• RUB:
    5.06
  • USD:
    508.05
  • EUR:
    534.82
Басты сайтқа өту
27 Қаңтар, 2016

Қызылордада ана мен балаға арналған оңалту орны ашылды

318 рет
көрсетілді

ҚЫЗЫЛОРДА. 27 қаңтар. Қызылордада «Ана мен бала» орталығының жанынан оңалту орны ашылды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасаған egemen.kz хабарлады. Мұндай орталық республикада бірінші болып Қызылорда облысында іске қосылып отыр. Қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған 30 төсектік оңалту орталығын іске қосу үшін облыстық бюджеттен 38 млн. теңге жұмсалған. Дәрігерлер осындай бөлімшенің ашылуы жаңа босанған аналардың денсаулығын ұдайы бақылап, оларға тиісті медициналық көмек көрсету үшін, әсіресе ана мен бала денсаулығын жақсартуда септігі мол дейді. Ана мен бала орталығының тағы бір жетістігі жақында медициналық-генетикалық бөлімше ашылды. Енді дәрігерлер соңғы үлгідегі құрал-жабдықтардың көмегі арқылы ерте мерзімінде, яғни нәресте туылмай тұрып оның денсаулығын тексере алады. Демек, дені сау ұрпақты дүниеге алып келуі үшін жүкті әйелдерге дер кезінде бағыт-бағдар беріп отырады. Медициналық тілмен айтқанда жүкті әйелдерді генетикалық скринингтік тексеруден өткізуге мүмкіндік алды. Бұл орталықта Израиль мемлекетіне барып, біліктілігін арттырып келген мамандар жұмыс істейді. Жаңа технологиялардың арқасында дәрігерлердің де жұмысы біршама жеңілдеген. Қазір облыстық ана мен бала орталығында аймақтың барлық елдімекендеріндегі жүкті әйелдердің жағдайына қатысты мониторинг жүргізіп отыруға мүмкіндік туды. Орталықтандырылған бұл жүйе арқылы денсаулығында ақауы бар немесе жүктілік кезеңі ауыр өтіп жатқан әйелдер үнемі мамандардың бақылауында болады деген сөз. Бүгін орталықтың жұмысымен танысу үшін арнайы барған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қандай жағдай болмасын ана мен бала денсаулығы үшін барлық қолдау көрсетілетіндігін айтты. Ержан Байтілес. Дерек, сурет: egemen.kz