ҚЫЗЫЛОРДА. 25 қаңтар. Мәскеудегі «Сколково» инновациялық орталығы телекоммуникация, ғарыш және ядролық технология, биомедицина сынды заман талабына сай 50 жобаны Қазақстан нарығына әкелуге дайын. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
22-23 қаңтар күні Мәскеу қаласына жұмыс сапармен барған Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев пен «Сколково» инновация орталығы басшылығының кездесу барысында айтылды. Келісім кезінде білікті мамандар даярлау аясын кеңейту де сөз болды.
Кездесу барысында қос тарап «Байқоңыр» кешенінде телекоммуникация және ғарыш саласын дамыту бойынша бірлесіп жұмыс істеу мәселесін талқылады. Нақтылап айтқанда, сөз кіші спутниктерді ұшыру туралы болды. «Сколково» орбиталық ұшыру орталығы мен Мәскеу авиациялық институтының алғашқы спутнигі 2016 жылдың қазан айында «Байқоңыр» ғарыш айлағынан ұшырылады деп жоспарлануда.
Мәскеуліктер Қызылорда облысынан барған әріптестеріне Сколковск ғылым және технологиялар институтында жүзеге асырылып жатқан инженерлік білім берудің жаңа моделін таныстырды. Облыс әкімі Сколковск институтының магистрлік бағдарламасына қызығушылық танытты. Соңғы екі жылда Қызылорда облысының 320 жас өрені Мәскеу мен Санкт-Петербургтың инженерлік-техникалық білім беретін ошақтарында білім алып жатқандығын ескерсек, екі жақтық келісімнің пайдасы зор.
Мұнан бөлек облыс әкімі кәсіпкерлік ортаны дамыту жөніндегі экономикалық және әлеуметтік саладағы шаралар кешенін жүзеге асыру мақсатында РФ Үкіметі құрған «Стратегиялық бастамалар агенттігі» және «Ресейлік венчурлік компания» басшыларымен кездесу өткізді. Онда Ұлттық технологиялық бастамасы аясында қаржы және кадрлық даму бойынша негізгі технологиялар мен қажетті шараларды анықтау және дағдарыстық дағдылар иелерін қатыстыру механизмдерін енгізу бойынша жүйелік шешімдер қабылданады.
«WorldSkillsRussia» қорының бас директоры Р.Н.Уразовпен кездесу барысында еліміз тегін кәсіби білім беру жүйесіне көшуге байланысты кадрларды дайындау және кәсіби-техникалық білім жүйесін дамыту бойынша серіктестік мүмкіндіктері талқыланды.
Ержан Байтілес.
Дерек, сурет: egemen.kz