• RUB:
    5.16
  • USD:
    479.23
  • EUR:
    534.96
Басты сайтқа өту
26 Қаңтар, 2016

Әріп терушіден – қайраткерлікке дейін...

1313 рет
көрсетілді

Кезінде Қазақ КСР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары, Одақтық мемлекеттік мақта инспекциясының Қазақстан бойынша уәкілі, Оңтүстік Қазақстан облыстық партия комитетінің екінші хатшысы болған Мырзахан Пошановтың өткен өмір жолы бүгінгі жастарға жақсы тәрбие, үлкен мектеп. Қазақстанның көрнекті қайраткерлері Сұлтанбек Қожанов, Нұртас Оңдасынов және Дінмұхамед Қонаевпен қоян-қолтық араласып, сыйласа білген де осы кісі. Мырзахан Пошанов 1917-1919 жыл­дары Ташкент қаласындағы жетім балалар үйінде тәрбиеленеді. Сол тұста қазақ балаларына көп қам­қорлық жасаған Түркістан автономиясы басшыларының бірі және «Ақ жол» газетінің редакторлығын қоса атқарып жүрген Сұлтанбек Қожанов жас Мырзаханды газеттің әріп теруші жұмысына баулиды. Баспахананың ішінде тұруға тура келеді. Әріп тере жүріп, сауаты да ашыл­ған, араб тілін меңгерген. Досы Нұртас Оңдасыновтың да араб тілін үйренуіне ықпал жасайды. Баспахана қызметкерлері негі­зі­нен татарлар мен өзбектер еді. Мыр­захан қазақ жігітінің намысын бермеуге тырысып бақты. Сөй­тіп, сол жылдары қазақтан шық­қан ал­ғашқы әріп теруші өзі болды. Осы баспаханада Абай өлең­дерін Мырзахан бірінші болып араб әрпімен терген екен. Бұл кітап 1922 жылы ұлт қайраткері Нәзір Төреқұловтың тікелей басшы­лығымен Ташкентте басылды. Қазақ әдебиетінің туындыларын Мырзахан теріп, өлеңдердің кор­рек­ту­расын белгілі казақ ақыны Мағ­жан Жұмабаев оқиды екен. Оған қолжаз­баларды Мырзахан өзі апарып тұратын. Бір барғанда Мағжан Жұмабаев көрін­бепті, есікті Гүлсім жеңгей ашыпты. Жеңгей «үндеме» деп ымдапты. «Қазір шабыт үстінде, өлең туып жа­тыр, күте тұрыңыз» – депті. Түп­кі бөл­меден күм­бірлеген дом­быра үні келеді. Бір кезде ақын өзі шығып Мырзаханды шай-дас­тарқанға шақырып, біраз әңгімеге тартатын. 1923 жылы Ташкентте Мағжанның бір томдық өлеңдері басылды. Оған Қожанов алғысөз жазды. Қожановтың нұсқауымен Мыр­захан 1923 жылы Орта Азия мем­­лекеттік университетінің ауыл шаруа­­шылық факультетіне түседі. 1928 жыл­ға дейін жатақханаға тегін тұр­ғызып, стипендия төлеткізіп, бес жыл оқытады. Содан соң уни­вер­ситеттің аспирантурасында ғы­лыми жұмыспен айналысады. Ол кезде жерді қолдан суландыру мә­се­лесі жөнінде Сұлтанбек Қожа­нов­тың бірқатар ұсыныстары бол­ған, соны жүзеге асыру үшін тақы­рыпты қолға алды. Кейін Мырза­хан Мырзашөл өңірін игергенде осы ғылыми жұмыспен айна­лыс­қан тақырыбы көп көмегін тигізеді. Мырзаханның алғашқы атқар­ған үлкен жұмысы – Одақ­тық мем­лекеттік мақта инспек­циясының Қазақстан бойынша өкілі қызметі. Мақта тұқымын жақсартумен, шығым­дылығын арттырумен, яғни се­лек­циялық жұмыспен айна­лысты. Ол кезде Жамбыл, Қызыл­орда, Шымкент бір облыс болатын. Сол үлкен облыстың жер бөлімінде (Нұртас Оңдасыновтың ұсынуымен) ғылыми агроном қызметін де атқарды, кейінірек Жер бөлімінің бастығы қызметіне дейін көтерілді. 1932 жылы Оңтүстік Қазақ­станның Мырзашөл өңірін игеруге зор үлесін қосты. Мақта шаруа­­шылығын дамыту жолында Мырза­шөл мен Киров каналдарын қа­зу­да бірінші болып үлкен ұйым­дастырушылығын танытты. – Мен Ұлы Отан соғысы басталардан сәл-ақ бұрын Түркістан аудандық партия комитетінің хатшысы болып сайланған едім, – дер еді М.Пошанов. – Соғыс басталған күні және одан кейінгі 20 күн бойы Түркістан ауданының бүкіл елді мекендерінде, мекеме мен ұйымдарында, партия, совет және комсомол ұйымдарында митингілер ұйымдастырдық. Қараша, қазан айларында май­данға қажетті азық-түлік жинау науқанымен бірге, Түркістан жерін­де әскери құрамалар құру, оны жа­сақ­тау мәселелері жиі көте­ріл­ген. Сонымен бірге, жыл соңы­на қарай Түркістан жерінде совет елінің өзге өңірлерінен көші­ріліп әкелінген халықтарды орна­ластыруға атсалыстық. Жыл соңы­на қарай Түркістан қаласына әскери госпитальдар көшіріліп әке­лінген. Осыған орай, оларға шеф­тік көмек көрсету қолға алынды. 1943 жылы намысты Мырзахан «Соғыс қызып жатқанда менің бұлай жүргенім жараспас» деп өз еркімен майданға сұранды. Алайда, партия басшылары рұқсат бермеді. Соған қарамастан өз еркімен аттанып, Сталинград шайқасына қатысып, қиян-кескі айқаста жарақат алады. Сол үшін І дәрежелі Ұлы Отан соғысы орде­німен наградталады. Н.Оңдасынов (Қазақ ССР Минис­трлер Кабинетінің төрағасы) Оң­түс­тік Қазақстан облысына келген ке­зекті іссапарында досының май­данға кеткен хабарын естіп, қай жерде жүргенін сұратады. Госпитальда жатқанын біліп, тіке­лей нұсқауымен тылдағы жұмысқа қайтарады. Содан 1944-1945 жылдары Сайрам аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып жұмысын жалғастырды. «Бәрі майдан үшін, бәрі жеңіс үшін» деген ұранмен күндіз күл­кіден түнде ұйқыдан қалып еңбек етті. Мырзашөлді игерудегі және жалпы Қазақстанның ауыл шар­уа­­шылығы саласын дамытуға сіңір­ген еңбегі үшін 1945 жылы Орта­лық партия комитеті М.Пошановты Оңтүстік Қазақстан облыстық партия ко­ми­те­тінің екінші хатшысы етіп ұсын­ды. Жалпы, ол кездегі саясат бо­йынша бірінші хатшыны Мәскеу өзі шешетін, яғни ол орыс нәсі­лінен болу керек. Ал, барлық басқару жұмысының ауыртпалығы екінші хатшының қолында болатын. Сөйтіп, облысты сегіз жыл басқаруға тура келді. Бетпе-бет әңгімелесу барысында Мырзекең өзінің досы Н.Оңдасыновқа ұсыныс-ойларын ашық айтады. «Солтүстік Қазақ­стан мен Оңтүстік Қазақстанның экономикалық байланысы жоқ. Үкіметті басқарып отырсың, қо­лың­­да тұрғанда Мәскеуден қара­жат сұратып, теміржолмен байла­ныс­тырсаң кайтеді» деп қолқа салдым. Нұртас Дәндібайұлы Көлік министрлігіне тапсырма беріп, Шу мен Қарағанды теміржолының техникалық-экономикалық жобасын дайындатқызды. Сосын Мәскеуге, Лаврентий Берияға (сол кездегі КСРО Министрлер кеңесі төрағасының орынбасары) барып, бес күн жүріп, қолын қойдырып қайтады. Соның нәти­жесінде, Шу мен Қа­рағанды аралығындағы теміржол дәлізінің құрылысы басталады. Екі станса жалғасқан кезде Нұртас Дәндібайұлы телефон шалып, «Сенің идеяң іске асты, құттық­тай­мын, Мырзеке, тағы да идеялар болса жасырмай айт», – дегені әлі де есімде. «Иә, тағы бір идеям бар. Сыр бойының суы азайып бара жатыр. Келешекте халыққа су тапшылығы сезілетін болады, солтүстіктегі өзендерді оңтүстікке бұрсаңыздар қайтеді?» – деген ойын Мырзекең де жасырмады. Н.Оңдасынов бұл идеяны да құп көріп, оның іске асыруын өзінің орынбасары Д.Қонаевқа тапсырады, алайда, Орталық ол жобаға тосқауыл қойып, жауып тастады... Әттеген-ай, сол сулар қазіргі заманда Аралға құйылып жатса ғой, шіркін... Сонымен, М.Пошанов облысты басқарған 1946-1953 жылдары халықтың әлеуметтік жағдайы үшін аса бір ауыр кез болды. Орасан зор қиыншылықтарға қарамастан, облыс халқының әл-ауқаты бірден-бірге жақсара берді. 1947 жылғы желтоқсанда елімізде бұрыннан қолданылып келген, халықты азық-түлікпен мөлшерлі қамтамасыз ететін карточкалық жүйе Оңтүстік Қазақстан облысында бірінші болып жойылды. М.Пошановтың күш салуымен соғыс мүгедектеріне, соғыста қаза тапқандардың отбасына әлеуметтік көмек көрсетілді, жасы ұл­ғайғандарға, асыраушысы қай­тыс болғандарға және уақытша еңбекке жарамай қалғандарға зейнет­ақы тағайындалды, көп балалы және жалғыз басты аналарға жәр­дем­ақы белгіленді, шипажайлар, де­малыс үйлеріне, балалар лагерь­леріне жолдамалар берілді, кезек­тен тыс жұмыс істеуге тыйым са­лынып, ақылы демалыс алу қал­пына келтірілді, тұрғын үй салу қар­қыны арттырылды. Бірақ та соғыстан кейінгі бірін­ші бесжылдық жылдарында облыс халқының әлеуметтік жағдайы әлі де болса ауыр еді. Тұрғын үйлер жетіспеді, халықтың өнеркәсіппен азық-түлік тауарларын керек ету­шілігі толық қамтамасыз етіл­меді. Облыстағы сауда орындары жұмысты әлі нашар істеді. Халық­қа медициналық қызмет көрсетуде әлі елеулі кемшіліктер болды. 1951 жылы Қазақ КСР Минис­трлер Кеңесінің төрағасы Нұртас Оңдасынов Пошановты Ауыл шаруашылығы министрінің мақ­та шаруашылығы бойынша бірін­ші орынбасары қызметіне шақыр­тады. «Сені аз жыл ішінде минис­тр етпек ойым бар» – деп әзілдейді екен. Алайда, Нұртас Дәндібайұлы 1953 жылы Гурьев облыстық ат­қару комитетін басқаруға кеткенде, Ауыл шаруашылығы минис­тр­­­лігінің жаңа басшы­лы­ғы Мыр­зекеңе Жамбыл облыс­тық ауыл шаруашылығы басқар­масының бастығы қызметін ұсын­ды. Ол қызметті 1959 жылға дейін атқарды. Соғыста алған жара­қаттары сыр бере баста­ған соң, 1960 жылдың аяғында денсаулығына байланысты Одақтық дәрежедегі дербес зейнеткерлікке шықты. Оған Оң­түстік өңіріндегі Қапланбек мал- ­дәрігерлік техникумының директоры қызметін ұсынды. Сөйтіп, техникум-колледжді 18 жыл басқарды, сонша жыл істегенде ол кісі­­нің атына бірде-бір мін тағыл­ған жоқ. Республика басшысы Д.Қонаев «Сарыағаш» санаторийіне дема­лысқа келсе, дереу Мырзекеңді іздейді екен. Оған облыстың басшылары таңғалып отыратын деседі көз көргендер. «О-о-о, ол кісілердің (Н.Оңда­сынов, Д.Қонаев) шапағаты маған молынан түсті. Мәскеуде жүрсе де телефон шалатын, әрбір мерекелерде құттықтайтын, соған бір жасап қалатын едім», деп ағы­нан жарылатын еді Мырзекең. «Сол сыйластық сезім ұзақ өмір сүруіме жетеледі. Адамның ұзақ өмір сүруінің кілті – мейірімі мол адамдардан». Міне, еліне қалтқысыз қызмет еткен, 93 жыл өмір сүрген асыл адамның өмір жолы осындай. Ол – сан қырлы қайраткер болып, ел жүрегінде сақтала бермек. Серік ИБАДУЛЛАЕВ, еңбек ардагері. Оңтүстік Қазақстан облысы, Түркістан қаласы.
Соңғы жаңалықтар