АСТАНА. 24 қаңтар. Павлодарда екі балықшы мінген джип көлігі Ертіс өзенінің үстімен жүріп келе жатқанында, ойыққа тап келіп, мұз астына кетіп қалды. Бұл туралы ras.kz-ке сілтеме жасаған egemen.kz хабарлады.
«Салмағы бірнеше тонна болатын жол талғамайтын көлік өзінің ауқымы үлкендігінен су астына кеткен жоқ – бұл жердегі мұздың қалыңдығы 70 сантиметрден асатын. Куәгерлердің айтуларынша, балықшылардың тек жолы болмаған, олар қардың қалыңдығынан өзен бойындағы ойықты байқамай қалған. Балыққа басқа жолмен барған да, қайтарда басқа жақпен қайтқан. Көлік ішіндегі екі жігіт соңғы сәтте есікті ашып, сыртқа секіріп үлгерген», – делінген хабарламада.
Сондай-ақ, деректе Ертіс өзенінің Павлодар облысы аумағындағы бөлігінде мұз үстіндегі өткел-күзерлердің қаңтардан жұмыс жасай бастағаны айтылған.
Айта кетейік, куәгерлердің хабарлауынша, жұрттың көбі арғы бетке өтерде жолды қысқарту үшін олардың орына төтелеп өте салғанды жөн көреді екен. Бұған қоса, қысқы балық аулауды ұнататын балықшылар көп жағдайда техникалық қауіпсіздікті сақтамайды.
Талғат Райымбек.
Дерек, сурет: ras.kz.