ТАЛДЫҚОРҒАН. 25 қаңтар. Талдықорған қаласындағы «Нұр-Авиценум» медицина орталығында еліміз бойынша бірінші қант диабеті орталығы ашылды. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Елбасының 5 институционалдық реформасын жүзеге асыру жөніндегі «Ұлт жоспары – «100 нақты қадамның» 81 қадамында көрсетілген «жекеменшік медицинаны дамыту, медициналық мекемелерге корпоративтік басқаруды енгізуді» іске асыру мақсатындағы игі қадам болды. Онда Алматы облысы әкімінің орынбасары Бақтияр Өнербаев, С. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің ректоры Айқан Ақанов осы орталықтың барлық шығынын мемлекет көтеретіндіктен емделу тегін болатынын баса айтты.
Орталықта бір мезгілде 20 пациент ем қабылдай алады. Қазіргі кезде 14 емделуші ем қабылдауда. Олардың барлығы да – орталыққа портал арқылы келгендер. Маман-дәрігерлер аталған университетте білімдерін ұштап, тәжірибеден өтіп келетіндіктері де құлағдар етілді. Жалпы Владимир Крайсман басқаратын «Нұр-Авиаценум» медициналық орталығы өңір халқына сапалы медициналық көмек көрсете алатындығы сан мәрте дәлелденгендіктен қант диабеті орталығын ашу лайық деп бағаланғанын ерекше айта кету керек. Сонымен, игілікті шара қант диабетін емдеу жолдары, оның алдын алу, сапалы ем жасайтын дәрі-дәрмек түрлерінің таныстырылуына арналған шағын конференциямен аяқталды.
Нұрбол Әлдібаев.
Дерек: egemen.kz
Сурет: inform.kz