АТЫРАУ. 27 қаңтар. Өткен жылдың аяғында Елбасы Жарлығымен Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанған бір топ мұнайшыға Атырау облысының құрметті азаматы атағы берілді. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады.
Атырау облыстық мәслихатының депутаттары 18 қаңтарда кезектен тыс өткізілген ХХХІХ сессияда Мемлекеттік сыйлықтың иегерлері Орал Ақшолақов, Қуандық Балтабеков және Құрманғазы Есқазиевке (суретте) «Атырау облысының құрметті азаматы» атағын беру жөніндегі ұсынысқа қолдау білдірді. Өйткені, бұл мұнайшылар еліміздің мұнай-газ өнеркәсібі саласының өркендеуіне, сондай-ақ, Атырау облысының дамуына да лайықты үлестерін қосқан. Былтыр бұл мұнайшылар «Қазақстан Республикасының көмірсутегі әлеуетін ғылыми негіздеу» тақырыбындағы ұжымдық жұмысы үшін ғылым мен техника саласындағы әл-Фараби атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанған болатын.
Қазақ мұнайының алғашқы тамшысы алынған қазыналы облыстың құрметті азаматы атанған мұнайшының бәрі де Атыраудағы мұнай-газ өнеркәсібінде еңбек етіп, толымды тәжірибе жинаған. Соның бірі Құрманғазы Есқазиев қазақ мұнайының қарашаңырағы – «Ембімұнайгаз» акционерлік қоғамын басқарып, қазір «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамына жетекшілік етеді.
Жолдасбек Шөпеғұл.
Дерек, сурет: egemen.kz.