• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
25 Қаңтар, 2016

Солтүстік Қазақстанда инвесторлардың халықаралық кеңесі өтті

388 рет
көрсетілді

ПЕТРОПАВЛ. 25 қаңтар. Сәбит Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрында еліміздің және Ресей, Қытай, Австралия, Италия, Финляндия, тағы басқа шетелдерден келген инвесторлардың қатысуымен алқалы жиын өтіп, 6 меморандумға қол қойылды. Бұл туралы egemen тілшісі хабарлайды. Аймақ басшысы Ерік Сұлтанов өз сөзінде Қазақстанда инвестициялық саясатты оңтайлы жүзеге асырудың нәтижесінде экономикалық әріптестікті өрістету нығая түскенін, өңірде инвесторларды қолдау мақсатында кешенді шаралар атқарылып жатқанын жеткізді. Өткен жылы 154,5 миллиард теңге мөлшерінде инвестиция тартылып, өсім қарқыны жөнінен республикада бірінші орынды иеленген. Қаржыгерлер ауыл шаруашылық дақылдарын өңдеу, туризм, өнеркәсіп, табиғатты пайдалану салаларына үлкен қызығушылық танытып отыр. Облыс әкімінің орынбасары Мұхтар Манкеев өз баяндамасында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың саясатының арқасында елімізде инвестицияларды тартуға қолайлы жағдайлар тудырылғанын, жергілікті жерде жер қойнауын пайдалану мүмкіндігі зор екенін, 232 барланған кен орны бойынша 48 келісімшарт жасалғанын, түсті және сирек кездесетін металлдар бойынша да мүмкіндіктер қарастырылып жатқанын атап өтті. Қазір инвестициялық портфель шамамен 200 миллиард теңгені құрайды. 12 жоба аясында шетелдік компаниялармен келіссөздер жүргізілуде. Ынтымақтастықтың басым бағыттарының бірі Қытаймен бірлескен үш жобаны жүзеге асыру болып табылады. Мәселен, Аспан асты елінің кәсіпкерлері 2018 жылға қарай Ғабит Мүсірепов атындағы ауданда дәнді дақылдарды қалдықсыз өңдейтін зауыт салуды межелеп отыр. «Біз үшін бұл – елімізден тыс жасалып отырған алғашқы жоба. Жылына 250 мың тонна дәнді дақыл өңдемекпіз. 1200 жұмыс орны ашылады. Инвестициялар көлемі 250 миллион долларды құрайды», – дейді «Ши Лин Фу Син-Ухань» компаниясының бас директоры Чжан Ши Гань. Келелі басқосуда нвестициялар және даму вице-министрі Рахым Ошақбаев, Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Ермек Көшербаев, «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» акционерлік қоғамының басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова, «Қазақстан темір жолы» ұлттық компаниясы» акционерлік қоғамының вице-президенті Бауыржан Орынбасаров, Қазақстандағы Еуропалық қайта құру және даму банкінің жетекші банкирі Антон Дан-Чин Ю, Финляндиядан - Калвер Каппер, Австралиядан - Элисон Морли, Ресейден - Владимир Кан сөз алып, алдағы міндеттер жайлы өз ойларын ортаға салды. Кеңес біткеннен кейін шетелдік компаниялармен өзара ынтымақтастық туралы бірқатар меморандумға қол қойылды. Өмір Есқали. Дерек, сурет: egemen.kz.