. Онда инсти­тут­тың әдіс­темелік ұсыныстары басшылыққа алынған. Ғалымдарымыздың нұсқаулықтарына сәйкес, көгал­­дан­дырудың қолжетімді бағыт­тары айқындалды. Сұрыптау нәти­жесінде, өскіндер тұқымының 60 түрі сынақтан өткізілді. Келесі зерттеулеріміз қорғаныштық алқап­тардағы ағаштың 13 түрінің мей­лінше тө­зімділігін көрсетті. Тәтті арманның құсқанаты бо­луға тиісті. Президент мақала­сында сенім қуатындағы мынадай сөздер бар: «Біз өзіміздің жаңа ар­манымызға жақындауды Бес инс­титуттық реформаны жүзеге асыру бойынша 100 нақты қадам – Ұлт Жоспарын жасаудан бастадық. Осы жаңғыртуларға шешуші рөл беріліп отыр. Олар Қазақстанды, оның экономика­сын, мемлекет пен қоғамды өзгертетін тарихи міндеттер кешенін шешуге даңғыл жол салады. Олар планетадағы аса дамыған мемлекеттерді біріктіретін Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандарттарына сәйкес келетін елді дамыту, экономикалық өсім мен барлық қазақстандықтардың өмірін жақ­сар­ту үшін жаңа лайықты жағдай­лар қалыптастырады. Біздің Қазақ­станымыз серпіндірек, лайық­ты­рақ, сенімдірек және дәулеттірек болады». Әмәнда жақсылыққа ұмтылған жақсы. Бұл Алланың нұры шашырап тұратын жол. Біз мақсатымызға жетеміз! Болат МҰҚАНОВ, Қазақ орман шаруашылығы ҒЗИ директоры, АШҒ академигі, Бурабай ауданының құрметті азаматы. Ақмола облысы, Бурабай ауданы.
Соңғы жаңалықтар