АСТАНА. 24 қаңтар. Қытай астанасы Пекин қаласының экологиясын бірқалыпқа түсіру үшін жергілікті билік 16,5 миллиард юань (2,6 миллиард доллар) көлемінде қаржы бөледі. Бұл туралы ТАСС ақпарат агенттігіне сілтеме жасаған egemen.kz тілшісі хабарлады.
Басшылық осыған дейін қала ішіндегі 200 мың зиянды автокөліктен арылудың жолдарын қарастырған болатын. Сонымен қатар қала төңірегіндегі 400 елді-мекеннің де экология жөніндегі мәселесінің шешім жолдарын қарастырмақ.
Айта кетейік, 2015 жылдың күз-қыс маусымдарында Пекин қаласында ауаның шектен тыс ластануына байланысты, экологияның ең жоғарғы қауіптілік деңгейі «қызыл» және «сарғылт» дәрежесіне бірнеше мәрте жеткен. Халықаралық денсаулық сақтау ұйымының бекіткен ауа құрамындағы суспензияның қауіпсіз саналатын мөлшері текшеметріне 25 микрограмды құрауы тиіс болса, Аспанасты елінің астанасында өткен жылы 900 микрограмды көрсеткішке дейін барды.
Қытай астанасы әлемдегі ең лас қалалардың бірі. Ауаның ластығы тіпті ғарыштан да көрінеді деген ақпараттар бар. Мамандар оның басты себебі, электр станциялары мен автокөліктердің шектен тыс көп болуынан деген шешім шығарды.
Аян Әбдуәли.
Дерек, сурет: ТАСС.